Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  159


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тарихпен тілдесу

Заманым, саған ырзамын:
көкірегімді менің көтерген шырқау көктерге,
шуақ күндерім шұғыласын маған төккенде,
күміс үн, күмбір күйлерге толы көңілімде
сайрамай қалар жоқ перне.
Шұғыла таңдардың сəскелігіне шырқап кеттім мен
бір қарап алып өткенге,
(өткенсіз өмір көктер ме?!)
Кешегі күндердің қасіретін білмей, қадірін ұлы бүгіннің
сезіне алар ма от кеуде!..
Мен өзімді білмеуші ем
(қапас заманғы қалыс ойлардың кесірі!),
бұйығы өмір боп несібім,
ғасырлар бойы күн кешіп едім сағалап жаттың есігін,
өзіме əсте бұйырмағандай жазира дала-бесігім.
Ей, салауатты ұрпақтар!
Сол үшін маған кешірім!
Осынау əділет сəттерді
(сараң тірліктің күңкілдерінен қағажу көріп жөргекте)
армандап едім мен көптен.
ұлы ойлар, ұлы күрес туғызған перзенті сынды
өмірдің
міне, сол заман, сол көктем.
Менің де атымды тарихқа паш қып жаздырды
алтын əріпті өрнекпен.
Менің өмірбаяным –
(басталған деп жүр бағзы біреулер жабайы тірлік пен
бақ-малдан
мен бұған əсте ызаланбасам, мақтанбан)
ғұламалардың ғұмырлы ойлары өрнектеп кеткен
бастаулар
тарихтың тылсым тасаларында қатталған.
Жесір мінезді өмірдің дүлей дауылдарына көміліп,
құрып кетуге шақ қалған.
Бұл күнде менің
терезем де тең, байлық та менде, бақ менде,
атым да мəшһүр жат жерге.
Қолым да жетті талғампаз тарих алдында
өзімді танытар сəттерге.
Өткенімді бірақ ұмытпан
көне заманнан басталған,
бабаларымның шерлі көңілін жебеген сонда жақсы
арман:
«елдігімді менің, ерлігімді менің паш ету үшін дүниеге
күресіп өтуден жасқанбан!»
Сан ұрпақтардың осынау арманы – қасиетті заңдай жатталып,
жазылмай жеткен дастандар.
Менің өмірбаяным –
күңіренген күй мен армандай шырқау əндерімдегі асқақ
үн,
дала көңіл мен ақ дастарханымдағы ас дəмім.
Жаугер жұрттарды сойыл-шоқпардың астына ап,
жаһаннамға қуып тастадым.
Жиһан даланың сай-салаларын сағалап
өскендіктен бе – қосылмай келген бастарым
(осыдан талай ақсадым).
Менің өмірбаяным –
шежірелерде ашылмай жатқан шаң басып,
ақ сезімімен алаулап өткен Қозы Көрпештей сан ғашық.
Дауыл екпіні тасыған бойда Махамбеттердің ерлігі
революциямен жалғасып.
Басымды иемін ұлы ғасырға өзімді маған, өзгелерге де
танытқан,
күш-қуатыма арна ашып.
Менің алапат дəуірім!
(қиналған шағым, қынжылған шағым таба алмай теңеу
мықты, артық)
өзіңнен асқан ұлылық дегенді ұқпан түк!
Жасқанбай бүгін жырлармен шығам кінəмшіл əлем
алдына,
тыңдайды сонда жұрт балқып.
Сен берген қиял-қанатпен шырқап ғарыш дегенге
самғаймын
Байқоңырымнан тік тартып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу