Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  195


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Менің Қазақстаным» әні ― Әнұран

Кәусар күндер шаттық алып шық алдан,
Не сұрапыл, сойқандарда сыналған.
Атпай-шаппай бостандықтың таңы атып,
Орындалды халқым күткен ұлы арман.
Артта қалып өткен күндер бұрынғы,
Бақ қарады, қыдыр бері бұрылды.
Туын тігіп, елтаңбасын бекітіп,
Қазақстан мемлекеті құрылды.
Нық сеніммен халқын алға бастаған,
Ел көгінде тербеледі асқақ ән.
Өзімдікі өгей болған дүние,
Арайланып атқан бүгін басқа таң.
Туған жерім, асқар тауым,өзенім,
Бабалардың маған қалған көзі едің.
Мен өзімді еркіндікте сезінем,
Әлдилеген алтын бесік-өз елім.
Бодандықта күн кешірген ұдайы,
Туды бүгін азаттықтың күн, айы.
Ақбоз шалып, әруағына сиынып,
Барша жұртқа беріп жатыр құдайы.
Сүйіншіле, тақияңды аспанға ат,
Шырқа, шаттан, дабылдат та дастандат!
Ал ағайын, дүбірлетіп жаса той,
Бұдан артық болар ма екен асқан бақ.
Төрткүл дүние тұрғандай-ақ елжіреп,
Зеңгір көктің жұлдыздары мөлдіреп.
Шат-шадыман, думан тойда шырқайды,
«Менің Қазақстанымды» әр жүрек.
Шындықты айтып, білем деген ер шеттеп,
Жуан білек үстемдігін көрсетпек.
Әнұран боп шыққан бұл ән, Орталық
Қазақ жерін жатқан кезде бөлшектеп.
Рухани қаруым деп таныған,
Әнді айтып, сыннан өткен сан ұлан.
Бодандықтың бұғауында бұлқынған,
Желтоқсанға болған асқақ Әнұран.
Ал қазағым, көрсет енді күшіңді,
Өзгергендей ел құлшынды, түсінді.
«Қайнар» баспасының үлкен ұжымы,
Шәмші әнін Әнұранға ұсынды.
Ұсынады, бүкіл халық қолдаған,
Қызғаншақтың көңілі бірақ толмаған.
– Лирикалық ән екен,- деп кінәлап,
Мемлекеттік сарапшылар алмаған.
Жылдар жылжып, ай артынан ай өтіп,
Құнарлы да құнды сөзге бай етіп.
Тың өлеңмен толықтырды Елбасы,
Бүгінгі уақыт талабына сай етіп.
«Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы.
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой...»
Сырлы саз бен өлең сөздің пірі екен,
Мақтан тұтып, өздеріңді жыр етем.
Шәмші әні ― Әнұраны елімнің,
Қабіріңде бір аунап түс, Жұмекен!
«Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің, Қазақстаным!»
Әнұранға жоқ теңерлік балама,
Айтады оны қария да, бала да.
Айтады оны шопан, диқан, құрылысшы,
Егін егіп, қойын баққан далада.
Сапар шеккен шексіз, шетсіз алысқа,
Айтады оны теңізде де ғарышта.
Қазағымның жан азығы - Әнұран,
Әнұранмен болашаққа қарышта!
Әнұраным – тіршілігім, тынысым,
Бақ-берекем, тасқындаған ырысым.
Сеніменен ұясына күн батып,
Сеніменен басталады ұлы ісім.
Дала төсін буған сары сағымдар,
Алда менің ататұғын таңым бар.
Аласұрған асау теңіз-ағындар,
Буырқанып, бұйраланып ағыңдар!
Күл орнына гүл егілген көктемдер,
Күлімдеген күндей нұрлы көркемдер.
Кемел дүние, өрістеніп өркендер,
Маған қарай асығыңдар, ертеңдер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу