Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  107


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Мұқағалидың тұңғыш әні

Мына өмірде болсын сондай бір адам,
Ақ көңілмен ел-жұртына ұнаған.
Ауырып қап Мұқағали кенеттен,
Шәмші отыр хал-жағдайын сұраған.
Көше жақта осы менің қалды нем,
Ішім бүріп, дел-сал болып талды дем.
Кенет құлап қалыппын да ес-түссіз,
Әкетіпті мілисамыз алдымен.
Таусылмапты Алла берген жарығым,
Жарығымның берейін бе жарымын.
Көзімді ашсам жатырмын ақ төсекте,
Ота жасап, жарылыпты қарыным.
Қарын мынау, артық еттен арылып,
Болар ертең бұл бейнеттің бәрі ұмыт.
Қорқа берем ішке сыймай айтарым,
Қайта қарным кетер ме екен жарылып..
Талдықорғанда өтті менің айларым,
Айларымда айтам деген ойларым.
Шәмшіге ән шығартам,-деп уәде етіп,
Кетпейді естен думандатқан тойларым...
Шәмші өзі де талай барған ол жаққа,
Ардақтасаң, қадірліңді ардақта.
Әліби мен Ілияс, Сара, Молықбай,
Дұға оқып, еске алатын әр уақта.
Байтақ елге өнер құты дарыды,
Дарындысын бағалады, таныды.
Даланы әлі тұрғандай-ақ тербетіп,
Молықбайдың қобызының сарыны.
Басылмайды әуені ұлы даланың,
Ілиястың қаржымды еткен қаламын.
Баяғы Ақсу ағып жатыр сылаңдап,
Жағасында ізі қалған Сараның.
Елес беріп жазы, қысы, көктемі,
Жасыл қала көз алдынан кетпеді.
Аңызақ пен боран буған Торғайдың,
Ұлан-ғайыр даласының жоқ шегі.
Қалған сынды көңілінде сақталып,
Барлық сырын айтып салды ақтарып.
Жазып берді «Талдықорған әні» деп,
Қалған екен қайталаумен жатталып.
Өткен-кеткен барлығына салауат,
Ән күтеді уәде алған жамағат.
Талдықорған жайлы жылы сезіммен,
Жүріп алды саябақты аралап.
Осы аманат бөліп еді ойын көп,
– Шәмші алды,-дейді,-енді уайым жоқ.
Хабарлап тұр Шәмші араға күн салып,
– Ал, Мұқашжан, аманатың дайын,-деп.
Табылыпты өлең сырын ұғар жан,
Әнді естіп, шыққан еді құмардан.
Алғашқы әрі соңғы өлеңі болыпты,
Мұқағали Шәмші әніне шығарған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу