Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  150


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Ақан сері басына мінәжат «Көгілдір көкше» әні

Құра алмады салдық пенен серілік,
Делебесі қозады да желігіп.
Арпалысып Алматыға сия алмай,
Бара жатыр қиял-ойға беріліп.
Кеудесін бір асқақ сезім кернейді,
Кернейді де ән боп жүрек тербейді.
Ертелі-кеш Шәмші үйіне топырлап,
Ән жазуға жұрты мұрша бермейді.
Шәмші сырын кімдер қалай жасырды,
Кейде тағдыр қинап қояр асылды.
Көкшетауда Амангелді дәрігер,
Мұны естіп емделуге шақырды.
Бір қараса, келіп қапты жасы да,
Марқайыпты бар таланты ашыла.
Армандайтын зиярат қып баруды,
Ақан сері қорымының басына.
Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Біржан сал,
Сусындайды әнді аңсар, жырды аңсар,
Мәди, Әсет, Естай, Ақан серілер,
Қилы-қилы дүние кешкен жандар..
Қарсы алғандар Ибраһимнің Еркеші,
Амангелді ол да елдің еркесі.
– Тарттық,-деді Шәмші,- Ақан басына,
Дастарханда болғаннан соң ертесі.
Желмен желпіп Сырымбеттің даласы,
Атшаптырым «Сексен көлдің» арасы.
Құстар сайрап, қалың орман қалқыған,
Тыныштықта «Тереңкөлдің» жағасы.
Қорым басы. Ойлар келді не түрлі,
«Құбылаға қарат,- дей ме,- бетіңді»
Дабырадан Ақан жырақ қашып кеп,
Тыныштықта мәңгі қалған секілді.
Қайта өмірге келмек емес өлгендер,
Бар ма екен Ақан көзін көргендер.
– Ассалаумағалейкүм,- деп ,- сері аға,
Сәлем берді зиярат қып келгендер.
Отырып ап көзді жұмып, шөкелеп,
Көңілі құлап, кетті сезім жетелеп.
Тылсым дүние талықсытып барады,
«Аллаһуды» қайталады неше рет.
Көңілінен арылар ма сірә, мұң,
Дейтіндей ме, қапаланба, шырағым!
Дәл осы сәт бір қара шал келді де,
Отыра қап оқи берді құранын.
Әр пендеге өз тірлігі жарасар,
Көлденеңдеп кім бар оған таласар.
Некерұлы Мәжит деген шырақшы,
–Мен боламын,- деді әлгі қара шал.
Елеместен қолда барын, жоғын да,
Серілікпен жүріп өтер жолында.
Мен он сегіз жаста едім, сонда Ақан
Қайтыс болды апасының қолында.
Зымыраған қанша жылдың жүзі өтіп,
Үшінші рет жөндеп шықтым түзетіп.
Осы маңнан үй салып ап отырмын,
Өлген соң да әруағын күзетіп.
Серіге ие кім?-дейтұғын сұрақты,
Көпшілікке қойып жүрмін тұрақты.
– Көз көргеннен жалғыз өзім,- деді шал,-
Менен кейін кім жағады шырақты?
Ақан сері кім еді, мен кім болам?
Бүйте берсем мен де бір күн жынданам...
О, құдірет, көзін көріп мына шал
Асқақтаған талай әнін тыңдаған.
Өмір кешкен сонау бөлек ғасырда,
Еркелеткен халқы теңеп асылға.
Ақан жатыр ештеңеден хабарсыз,
Жалғыз қалды Шәмші қорым басында.
«Тереңкөлі» бір әуенді тербетті,
Дала кенет баяу ғана желдетті.
– Уа, Шәмші, бұл сенбісің?- дегендей,
Бір дауыстан Шәмші кенет селк етті.
Ешкімде жоқ жан-жағына қараса,
Жалғыз өзі, қорым басы оңаша.
Сағым торлап, бұлдырап тұр айнала,
Қарауытып бір төмпешік аласа.
− Бұл кім болды?- деп ойланды,- әруақ па?
Әруағыңды дейтін еді ардақта.
– Уа, Шәмші көтер енді басыңды,-
Деді дауыс,- өзіңді-өзің салмақта.
− Қиындықтан шығатұғын жолды ойла,
Жылағаның осалдығың болмай ма?
Қорқасың ба жалғызбын деп өмірде,
Әлде көңілің заманыңа толмай ма?
Шәмші айтты: −Салт-дәстүрін Арқаның,
Тәрік етіп, есін алып баршаның.
Гитар ұстап,сақал-шашы желбіреп,
Ән айтатын болашақтан қорқамын.
– Құлақ түрші, кеудедегі дүрсілге,
Құр қамықпа, күңіреніп, күрсінбе!
Мықты жігіт екен десем мен сені,
Қорыққаннан осылайша жүрсің бе?
Ағат кетпе, жұрт қадірін біле жүр,
Ғұмыр қысқа, оны жөндеп сүре біл!
Мұқағали, Әбілахатты ап кеткен,
Арсыздығы үстем болған бұл өмір.
– Өмірде бар ізгілікті іздеген,
Болмашыға ауырамыз біз деген.
Ақан аға, кететін кез тақалды,
Қоштасуға келдім,- деді,- сізбенен.
– Қоштаспаймын, айтатыным тағы бар,
Ел сыйлаған сендей жанның бағы бар.
Шырқап әнді күресе біл, қорықпа,
Әумин де, батам осы, қабыл ал!
Ғайып болды солай Ақан сүлбесі,
Өңім бе, әлде, түсім бе еді, бұл несі?
Күн еңкейіп ұясына барады,
Жаздың өтіп бара жатыр бір кеші.
Жүрегімнің асқақтаған күйімен,
Өмір, саған ғашық едім, сүйіп ем.
Әнім шырқап тұрған шақта осы мен,
Неге сонша түңілем де, күйінем.
Дүр сілкініп, мүлгіп тұрған тау іші,
Жаңғырығып кенет жақын, алысы.
Мен тазамын Ақан аға, ант етем!
«Тереңкөлде» қатты шықты дауысы.
Ақ көңілден ақтарылды қанша сыр,
Сағындырып осылайша аңсат ұл!
Достарымен Амангелді үйінде,
Асып-тасып, шат-шадыман Шәмші отыр.
Шәмші кенет келгендей-ақ ғайыптан,
Кеудесінде қанатын кең жайып таң.
Дем бергендей Ақан аға әруағы,
Қорқынышты күдік-дерттен айыққан.
Көгілдір тау, қанатын кең жаятын,
Сұлу Көкше бұрыннан-ақ сая-тын.
Ән қалдырып, шырқамады қай әнші,
Тамсандырып, жырламады қай ақын?
Серілердің салтыменен бұрынғы,
Естимісің торғай үнін, шырылды.
Сен де Еркеш, Көкшенің бір серісі,
Төгіп-төгіп жіберші бір жырыңды.
Нені аңсадың, нені бүгін көкседің,
Жоғалмасын көңіліңдегі тек сенім...
Төгілдіріп, егілдіре жөнелді,
Сұңқарындай саңқылдаған Көкшенің.
Бір-бірімен тілдесетін көк пен жер,
Көк майсамен көмкереді көктемдер.
Бурабайдың көз аштырмай жаңбыры,
Саясында сыңсып сұлу «Сексен көл».
Қанша ғасыр айтылды аңыз жырдағы,
Қанша ғасыр жұрты ұйып тыңдады.
«Оқжетпестің» оғы жетпей басына,
«Жұмбақтастың» шешілмеген жұмбағы.
Тау ұлымын, етегінде туыппын,
Жауынына жуындырған тұнықтың.
Кәусәрлығын көңіліме ұйыттым,
Сондықтан да,- дейді ақын,- биікпін.
Секілденіп құдірет ― тау иесі,
Босап кетті Шәмшінің бар жүйесі.
Ұшатұғын қыран сынды бұлқынды,
Ұлы жердің қонғандай кеп киесі.
Аманғали, қайда әлгі күйсандық,
Жаңа ғана маңдай жіпсіп, бусандық.
Қаламын ба, Еркешінен Көкшенің,
Не қылар?- деп,-мына жұртым тұрса аңдып.
О, құдірет, қойсаңшы бұл өнерді,
Шабыттанып Еркешімен жөнелді.
Шәмші астына бейне тұлпар мінгендей,
Күйсандықта құйқылжытты өлеңді.
Елес берді сұлу Көкше кештері,
Қайта оралып, сиқыр саздар естегі.
Манаураған бурыл сағым көштері,
Желпи соғар ерке самал еспеді.
Ай-хай Көкше, кербез Көкше, көгілдір,
Сызылдырған сиқыр саз боп төгілдір.
Төгілдір де елжіретіп езілдір,
Уылжыған уыз шақты сезіндір.
Білетіндер ән жолының азабын,
Білмей қалды осынша тез жазарын.
Міне, ән! –деп Шәмші тұрды бір кезде,
Қолына ұстап қаламы мен қағазын.
Алға тартып көңілінде тың арман,
Шыққан сынды енді ғана құмардан.
Ақан сері әруағы дем беріп,
Алғашқы әнін суырып сап шығарған.
Жүруші еді тұла бойы тарылып,
Болған сынды үрей-мұңның бәрі ұмыт.
Алматыға Шәмші қайтты Көкшеден,
Емделмей-ақ ауруынан арылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу