Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  131


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Шәмшінің жылауы

Бәз-баяғы жайбарақат күйінде,
Бір күн өтіп бара жатты бүгін де.
Ленинскі ауылында Шымкенттің,
Отыр еді Райымқұлдың үйінде.
Алғашқыда оқығаны ұнады,
Бір нәрсеге таусылғандай шыдамы.
Бере салды қолындағы газетті,
– Мә, Оразбек, оқып көр,-деп мынаны.
Бойындағы ашу-ыза тез келіп,
Жасаурады, берілердей көзге ерік.
Бір бозарып, бір қызарып, нарттай боп,
Түрі-түсі сала берді өзгеріп.
Оқып көрді Оразбек те газеттен,
Өз балаңды тепкендей-ақ өзектен.
Не айтарын білмей қалды, әбіржіп,
– Болды, бітті,-деді Шәмші, сөзі өктем.
Көңілдегі үзіп соңғы үмітті,
Лайлаған секілді анық тұнықты.
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің,
Бір указы газеттерге шығыпты.
Лауазымды не етсе де ерікті,
«Өз құланын өз қағынан жерітті».
«Өнер қайраткерін» беру орнына,
«Мәдениет қайраткерін» беріпті.
– Ал, Оразбек бұдан қандай сыр ұқтың,
Сөнді осымен сәулесі бар үміттің.
«Мәдениет қайраткері» дегені,
Меңгерушісі секілді клубтың.
Келешекте ұрпақ бұған сенбейді,
Көңілін бір қапа селі тербейді.
Қырық жылдай халқын әнге бөлеген,
Шәмшіге енді зейнетақы бермейді.
Не дауа бар көрсетілген шараға,
Үміт оты енді қайта жана ма?
Қарттық келіп, алпыс жастан асқанда,
Қалды деген осы болар далада.
Өмір ― күрес, қалғаны ма жеңіліп,
Кеткендей-ақ қабырғасы сөгіліп.
Бетті жуып тарам-тарам көз жасы,
Шәмші үнсіз жылап отыр егіліп.
Өмір шіркін, болмайды екен бір күндей,
Өте шығар жорғалаған дүлдүлдей.
Көз алдына үйірілген қос тамшыны,
Үзіп тастап отыратын білдірмей.
Мына дүние көрсетеді сес кімге,
Бір кем тірлік, өлгеннен соң өштім де.
Жылап-жылап тарқатқанша шер-мұңын,
Үй ішінде жұбатпады ешкім де.
– Мына тірлік Оразбек, көп ой салды, ә!
Енді ештеңе қалған да жоқ айтарға.
Дүниеде ең терең көл қайсысы?
Суы мөлдір,-деді досы,-Байкал да!..
Мына өмірге пенде болып жаралдың,
Не десең де бір өлім бар, жар алдың.
Дүниеде түпсіз, терең көлдер бар,
Ең тереңі «Көңіл көлі» адамның.
Мақсатқа адам жетпеді ме, жетті ме,
Құдіретің күшті болса, көк тіре!
– Өмірдегі,-деді Шәмші, ең құнды,
Суалмасын «Көңіл көлі»,- деп тіле!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу