Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  123


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Шәмші және Манап

Кеудедегі бүршік атып бір үміт,
Бауырының сыздағаны білініп.
Аурухана төсегінде Шәмшінің
Кенет шаршап, көзі кеткен ілініп.
Айналдырса сырқат өнбес ісің де,
Адам нәзік, жетпей қалар күшің де.
Үлкен кісі ақ киініп, нұрланып,
Манап келіп «тұр-тұрлап» тұр түсінде.
Аппақ нұр ма, әлде өзінің түсі ақ па?
Манап бірден алды мұны құшаққа.
Шәмші кенет көңілі босап жылайды,
– Нағашеке, түстім ғой,-деп,- пышаққа,
Осалдыққа бой алдырса кім егер,
Сол аурушаң болар, оны біле бер!
«Ауырып тұрдың, аунап тұрдың»-деген бар,
Қане Шәмші, орыныңнан түрегел.
Содан тұрып кең аспанға ұшыпты...
Бастырылып қалып тұрса, түсі ұқты.
Төсегінде су-су болып малшынып,
Қысылғаннан қара терге түсіпті.
Ұрысса да Жәмиласы «көрін» деп,
Дәрігердің алған емес емін көп.
Көтерілмей тұрушы еді еңсесі,
Қалған екен денесі бір жеңілдеп.
Ақындықтың халық берген бағасын,
Сыйластығы тауып жатар жарасым.
– Төре, қожа-ақсүйектер,-деп Шәмші,
Манап Көкеновты дейтін нағашым.
Сөзге іліп ауруды да, сауды да,
Айтылады әңгімелер даурыға.
Ауруханадан айығып шыға сап,
Нағашысын іздеп келді ауылына.
Бұрыннан бар өзгермейтін жүйенің,
Ел біледі қарыс пенен сүйемін.
Қарсы алды құшақ жая қарт Манап,
Нағашым деп іздеп келген жиенін.
Алдын ала болжап білер жолды кім?
Сәті түсіп, болды өзі оңды күн.
Нағашысы ат шаптырды маңайға,
– Немересі келіпті,-деп,-Домбының.
Талғампаз жұрт жақсы әнді таңдайды,
Жақсы әуен өміріңді жалғайды.
Дастарханда пікірталас туындап,
Болды әңгіме өлең жайлы, ән жайлы.
Ән тербетіп сай-саланы, қырқаны,
Жетпей қалды жаздың қысқа бір таңы.
Кездесулер жасап ауыл жастары,
Шалқыта бір Шәмші әндерін шырқады.
Қоңыр кеште сыр сұлуы сылаңдап,
Қамыс сыңсып, тұрғандай-ақ сыр аңдап.
Бұйра толқын жар қабақты соққылап,
Сыр ағады, жағасында бір ән қап.
Бұл өңірге түсе бермес жол енді,
Манап ақын төгіп берді өлеңді.
Шиеліде ән боп есіп қоңыр жел,
Апта бойы аймақ сазға бөленді.
Сөйтіп Шәмші іздей келіп қол алды,
Дәм-тұз тартса, таусылмайтын жол алды.
Нағашының алып жақсы батасын,
Шәмші ауылына көңілденіп оралды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу