Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  323


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Отырардағы той

Желпи соғып ерке жібек самалы,
Буып алған сары сағым даланы.
Дала жолы жағалап кеп Арысты,
Қызылқұмға дендей сіңіп барады.
Білмейді екен түптеп бізді осылар,
Отырарда туғандардың оты бар.
− Әне, - деді кенет Шәмші қуанып,
Туған жерім Шәуілдірім ― Отырар!
Оралмастан кеткен екен көп уақыт,
Дүниеде туған жерсіз жоқ бақыт.
Мақтанышпен бастап кетті әңгіме,
Машинаны бір биікке тоқтатып.
Жерұйығы осы өңір – жәннаттар,
Жердің алуан жағдайына қарап бар.
Отырарға «Фараб» деген ат берген,
Саудагер мен саяхатшы арабтар.
Қанша заман жау жасағы торыды,
Бүгін жатыр күлге айналған орыны.
Таптап өткен он екінші ғасырда,
Шыңғысханның қанды қырғын жорығы.
Ұша алмаған аспандағы құсың да,
Тірлік кешкен қылыш, найза ұшында,
Парсы патша Кир шабуыл жасапты,
Әйел патша Томиристің тұсында.
Асқан айла тауып білгір жас перің,
Алатындай жоспар жасап өш-кегін.
Қызылқұмға қамап сонда Томирис,
Қырып сапты Кирдің барлық әскерін.
Басын шауып, қанды қапқа салыпты,
Сөйтіп кегін дұшпанынан алыпты.
Сақ бабадан шыққан патша сол әйел,
Әділдікпен басқарыпты халықты.
Шындықты айтып, туың талай жығылған.
Шежірелі қаптың аузы буылған.
Қорқыт, дана Әл-Фараби туған жер ...
Сосын Шәмші Қалдаяқов туылған.
Десті шулап: - Жан бар сенің сөзіңде,
Бір көшені атап қойдық әзірге ...
Шәмші бүгін ерекше бір көңілді,
Сосын күлді жарасымды әзілге.
Анау тұрған көне Отырар, Шәуілдір.
Шәуілдір де өзінше үлкен ауыл бір,
Ғашық болып Шәміл менен Дүрия,
Содан барып аталыпты Шәмілдүр.
Жөнсіздіктен жүрек кейде шаншиды.
Қарап тұрсаң өмір жолы сан қилы.
Шәуілдірде жеті «Құрметті азамат»,
Сегізінші Қалдаяқтың Жәмшиді.
Шәмші сенің жол ашылған бағыңа,-
Деп достары мәз болысты жабыла.
«Шәуілдірдің азаматы құрметті»,
Сосын, сосын, айта берші тағы да.
Еткен еңбек қалмақ емес тысқары,
Болады екен айтылатын тұстары.
− Оны әперген Оразбек,-деп масайрап,
Жанындағы досын күліп нұсқады.
Әңгімеге араласты Сабырхан,
Іздегенде дос қасынан табылған,
Шәмші өзі бір ай бұрын шақыртқан,
Жол тосумен көп көрмесе сағынған.
Тағы айтайын, қамтып оңы-солын да,
Жарты әлем тұрсадағы қолында.
Ақсақ Темір Отырарда көз жұмған,
Үндістанға бара жатқан жолында.
Кезінде бір ұлы адамнан бата алған,
Ақсақ Темір болған дейді қатал жан.
«Темір өлген төбе», «Темір», «Темірлан»,
Қолбасшының есімімен аталған.
Туған жерге жетті ұлы асыға,
Сағынышты сезімді ішке жасыра.
Арыстан баб әулиеге дұға оқып,
Шықты Шәмші «Отырардың» басына.
Тақ тұрады жұрты Шәмші дегенде,
Той болғалы жатыр анау төменде.
Қалған дала Фарабиден,Темірден,
Қалар ертең,-деп ойланды,- менен де.
Жатқа айтып шумақ-шумақ өлеңді.
Туған елде жан шуағы мол енді.
Шашуын ап, туған ауылы күтіп тұр,
Ыстық құшақ, қызыл гүлге бөленді.
Жүруші еді айта алмастан жасқанып,
Кезі келді, дұшпан күйіп, дос танып.
Алпыс жасқа Шәмші келген мерейтой,
Отырарда кетті қызу басталып.
Артта қалды күдік, уайым,елес күн,
Шыққандай бір биігіне белестің.
Үлкен тойды басқарып жүр Мұхаммед,
Шәуілдірде төрағасы Кеңестің.
Түскендей-ақ барлық ісі қалыпқа.
Көгершіндер зеңгір көкте шарықта!
Ән тербейді Отырардың аспанын,
Есеп жоқтай тойға ағылған халықта.
Даладағы желмен жүйрік жарысқан.
Тізгін бермей ауыздықпен алысқан.
Сәйгүліктер жұлдыздарша ағады,
Бәйге қызды, көзді тартып алыстан.
Асық жұртым, қызықтан құр қалмаңдар!
Шықты ортаға небір түйе палуандар.
Көкпар тартып, қыз қуу да жарасты,
Дейді қарттар: - Шәмшіде не арман бар!
Небір шешен жүрекжарды шешілді.
Жылы сөздер жібек желдей есілді.
«Отырардағы той» атты жаңа әннің,
Тұсауы да осы тойда кесілді.
«Той басталды, Отырарда,
Сұлу Сырдың бойында.
Кеудесінде оты жанған,
Қызылқұмның қойнында.
Аңыздарда аты қалған,
Талай ақын толғаған.
Осындай той Отырарда,
Бұрынсоңды болмаған...»
Ауылда ән қалықтайды, думан жыр,
Осылайша сабылдырып, сағындыр.
Ұлың жетті ат сабылтып алыстан,
Шырқа, шырқа, атамекен Шәуілдір!
«Туған елім, ей!
Өскен жерім, асқар белім,
Сенсің әнім менің,
Сәнім менің...»
Әсем әуен құбылады төгіліп,
Сері көңіл серпіледі желігіп.
Қуанышы кеуде керген Шәмшінің,
Жан жүйесі кетті бір сәт егіліп.
Барлық құрмет жатыр бүгін жасалып,
Кеткендей ме, пәс көңілі жасарып.
Басы айналып құрметіне елінің,
Жылап қалды көзіне ыстық жас алып.
Жазғы аспанды сазға бөлеп ұзақ бір,
Тербеледі назды әуен, құлақ түр!
Анаң қара, жас балаша егіліп,
Ұлы сазгер шынымен-ақ жылап тұр.
Бақытты ғой, енді қайтсін жыламай,
Бәріне де төзіп баққан шыдамы-ай!
Дарын беріп, талант беріп бойына,
Қиындықпен қинап қойған, Құдай-ай!
Осылайша ағытылды әңгіме,
«Отырардағы той» қалды мәңгіге.
Тарқар емес ұлы тойы сазгердің,
Атып келе жатты арайлы таң күле.
Сол қалпында жатыр дала, дүлдүл дөң,
Ұшып келе жатты алаулап күн күлген.
Ең алғашқы үлкен тойы болғанмен,
Ен соңғы той болғандығын кім білген ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу