Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  278


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Өмір - өзен ағады

Көпті көрген үлкендерден бата алып,
Ұшқыр ойлы кеткен ақын атанып.
Әбілахат дүниеден озып, Шәмшіге,
Көңіл айтып отыр Мұхтар Шаханов.
Шәке, әркімнің айтылады өз әні,
Бұл дүние азады да тозады.
Сапар шеккен жолаушымыз бәріміз,
Ескі кетіп, жаңа буын озады.
Жалғасады, таусылмайды базары,
Біреу шалқып, енді кіріп ажары.
Кісісі өтіп дүниеден ерте-кеш,
Енді біреу қаралы да азалы.
Пендем десе іс салмасын басыңа,
Болған іске болаттай бол, жасыма!
Абзал жүрек Ахат досың бақилық,
Бір-ақ тұтам өмір деген осы да...
− Ахат,-деді Шәмші,- әнін сыйлады,
Қалды бәрі ... азын-аулақ жиғаны.
Екі адым жерге алып кеткені,
Қу кебіні, сосын серік― иманы.
«Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өтеді, өзгені де жылатып.
Жылайтыны туа сап, жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлгенде, жақсылар бар қимайтын»
Солай деген уа, Қадыр, неткен ер,
Қай жерлерге барып жолың шектелер.
Мына өмірдің былығы бар жек көрер,
Ағайын бар еркелер де өкпелер.
Жүрек сырын әндер ғана қозғасын,
Көңіл деген балқып тұрған қорғасын...
Осыны айтып, жүзін жұрттан аударып,
Сығып алды ыршып шыққан көз жасын.
Жә, Шәке, қалғанша көз жұмылып,
Өткен күндер қарайламас бұрылып.
Арындаған арнасымен өзінің,
Өмір-өзен аға берер құбылып.
Мұхтар ақын тұрып қалды толғанып,
Жаңа жыры ұрпақтарға арналып.
Сәл ойланып, жүре берді төгілтіп,
Өмір жайлы толғанысы жалғанып.
«...Қане,
Қайда,
Көңіл сырын көзден ұғар нәзіктік?
Үш өлшем барБиіктік пен тереңдік, (яки жазықтық)
Бұл үшеуін бағаламау – көзсіздік һәм кереңдік.
Ал түсінбеу...
Бақытсыздық болар ол,
Иә, адамдық қатынаста жоқ әлі де сара жол.
Бруноны отқа жаққан,
Галилейді сотқа тартқан,
Біржан салдың арқан байлап қолына,
Жылан болып Ұлықбектің иірілген жолына –
Түсінбестік еді ғой,
Соның бәрі адамзаттың сорына.
Түсінбестік аз жайды ма қанатын?
Мұнан асқан нала бар ма?
Ұлы Абайды сабаған да
Түсінбестік болатын.
Оңай емес,
Оңай емес бұл егес,
Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.
Керек десең, түсінбестік-кінә емес,
Қылмыспен тең түсінуге тырыспау...»
Бұл өмірде жаман да бар, жақсы бар,
Пенде біткен уақытымен бақ сынар.
Қуыс кеуде дәрежесін көтеріп,
Шіренгенде астыңдағы тақ сынар.
Айлар, жылдар тоқтамайды, зырлайды,
Қайта айналып қайрылмайды, тұрмайды.
Өмір деген құралады жылдардан,
Ол жайында жүрек қана жырлайды.
«Жылдар,
өмірдің өзенімен,
ағады кезегімен...»
Іздегенге өмірдегі жоқ аз ба,
Шабыт керек болып еді сабазға.
Тебіренген толғанысы ақынның,
Сырлы өлең боп түсе берді қағазға.
«...Ертеде де, кеш те,
Сен тұрасың есте,
Мен өшсем де өшпе,
Асылым...»
Тілім қышып, бүлкілдейді көмейім,
Қап қармағым, бұйырғанын көрейін.
Өлең туып келе жатыр бір әнге,
Айтшы Шәке, енді тағы не дейін?
Мұхтаржан-ай, сен де неткен ер едің,
Іздегенім осы еді, керегім.
− Өлеңіңді,- деді,- маған сыйлай сал,
Таусылмасын туған елге берерің.
Жалғыз қалып Шәмші жүрді ыңылдап,
Кешкі ауада ызыңдаған бір үн қап.
Толғандырып, мұңлы көңілін жұбатып,
«Өмір-өзен» қайта жатты туындап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу