Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  416


Автор: Фариза Оңғарсынова

Күйеуіне ашуланған әйел

Не деген оңбаған ең!
Мен ашудан булығып зора келем.
Өзің, өзің осындай бола тұрып,
не мейірім күтесің сонда менен?
Алса деуші ем барша жұрт сенен үлгі,
білсемші мен мұнша азап шегерімді...
Қыңырайып қисайсаң сен, əйтеуір,
жасатасың қалайда дегеніңді.
Шыңыраудай шаң басқан елсіздегі
жанарымды қайғының жеңсін желі.
Енді сені көрмеймін, бітті. Болды.
өле қалар деп пе едің сенсіз мені?
Сүйіп тұрып, азап қой күрсінсе кім!
Біле тұра мендегі шыншыл сенім
жараланып қаларын сəл нəрседен –
бүйткен қыңыр мінезің құрсын сенің!
Мені осыншама батырып құса-мұңға,
сен де қатал жандарға ұқсадың ба...
Кіріп келсең, əйтеуір, оңдырмаймын!
Қалмасам тек тұншығып... құшағыңда!
* * *
Сен мені күтпе ешқашан. Алаңдама.
өзіңді айыптама, жамандама.
Жүрегің мен деп соқса,
басу үшін
бəрін де маған жама.
Мен соның барлығын да көтеремін.
Сені əзір аймаласын бөтен ерін,
бəрібір саған титтей тыным бермей,
ішіңді күйдіреді от өлеңім.
Сен мені басқаларға қорлап ем де,
тыншырмын көңіл қалып сонда мен де.
Мені ойлап жараланған жүрегіңді,
білсең де жазылмасын, зорлап емде!
Өзіңді, өзгені де алда солай
(көмілсін менде ертерек шаңға самай),
қаншама жанталасып тырысқанмен,
жүрегің мені аңсаудан қан-жосадай.
Мен жайлы мұңайма сен дара қалып
(əлі ұзақ қайғы болам саған анық!).
Ұқ бірақ: бірімізге атқан оқтан
қаламыз екеуіміз де жараланып.
* * *
Нұр төгіп самала күн,
алау түске боялып бар алабым,
жұмақ орнап қалғандай жерде бүгін,
əн салып тұр дүние – қара, жаным!
Аспанда бұлт арылып,
көгершінмен қосыла шырқады үміт.
Күлкі мен əн. Айнала шат-шадыман,
бара жатыр асығыс жұрт ағылып.
Жанында жас ұланы,
жанарынан нұр ұшқын шашылады
бақытты əке. Ана шат.
Қуаныштан
теңіз-өмір тұрғандай тасығалы.
Елімнің таңғы шағы
аялайды, жаныңды əн құшады.
Көк төсіне армандай шарықтайды
сəбилердің ұшырған сəнді шары.
Шақырып бақтар арбай,
мұңдануға адамдар сəт таба алмай,
ғашықтар да жер баспай бара жатыр
дүниені бақыт-сел қаптағандай.
Күлкі мен əн ұласып,
жер жасарып, адамдай жаны ғашық,
сен жанымда жүргенде, кең дүние
жатады ылғи осылай жамырасып!
* * *
Əлем деген немене?
Қанды қанмен қайтарған қылыш кегі,
қайғы оранып біреудің мұң ішкені,
ғашықтардың бақыттан мас болғаны,
анасы мен сəбидің күліскені.
Əлем – дауыл, ақ жаңбыр, асау өзен,
туған жердің көгорай пүліш белі,
жүрегі алау жандардың ұлы істері.
Əлем деген – Аспан, Жер, Күн мен түндер,
сан тағдырлы өмірдің тыныс-демі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу