Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  100


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Ажалға алпыс күн қалғанда

Көктем де өтіп, келе жатыр жаз шығып,
Жиі-жиі жанарына жас тұнып.
Бауыр ауру әсер етіп жүрекке,
Бірте-бірте бара жатыр асқынып.
Ажалына жолықпаған жоқ пенде,
Ойға алды, көз жіберіп өткенге.
Жылап қалды қанша мықты болса да,
Раушаны ыстық жасын төккенде.
Адам ― қонақ, қайда барып кідірмек,
Көз ілмейді дүние шіркін дүбірлеп.
− Жазыласыз,-дейді емдеуші дәрігер,
− Е, Аллам,-дейді Шәмші күбірлеп.
Осы болар,-деп,- дүние жалғаны,
Кім біледі, түсті ме ажал қармағы?
Құбылаға басын беріп, сиынып,
Ауызынан тастамайды Алланы.
Жаттап өскен дұғаларды жасында,
Алла десе, бөленіп нұр-асылға.
«Әшһадуана ләилаһа иллалаһу,
Әшһадуана Мұхаммед расулла!»
Оралады тіліне тек кәлима,
Кәлимадан,-дейді іштей,-жаңылма!
Бара алмадым Алла өзің кеше гөр,
Алыс емес Мекке менен Мәдина.
Таусылады-ау, ақ таңдар да мына атқан,
Бәрі уақытша көңіліңді жұбатқан.
Пақырыңды тозағыңа жолатпай,
Пендем десең, орнымды бер жұмақтан.
Жалған екен бұл дүние қараса,
Алпыс жылың алты адымдай санаса.
«Ләйлаһа иллаллаһуды» айтып,
Қалған еді бір уаққа оңаша.
Тұратұғын кедергі жоқ көлденең,
«Осы атақты бұрын неге бермеген?»
Оразбектің сыртта дауысы естілді,
Біреулерге қапалана сөйлеген.
Арқасынан алғандай-ақ бар жүкті,
Үні шықпай, дауысы бір сәт қарлықты.
Оразбегі алып келген газеттен,
Оқып берді жаңа шыққан жарлықты.
Аяғыма тұрып кетсем қайта бір,
Сұрағанға дей салады «жай, тәуір».
«Қазақстан халық әртісі» атағын,
Жүріп-жүріп беріпті ғой әйтеуір.
Ауру дендеп, жіңішкерткен жуанды,
Шәмші үнсіз күлімсіреп, қуанды.
Демеуменен көтеріліп отырып,
Көзге жас ап, сосын қайта жұбанды.
Шәке, енді көңіліңді демдедің,
Атақ алып жатқандардан кем бе едің?
Ертеректе берсе білмей қалды ма,
– Бас тарт,-деді,-бұл атақтан енді өзің.
– Оралмай-ақ қой Оразбек өткенге,
Бұл өңірде ән шығарған тек мен бе?
Орындалды бір тілегі халқымның,
Ризамын мен осы күнге жеткенге.
Іздеп жүріп, бір ынтызар сезіммен,
Жас өркендер ғибрат алар сөзіңнен.
Ойшыл ақын Сұлтанмахмұд айтқандай,
«Жақсы менен жаман болу өзімнен».
Бақ-береке тер төгетін бейнетте,
Тым орынсыз айтыппыз-ау кейде өкпе.
Өмірімде сындырғам жоқ шөп басын,
Мені қалай шығарасың зейнетке?
Дабыл салып, жаңғырса да жер мен көк,
Мен шерінің ойын әсте бөлген жоқ.
«Біржан сал мен Ақан сері болам» деп,
Еш жерде де жұмыс істеп көргем жоқ.
Біреу даттап, біреу сені мақтайды,
Қатерінен Құдай өзі сақтайды.
Білесің ғой, өкіметтің заңы бар,
Алты ай жұмыс істемесең соттайды.
Басу таппай бойымдағы өртіме,
Жанымдағы дерт қосылды дертіме.
Өкіметке рахмет айт қайталап,
Алшаңдатып қоя берген еркіме.
Оразбекжан, білем көңілің толмады,
Саулық болса, айтар сөздер алда әлі.
Шылауда боп ғайып ерен, қырық шілтен,
Жарылқасын Шашты Әзіздің әруағы.
Осы күнді қанша күтіп сарғайды,
Көрдің бе, Ораз, әруақ бізді қолдайды.
− Ал бата бер, Шәке?-деді көпшілік,
Жүзінде нұр, пейілденіп қол жайды.
...Түркістанда Түмен баб,
Сайрамда бар сансыз баб,
Сіздерден медет тіледім.
Отырарда отыз баб.
Бабалардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені – Арыстан баб,
Сіздерден медет тіледім.
Әумин!
Жатыр еді әл үстінде күйзеліп,
Бір қуаныш жетті әйтеуір үлгеріп.
− Е, Алла, мұныңа да шүкір,-деп,
Көзін жұмды ризашылық күйге еніп.
Өмір ― дауыл, тұрған соғып отағын,
Ойлап көрсе, сиретіпті қатарын.
Өмір бойы күтуменен шаршаған,
Алпыс-ақ күн иеленді атағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу