Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  152


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Оразбектің сұхбаты

– Шәке, өзіңмен бірге жүріп келемін,
Шынашақтай неткен өзің кең едің.
Ренжімей-ақ сұрағыма жауап бер,
Сен жайында кітап жазсам деп едім.
Өткен күннен қалу керек бір белгі,
Көп кісілер сенімге еніп үлгерді.
Құрметтейтін өзің Шәке, ерекше,
Ұстаздардан атар едің кімдерді?
– Ұстаздарға жақсы оқумен ұнадық,
Жеңісіміз болса бірге қуанып.
Великанов класында оқыдым,
Дәріс берді Коральский, Жұбанов.
О, керемет әнге деген құмары,
Өмір сырын тереңінен ұғады.
Латиф Хамиди ағайым сүйікті,
Әндерімді түгел тыңдап шығады.
Алаңдатқан студенттің ертеңі,
Әр сабақта шежіре сыр шертеді.
Өмірінде шыншыл, адал, ақ көңіл,
Маған ұстаз міне, осы төртеуі.
Әндеріңе айтылған-ды талай сын,
Кейбір кезде өзіңді ақын санайсың.
Өлеңдерге сын айтып та жүресің,
Ақындыққа Шәке, қалай қарайсың?
Бала кезден қиссаларды жатқа алдық,
«Жақсы оқиды кітапты» деп мақталдық.
Сөйтіп жүріп, ауылда ақын атанып,
Қыздарға арнап өлеңдетіп хат жаздық.
Өлең шіркін қиын мінез танытты,
Тастап кеттім, бұдан «ақын» жалықты.
Іздеп барсам бірде үйіне Мұхтарды,
Қызылқұмға айтпай кетіп қалыпты.
Шабыттанып, содан қайта бастадым,
Ой салмақтап, асықпадым, саспадым.
Тілге жеңіл ақ өлеңмен былайша,
Екі шумақ өлең жазып тастадым.
«Мұхтар, осы шынымен бұзылдың ба,
Әйтпесе, неге кеттің Қызылқұмға?
Сегізінші март мейрамы қарсаңында
Бір емес, қыздың таптың жүзін мұнда.
Кетпегін Қызылқұмның сайында ағып,
Қалмағын Шәуілдірде қайындалып.
Біреуді ертіп келсең, өзің білгін,
Бұл жақта біз отырмыз дайындалып.»
Ақындықтың үдесінен шыға алмай,
Өлеңге арқау өмір сырын ұға алмай.
Отағасы болған шақта ақтарып,
Ақ жарыма өлең айттым мынандай.
«Жігіт күнде қыз еді мақалымыз,
Шығып кетті бұл күнде сақалымыз.
Қырқасынан қырықтық асқаннан соң
Қыз қалып, қатын болды қатарымыз.
Құдай басқа салған соң амал бар ма,
Жақсы қыздар кетті ғой жамандарға.
Ата-бабам үш-төрттен қатын алған,
Қайтып келер дәл сондай заман бар ма?»
Ақ өлеңге керегі көп талғамның,
Айтысыңа машық болып қалғанмын.
Бір қонақта шәй үстінде отырып,
Мына өлеңді жай шығара салғанмын.
Жағасы едің сен менің жемпірімнің,
Қыз келсе, жігіт ― пұшық елтірінің.
Қыздар-ау, қастарыңа жақын қондық,
Сұрар деп хал-жағдайын кемпірімнің».
Алпысыншы жыл шамасы, ойласақ,
Шоқан жерін араладық, қол босап.
Келе жатсақ Алтынемелден асып,
Қойшы ауыл жатыр екен той жасап.
Думан тойдың қызығына бөленген,
Кеш жатты ауыл ән мен жырға кенелген.
Келіншектер сылдыраған шашбауы,
Таңғы шәйға оятып тұр өлеңмен.
Кемел шақтың бойда тасып өнері,
Бір келіншек төгілдіре жөнелді.
Жұлып алдым жастығымнан басымды,
Мына менің іздегенім сол еді.
Келіншек: Болсаң да кетпен шапқан күніменен
Дауысымның оянарсың үніменен.
Жігіттер, бұл жатысың қандай жатыс,
Шыққандай қой күзетіп түніменен?
Шәмші: Белінен басып жүрміз жалғаныңды,
Көтеріп көрер ме еді салмағыңды.
Күнәсіз өткізсем де осы түнді,
Киейін, шыға тұршы, дамбалымды.
Келіншек: Болғанда – сіз қалада, біз – далада,
Дарияның сіз – ортасы, біз – жағада.
Солдатша тез киініп болсаңдаршы,
Жараспас сыртта тұру қыз балаға.
Шәмші: Кіре бер, енді кидім дамбалымды,
Тістерсің мен кеткен соң бармағыңды.
Артыңда бала-шағаң, байың да тұр,
Қалдырып кетер едім бар малымды.
Еркек баспен ұят болар жеңілсек,
Баурап алды кербез, сылқым еріншек.
Айтыс қызды, жеңілген де жеңген жоқ,
Шығарып сап, былай деді келіншек:
Келіншек: Сендерден ала алмадым, таласым бар,
Кеудемде жазылмайтын жарасыңдар.
Бір тәулік көңіл ашып, өлең айттық,
Қай жаққа бізді тастап барасыңдар?
Шәмші: Жігіттік өзімізге тән шығарсың,
Ал сендер соған сәйкес сән шығарсың.
Алда ― жол, артта ― қиял,
Омырауда
Зер толған, жазылмаған ән шығарсың.
Бізде көп-ақ өлең сөзге құмар жан,
Көп болған соң, құны да оның тым арзан.
«Құшақ жайған қандай адам» өлеңін,
Өзім жазып, өзім әнін шығарғам.
«Әлі де бұл кеудеме толмай арман,
Жас көңіл ешнәрсеге болмай алаң.
Бейхабар жүріп едім махаббаттан,
Қол созып, құшақ жайған қандай адам?
Қиялым, сәулесінен дірілдеген,
Көктемгі күнім бе екен күлімдеген.
Әлде бір көктемдегі сандуғаш па?
Жанымды елжіреткен үніменен.
Қалайша жүрегімді алдай алам,
Мен оны жалғыз саған арнай алам.
Бейхабар жүр едім ғой махаббаттан,
Дариға-ай, құшақ жайған қандай адам?»
Жастық шақта самғап шығар еркін үн,
Бір сезіммен серпілдім де елтідім.
Оны аз десең үлкен-үлкен дүние ―
Поэмам бар «Арақ» пен «Нан» дейтұғын.
Пенде ғұмыр, үміт жібі үзілмей,
Қуанышты қабағына күз ілмей.
Айбергенов сүйіншісін сұрап тұр,
Кітабына қазан қырғыш жүзіндей.
«Көбейіп тұр бүгін де,
Ақындардың қатары.
Бес-ақ тиын тұратын,
Не деген «Арман сапары».
Қазақшылық бұзылмаған қаймағы,
Төлеген ғой, жібек мінез, жайдары.
Қалта тесік, тиын-тебен тұрмайды,
Бердім солай өлеңменен байғазы.
Мен осылай өлең жазып таң қылдым,
Талай достың мейірін де қандырдым.
Бірде орнында Аян да жоқ, Баян да,
Мынандай бір шумағымды қалдырдым.
«Қоятын жануызым саям қайда?
Бұл тұста жалым қайда, жаям қайда?
Әрдайым орын сипап мен қаламын,
Құлбекжан Аян қайда, Баян қайда?».
Түк келмейтін сияқтымын қолымнан
Көп адамдар кездеседі жолымнан.
Бір келіншек кездесті де көшеде,
−Танысам,-деп қалмай қойды соңымнан.
Кім біледі шын тәнті ме, азғын ба?
Мұндай шақта керегі жоқ саздың да.
Кішкене бір парақ алып шимайлап,
Жүріп кеттім, мына өлеңді жаздым да.
«Сенімен болар күйім жоқ,
Қалтамда да тиын жоқ.
Аялдайтын сенімен,
Қала ішінде үйім жоқ..
Мен осындай Шәмшімін.
Аллаға аян бар сырым.
Ұшарымды жел білер...
Осы менің жан сырым».
Күш-қайратың таусылмаса бойдағы,
Сәтіменен орындалар ойдағы.
Шәуілдірдің Шытты ауылында нағашым,
Қолтаңбаға өлең жаз деп қоймады.
Өткен бір шақ түсті ойға бал-шырын,
Көзіндегі байқап ұшқын жарқылын.
Суырып сап, айтып шықтым әлгінің,
Суреттеме-этюд етіп бар сырын.
«Боз таңда, боз үйректі ілді біреу,
Жарысып, жармен ойнап күлді біреу.
Атлас, ақ кіреуке шымылдыққа
Атылып оқ жыландай кірді біреу.
Есігін сегіз жұмақ ашқандай-ақ
Етегін ақ көйлектің түрді біреу...
Солқылдақ шымға біткен бүлдіршіндей
Алманы ақ алмаспен тілді біреу.
Шіркін жан шығып кетпей тұрды сонда,
Сорғанда солқылдатып тілді біреу.
Қысқа таң сол бір сәтте жетпей қалды,
Тұрмады-ау ұстаңқырап күнді біреу».
Болмаса да бұл өнерге жақын көп,
Жастық шақта өлең сөзге батыл да ек.
Мен сазгер боп құдай сақтап қалған ғой,
Жүрген анау құрдастарды ақын қып.
Өсе берсін қанат қаққан жас дарын,
Алаулаған жалынына қос жалын.
Шәмші күліп, әзіл сөзге аударды,
Өзің түсін дегендей-ақ астарын.
Күйіп-жанып жүрегіңнің өртінде,
Өкініш көп әнші, сазгер дейтінде.
Композиторлар одағына мүше етіп
Алмады ғой, соған өкінбедің бе?
−Біздің қазақ дарын, бірақ салақ тым,
Өте берер әділдікке олақ күн.
Құрманғазы, Естай, Біржан, Ақандар
Мүшесі еді айтшы қандай Одақтың?
Осы мені отырсың-ау қатты аяп,
Өтпедік пе, бұған енді соқпай-ақ.
Өмір кешті Әбілахат Еспаев
Бұл одаққа мүшелікке өтпей-ақ.
Мұндай мысал өмірдегі аз ба еді,
Есіп тұрса сол бір жақтан жаз лебі.
Өте алмапты бұл одаққа орыстың,
Дзержинский Иван деген сазгері.
Еңбек деген бойыңдағы төзімде,
Шығармаңмен бөленесің сезімге.
Операсы «Көтерілген тың» деген,
Мемлекеттік сыйлық алды кезінде.
Баратұғын одаққа жол таңда да,
Ал, ендеше, бас шайқай бер таңдана!
«Тынық Дон» мен операсын он екі,
Өткізбепті мүшелікке сонда да.
Сол Иваннан артық еді қай жерім,
Мен одаққа мүшелікке сай ма едім?
Тұр ма еді түтін шығып төбемнен,
Қол жетпейтін аспандағы Ай ма едім?
Мына дүние ысынар да салқындар,
Кір шалдырмас дені таза алтындар.
Шәмші ғұмыр ― ән ғұмыр боп қалады,
Сол әндермен өркендеген халқым бар.
Бір әндерді мен де сүйіп айтамын,
Куә болып, талай басты шайқадым.
Жүрегіңе жақын бір ән бар шығар,
Сен сазгерсің, ең сүйікті қайсы әнің?
Бөлейтұғын тәтті сезім, арманға,
Кім тыңдады шіркін, Естай салғанда.
Тыңдағанды тамсандырып, шалқытқан,
Дүниеде ән жетпейді «Қорланға».
Бұл сүйікті әуені ғой баршаның,
Ауады да тұрады бір аңсарым.
Мандолинде «Саржайлауды» серпілтіп,
Огинскийдің «Полонезін» тартамын.
Жұдырықтай жүрегіңе сыйды арман,
Бәйтеректей бой түзедің ырғалған.
Көре алмаған шалып сонда аяқтан,
Болды ма кез қиянаттан қиналған?
Қазрадио тоғышарға бағынды,
Байлағандай болды менің бағымды.
«Бақыт құшағында» қалды ән болмай,
«Арыс жағасында» мүлдем алынды.
Керексіз боп қалды вальс жарамай,
Сұлу сазға жапқан мына жаланы-ай!
Сол кісінің қорлығына шыдамай,
Қиянаттан күйіп-жандым қарадай.
Жанған оттың шоғындай боп маздадың,
Сол қазақы әдетіңнен озбадың.
Толық жетті білімің де, күшің де,
Неге опера, симфония жазбадың?
Ол жайында айта алам мақтана,
Ән ― өмірім, оған деген жоқ баға.
Бас-аяғы сексен үш ән жазыппын,
Әнге адал болғым келді тек қана.
Сазгер біткен құтылмас бұл жанрдан,
Еш уақытта қалған емес ағымнан.
Мокроусов, Блантер мен Новиков,
Әндерімен халыққа кең танылған.
Шүкір, қазір жетер дүние жазарлық,
Кері тартпа ой-пікірден тазардық.
Үш жүз түрлі шығармалар жазыпсыз,
Балаларға беретін не базарлық?
Бұл мәселе түбегейлі шешілген,
Бала мінез жібек желдей есілген.
Лайықтап ән жазамын әр кезде,
Балаларды шығармаймын есімнен.
Ізден, талпын, өнеріңе өнер қос,
Ән мен күйсіз мына дүние қалар бос!
Бірге өскен, қиындықты бір кешкен,
Кімдер еді жанға жақын, адал дос?
Ел ішінде онша тарлық көрмедім,
Дос-жаранның арқасында өрледім.
Ұзын саны отыз шақты болады,
Шын іздейтін үш-төрт досым бар менің.
Өмір жолы, өнер жолы алағат,
Төбесіне көтерді бар жамағат.
Бағаланып елге еткен еңбегім,
Шын қуантқан үкіметтік марапат.
Секілді бір үлкен жолға жолдама,
Ашылғандай шығармама жол жаңа.
Ленин комсомолы сыйлығы болды,
Маған деген ілтипат пен зор баға.
Сары алтындар жатады екен тұнықта,
Елім десең, ұлығыңды ұлықта.
Егер кітап жаза қалсаң ең басты,
Осы айтылған деректерді ұмытпа!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу