Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  127


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Аяқталмайтын ән

Туған елін әнмен тербеп төгілген,
Кең даладай таза, адал көңілмен.
Күліп-ойнап, күйіп-жанып, мұңайып,
Шәмші де өтті мына думан өмірден.
Іздегендер енді қайтып таба ма?
Бағаласаң, тірі кезде бағала!
Өмір ― өзен мың құбылып ағады,
Бір төмпешік тастай салып жағаға.
Замандасы Шәмшінің таңқария,
Ұлықтайды бар шаңырақ,жанұя.
Арнасында асып-тасып, бұрқанып,
Шәмші деген ағады Ән-дария
Көкірегіне тұрғандай-ақ сыр түйіп,
Асқақтаған сұлу сазды-жыр құйып.
Шымкентте «Шәмші әлемі» ― шарықтап,
Саябақта ескерткіші тұр биік.
Уа, Шәке, ардақты едің, сүйікті ең,
Қалай кеттің дүниені қиып кең! ..
Кеше өртеген қиянат пен күйіктен,
Пенделікке қарайды енді биіктен.
Кінәлілер төлемейді айыппұл,
Айтатындай жағадағы қайық сыр.
Өмір бойы көре алмаған бір кісі,
Ескерткішке гүлін әкеп қойып тұр.
Асау теңіз құралады тамшыдан,
Алып шөлдің өз әні бар, ол ― шыдам!
Халқыменен мәңгі жасай береді,
Заманалар ырғағымен Шәмші-Ән!
Жомарт қолды тек жоқшылық матайды,
Ауылда өсті, қабырғасы қатайды.
Отырарда Қарақоңыр ауылын,
Ұлы сазгер «Шәмші ауылы» атайды.
Сүйер болсаң, осылай сүй еліңді,
Рухани серік еткен сенімді.
«Қазақстан комсомолы сыйлығы»,
«Халық әртісі» атағы да берілді.
Қилы-қилы өмірдің сан жолдары,
Әруақ демеп, халық оны қолдады.
Халықаралық «Шарапат» қор құрылып,
Шығып жатыр «Шәмші» атты журналы.
Өтер уақыт, аппақ таңдар арайлар,
Жылжыр жылдар, ғасырлар да қарайлар.
Қызмет етер филармония, мектептер,
Шәмші аталған алаңдар мен сарайлар.
Самаладай тұрған есіп даладан,
Әнге құмар халқы оны қалаған.
Әбүйірбек, Ержан, сазгер Қалдыбек,
Сағынышты серпілтті ғой «Ән ағаң».
Сазгер аты бәрінен де ардақты,
Замананы әніменен толғапты.
Қарабура әулиенің Созақта,
Мазарына құлпытасын орнатты.
Шәмші кетті, бірақ ізі өшпеді,
Керуен екен өмір атты көштегі.
Әулиеде арнап өлең оқыды,
Айтулы ақын Бөрғазының Өскені.
Жалын да боп, от та болып жасын да,
Бағаласаң алтының да асыл да.
Әсем саздар әуеніне бөленіп,
Әнге айналып кеткен адам ғасырда.
Аты аңызға айналыпты кешегі ер,
Күндер өтіп, сағынышты еселер.
Ұйықтамайды қалаларда тынымсыз,
Шәмші атанған даңғылдар мен көшелер.
Бұл өмірде болмағандар болады,
Ән-дария асып-тасып ағады.
Бола берсін марапаттар, мақтаулар,
Шәмші есімі бәрінен де жоғары.
Әр заманның өзге болар шешімі,
Әлдилеген әсем әннің бесігі.
Туған елдің тарихына жазылған,
Мәңгі өшпейді Қалдаяқов есімі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу