Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  256


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Теріскей айналайын келбетіңнен...»

Кәусары бол өз арыңның, таза ақ та,
Мәлім болған аты бүкіл қазаққа.
Жайма шуақ сиыр жылы көктемде
Құстай ұшып жетті Шәмші Созаққа.
Ерте шығып күлтеленген көктемдер,
Жәннаттанып құлпырады көк белдер.
Би мен шешен, әулиелер жайлаған,
Керей хан мен Әз Жәнібек өткен жер.
Шежіресін зерделеген ұғар мол,
Шулы-нулы, қарсы алдыңнан шығар көл.
Қаратаудың күнгей беті ― Түркістан,
Теріскейі ― Сарыарқаға шығар жол.
Осы жерден таралады жолдар мың,
Аман қалған қырғынынан Жоңғардың.
Көтеріліс болған екен Созақта,
Шолаққорған орталығы ауданның.
Бола берсе жолың әр кез осылай, -
Деп күбірлеп, жалғыз жүрген досым-ай!
Жедел хатпен әдейілеп шақыртқан,
Хатшы екен, Шерімқұлов Досыбай.
– Міне, Шәке, Созағыңыз – еліңіз,
Барған жерде дайын,-деді,-төріңіз.
Жері – дархан, елі – дархан, ақ бесік,
Теріскейге бір ән жазып беріңіз.
Жұпар иісі біздің шіркін даланың,
Сонда тудым, содан қуат аламын.
Мен әуелі сапарымның алдында,
Баба Түкті Шашты Әзізге барамын.
Кейде тағдыр бұл пендені қинаған,
Керексіз боп, бар байлығың жинаған.
Бір перзентке зар боп жылап келгенде,
Алпамысты Байбөріге сыйлаған.
Өмір қызық, біле білсең бағасын,
Қарға тамыр қазаққа жоқ таласың.
Созақ маған бірдей туған жеріммен,
Құмкенттің Төрелері нағашым.
Бір таңына ұласатын бір таңы,
Әрбір заман өз әуенін шырқады.
Қуғын көріп, тарап кеткен бүгінде,
Кенесары ханның бүкіл ұрпағы.
– Шәке, кешір, сөзіңізді бөлейін,
Енді жұмыс барысына келейін.
Мына отырған кіл өнерлі жігіттер,
Жолбасшыңыз, таныстырып берейін.
Білініп-ақ тұр бойынан жастығы,
Асау қанның тамырдағы тасқыны.
Бұл Тұрлыбек Жақсыбаев аудандық
Мәдениет бөлімінің бастығы.
Иманқұлов Пернебайды білесіз,
Кірісесіз, іске білек түресіз.
– Әнші әрі сазгер, - деді Досыбай,
Енді Шәке, осылармен жүресіз.
– Уәде етті, шабыт беріп сұраным,
Теріскейге арнаймын, - деп бір әнін.
Қоштасты да хатшыменен жүріп кеп,
Бағыштады Шашты Әзізге құранын.
Ісі оң боп, тауып жатса шешімін,
Айтып-айтпа, оның бүгін несі мін.
Қалдаяқ деп қалға қарай атапты,
Әнәпия қойған екен есімін.
Кіші жүзде Жағалбайлы екенбіз,
Тірлігіне пысық, сөзге шешенбіз.
«Кіші жүзді жауға қой» деп айтқандай,
Тегімізде жауға шабар бекембіз.
Маужыраған құс қайтатын күз екен,
Дейді әкем: « ұстахана күзетем ».
Шешем менің Сақыпжамал өлеңші,
Шәді інісі Бұхарбайдың қызы екен.
Туған екен екеуін де бір ана,
Менен оның түп-тамырын сұрама.
Шәді төре уақтысында оқыған,
Болған екен ұста, ақын, ғұлама.
Ол уақыттың адамдары бай, пысық,
Бір-біріне сөз қағыста сай түсіп.
Қыз-жігіт боп серт байласып ақыры,
Жеңіп алған үш күн әкем айтысып.
Қайда барсаң кең дала бар, ашық көк,
Үйленіпті бір-біріне ғашық боп.
Қорқып содан Сырға құяр Арыстың,
«Сарыкөлін» паналайды қашып кеп.
Күн батады, таң атады алаулап,
Көп емес-тін қашқындарың, санаулы-ақ.
Киіз үйде, қамысты бір қопада,
Балық аулап күн көріпті, аң аулап.
Қайда бармас тартса тұз-дәм, несібең,
Тығылыпты, тар боп дала осы кең.
Тарс ете қап, оқтап жатқан пыстаны,
Шешем қорқып танып қапты есінен.
Жүкті әйелдің тірлігіне қанық кім,
Керек бәрі, таза ауа, жарық күн.
Талып қалған, жеткен кезде ай-күні,
Қорыққаннан қимылдамай қалыппын.
Бір-ақ күнде шөптей болып жүдепті,
– Е, Құдайым, бере гөр, - деп тілепті.
Екеуі кеп Шашты Әзізге жарықтық,
Сонда үш күн жалбарынып түнепті.
Таяп келген бір ажалдан құтқарған,
Арайланып атқан екен күткен таң.
Бір Алла бар, Шашты Әзіз себепші,
Сонда маған үшінші күн біткен жан.
Мына дала куә соның бәріне,
Айта берсем тарихы әріде.
Адам болып, азамат боп ортаңда,
Міне, бүгін жүріп келем әлі де.
Кімдер қалай ойланып, не түйеді,
Ұлылыққа әлем басын иеді.
Әке-шешем сонда жатқан шығар-ау,
Мына жатқан топырақта киелі.
Жүрегіме мәңгі жазған есімін,
Тербетілген аяулы алтын бесігім.
Әкем туған, шешем туған Теріскей,
Бесігіме аунай кетсем несі мін?!
Меңіреулік мекендеген айдала,
Жантақ өскен, құмшауыттау айнала.
Қолын жайып, бата жасап қайтадан,
Шәмші орнынан тұра берді жай ғана.
Жиһанкездей Шәмші ұзақ жол алды,
Аралаған Еділ, Жайық, Оралды.
Келер жылы жиырма үшінші сәуірде,
Теріскейге аңсап қайта оралды.
Балайтұғын Шәмші өзі асылға,
Ұмытпайды бірге өскен досын да.
Ақын досы Сабырханды тастамай,
Ертіп алған жолсерігі қасында.
Шәкең бүгін көңілді де жігерлі,
Шын сағынып келген екен түбі елді.
– Малшылармен кездесіңіз,-деп хатшы,
Озат совхоз Қарақұрға жіберді.
Сағыныштан сарғаймаған сана құр,
Ұланыңды құшағыңа ала біл.
– Қарақұрды қосыңызшы әнге,-деп,
Ат мінгізіп, шапан жапты бұл да сыр.
Желкілдеген жасыл белес желегі,
Қарақұрдан, Қаратаудан келеді.
Сабырханның Теріскейді толғаған,
Көп ұзамай дайын болды өлеңі.
Сәуір туса қызғалдағы көрікті,
Келіншектау, Қызылкөлді көріпті.
«Шолоққорған» - Сағынтайдың пікірі,
Айтбек айтқан «Қарақұр» да еніпті.
Жұрт жиылды сарай толды дүркіреп,
Уыстағы сәуір гүлі үлбіреп.
Тебірентіп, нақышына келтіріп,
«Теріскейді» шырқап кетті Тұрлыбек.
«Мыңжылқы, Келіншектау, Шолоққорған,
Қызылкөл босамайды қонақтардан.
Қарақұр Сарарқаға сәлем айтар,
Қаптаған Қаратауда бұлақтардан.»
«Теріскей айналайын келбетіңнен,
Сен бізге ақ бесіксің тербетілген...»
Сыбдырлайды жасыл желек құрақтар,
Күмбірлейді Қаратауда бұлақтар.
Әсем әуен тербетеді жүректі,
Көңілшегім, егіле бір жылап қал.
Тұрлыбектің дауысы кеткен ашылып,
Зал тербеліп, әнге кетті қосылып.
Ертесіне Алматыға аттанды,
Астанада айтқызуға асығып.
Көктем, көктем гүл қаптады қырқаны,
Шығыс жақтың арайланып нұр таңы.
Көп ұзамай Нұрғалиға қосылып,
Қазақ елі «Теріскейді» шырқады.
Мың құбылып алаулаған түр-өңі,
«Жаса, халқым!» айтқан жалғыз тілегі.
Қуаныштан масаттанған Шәмшінің,
Жарылардай жұдырықтай жүрегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу