Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  88


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Дүнген ауылындағы әңгіме

Үйлі-жайлы, дос-жараны бірге өскен,
Шықпайды ескі достары да бір де естен.
Алматының думан-шуы мезі етіп,
Жалғыз өзі Тараз жақта күн кешкен.
Дүнген ауылы, дәл Тараздың түбінде,
Соған келіп, күндердің бір күнінде.
Тынығады Шәмші тыныш, алаңсыз,
Сол үйінде жатқан еді бүгінде.
Мұсылманның алынбаған еншісі,
Туысқанбыз, ұлтпыз қалқам, ең кіші,-
Деп баяндап өзі жайлы аз ғана,
Әңгіме айт,- деп келіп отыр көршісі.
Ал ақсақал, тыңда онда басынан,
Балаң жігіт, көңілі судай тасыған.
Қабыланбектен зоотехник боп шықтым,
Қырық жылдай бұрын еді осыдан.
Бозбалалық, жаңа талант ашылған,
Көңіл шіркін, аққан судай тасынған.
Зоотехник бола алмадым, не керек,
Әнге құмар болатынмын жасымнан.
Бір жанұя сынды туыс, дос-бауыр,
Қоя алмаған ешкім оған тосқауыл.
Мандолинмен қосылып ән айтушы ек,
Тыңдаушы еді құлақ тұрып кешкі ауыл.
Біреу сеніп, біреу бұған сенбейді,
Жастық жалын көңіліңді тербейді.
Әннің жолын қудым содан беріле,
Ішімдегі тыңшы тыным бермейді.
Консерватория. Студенттік кез еді,
Бір бақыттың лебін жүрек сезеді.
Көңілім шат, асау жүрек алысып,
Қиялдарым қиырларды кезеді.
Басталғандай бір дәуірдің дастаны,
Бөленді әнге Алматының аспаны.
«Қаракөз» бен «Қайықтаны», «Арманды»,
Шырқап кетті бүкіл қазақ жастары.
Біреу түсіп, біреу түспей есіме,
Алматының самалы ән боп есіле.
Шырқалған ән, мақтау-мадақ, қошемет,
Шалқып жүрдім, жасырамын несіне.
Сауық-сайран, түк келмеген ойыма,
Асау сезім бір күш берген бойыма.
Әннен басқа іздемеймін ештеңе,
Бітірмедім, оқу қапты жайына.
Алғашқы әндер үміт жібін жалғаған,
Күй көңілден бейне құстай самғаған.
«Ақ маңдайлым» Әуезовты тәнті еткен,
Бағланова Роза апай салған ән.
– Ойламаңыз жоқ екен деп тұрағы,
Маған осы оңаша ауыл ұнады.
Екі балам, әйелім бар, ақсақал,
Бүгіндері Алматыда тұрады.
Енші алмаған жан екенбіз әлі де,
Енші беру ― ол да өмірдің мәні ме?
Қарындастар Райхан мен Раушан,
Қадыр інім ауыл жақта бәрі де.
Қиындыққа болсақ тағы үйренген,
Жанұямыз сонда шындап күйзелген.
Шешем кетіп қырық тоғыз жасында,
Әкем - Жұмаш шешемізге үйленген.
Одан Күлайхан, Көшербай мен Клара,
Қадыр,Сабыр, Бақыт - түбі бір ана.
Өсіп-өнді Әнәпиясы Домбының,
Арғы жағы белгілі ғой, сұрама!
Секілді бір сөз буыны түйілген,
Шыдамай шал сұрақ қойды бүйірден.
– Балаларым, әйелім бар,- дейсің сен,-
Хабарласып тұрасың ба үйіңмен?
– Е, ақсақал, ұғып өмір сабағын,
Көріп келем жақсы менен жаманын.
Өзім – сыртта, үйде қалған жүрегім,
Біліп тұрам күн аралап хабарын.
Қазақ жері мекені ғой ән-жырдың,
Осылайша естігенді таң қылдым.
Әлімқұлов Нұрсұлтанмен бір жолы,
Шақырыпты Мойынқұмы Жамбылдың.
Алға басса тірлік, ісің асқан бақ,
Хатшы екен Назарбеков жас саңлақ.
Екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек,
Малды ауданның даңқы тұрған аспандап.
Қосылдық та кеттік содан думанға,
Сәті болды, сауық-сайран қуғанға.
Асқақтаған «Мойынқұмда жайлауым»
Мойынқұмның жайлауында туғанда.
Жақсы ісіңмен мәртебең де өседі,
Ел жұмылса, іс түйінін шешеді.
Облыстың орталығы Таразда,
Той боп өтті әннің тұсаукесері.
Содан шалқып, құлашты кең сермедім,
Жүрген жерді әсем әнмен тербедім.
Тауысыппын Алматыға жеткенше,
Кездесуде облыстың бергенін.
Ойламағам ішіп-жеуден басқаны,
Қасымдағы нөкерлерім ― дос бәрі.
Қараңғыда шалқып келе жатыр ем,
Екі жігіт шешіндіре бастады.
Түсініксіз бәрі бәлкім сөзімнің,
Есім кіріп, енді өзімді сезіндім.
Деймін әлгі шешіндіріп жатқанға,
«Өй, қазағым, Шәмшіңмін ғой өзіңнің,».
Шәмші болсаң кездесіппіз бағыңа,
Ұрып кетсек, қайтер едің жабыла.
Мына бешпент, шалбарыңды бізге бер,
Елің саған кигізеді тағы да.
– Сен Шәмшісің, бүкіл елге танылған,
Біз кедейміз,-дейді,-құт бұл табылған...
– Тиын-тебен қалдыр,- деймін,-тамаққа,
Ұрсатұғын болды енді Жәмилам.
Кездесті ғой бір тентектер тасадан,
Шүкіршілік, көз шықпаған, бас аман.
Берген сый жоқ, келіп тұрмын жалаңаш,
Жылап қалды Жәмилашым қападан.
Болған істі барша естіп біледі,
Дос табалап, дұшпан шіркін күледі.
Мұны түгел баян етіп қайтадан,
Қонаевқа Нұрғиса аға кіреді.
Азамат көп жерім менен елім дер,
Ыңғайына тағы қарап көріңдер.
Аралатып елді,-депті ақсақал,-
Ішіп-жеуге болмайтын зат беріңдер.
Солай депті ақсақал да ойланып,
Мұны естіп көңіл қалды жайланып.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген,
Тараз жаққа қайта келдім айналып.
Көңілді бір шалқып жүрген сол шақта,
Кейде ойың бөлінеді әр саққа.
Шырқап әнді, әкетеді көтеріп,
Қай ауданға, қай ауылға барсақ та.
Ойхой, шіркін, сауық-сайран жүрген жер,
Риза болды көріп, танып білгендер.
– Бізге де бір ән шығарып беріңіз,-
Деп өтінді осы ауылда дүнгендер.
Осы жолы шынымен-ақ сыналдым,
Көңілінен шығып әнге құмардың.
Айдай сұлу «Дүнген қызын» шырқатып,
Сыңсып тұрған «мощный» ән шығардым...
Таң қалысты әннің жайын білгенде ел,
Іші күйді, мазақ қылып күлгендер.
– Риза болып, маған бөлек жер берді,
Бізбен бірге тұрыңыз,-деп дүнгендер.
Бұдан артық құрметтейді кім бізді,
Қазақы салт өктемдігін жүргізді.
Ішіп-жеуге келмейтұғын «Жигули»
Жамбылдықтар сонда маған мінгізді.
– Қанша қалды,-деп қария,-жол бірақ...
Жапырылды желмен соққан бал құрақ.
Көршісі отыр таяғымен жер шұқып,
Шәмші отыр темекісін сорғылап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу