Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  279


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Арқалықтың ақ таңы

Жарқын жылдар несібесін мол жайды,
Дархан дала «миллиард» жырын толғайды.
Мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылы,
Көктем шуақ бөлеп алған Торғайды.
Дүбірледі қазақтың тың даласы,
Қостанай мен Талдықорған арасы.
Торғай жаңа облыс боп ашылып,
Орталығы болды Арқалық қаласы.
Жаңа аймаққа шақырып бар жастарды,
Жапан түзде ұлы жорық басталды.
Өзбекәлі Жәнібеков обкомды,
Хатшы болып сол кезеңде басқарды.
Кез келгендей бағалайтын асылды,
Өнерге де өркенді жол ашылды.
«Торғай әуендері» фестиваліне,
Мұхтар, Әсет, Шәмшілерді шақырды.
Әуежайдан түскенннен ән басталды,
Бұл фестиваль табыстырды достарды.
Қарсы алып меймандарды кеп түскен,
Өзбекәлі өзі жүріп басқарды.
Сұлу сазы барлық жанға ұнамды,
Арқалыққа арнаңыздар бір әнді.
Вальс, мейлі марш, өзге әуен,-деп,-
Өзбекәлі сазгерлерден сұранды.
Жазу керек көріністі шынайы,
Қала осылай батпақ па еді ұдайы?
– Әсер алар,-деді Шәмші,-нелер бар,
Жүргізбейді көшелердің лайы.
Сыпайылап тамыр басты тағы да,
Отырғызып қақ төрдегі жанына.
Әсер керек,-деді Шәмші қайталап,
Өзбекәлі көшті қыңыр жағына.
Қолданарлық табылмады басқа айла,
– Жұмыстар көп,-деді басшы,-бос қойма!
Жаяу жүріп көрсін лай, батпақты,
Қалдаяқов кетпейді енді ешқайда.
Осылайша қонақ күту өзгерді,
Меймандарға ойланатын кез келді.
Арқалыққа өлең жазсын ақындар,
Жібермейміз ән жазбаған сазгерді!
Қала думан шырқалады жастық үн,
Паш еткендей халықтардың достығын.
Фестивальға келгендерге ой салды,
Қиын болып мына шарты басшының.
Бұл бәйгеде бұрын келіп бәрінен,
Ән сәйкес кеп өлеңінің мәнімен.
Әсет шықты көп ішінен сытылып,
«Арайлым, Арқалығым» әнімен.
Сәтті шығып қағаздағы «шатпағы»,
Болар бәлкім, бүкіл елдің мақтаны.
Шәмшіменен асқақтаған бір әуен,
Келді өмірге «Арқалықтың ақ таңы».
«Жатырқап кетпе жаным,
Мен ертең аттанамын.
Өзіңді Арқалықтың,
Ақ таңы деп білемін.
Қайырмасы:
Қара көзіңнен мөлдір,
Торғайдың даласын көрдім.
Мен айналдым сенің ақ пейіліңнен...»
Арайланып алтын күннің шуағы,
Дала төсін сары сағым буады.
Тарихы боп қала берер қаланың,
Тамаша әндер кейде осылай туады.
Басқалардай саясатқа жетік пе ең,
Ел не дейді мына жайды есіткен.
Мен өмірде,-дейді Шәмші,-қорқамын,
Мілисадан сосын Жәнібековтен.
Өркен жайған қала барша мақтаны,
Құрыш жастар ел сенімін ақтады.
Нұрлы-нұрлы шуағына бөлейді,
Арайланаған Арқалықтың ақ таңы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу