Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  240


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Байқоңыр» әні

Қонаққа тән ізеттілік білдіріп,
Шәмші отыр жиналғанды күлдіріп.
Шиеліде кездесудің соңында,
Өтінішпен сұрақ қойды бір жігіт.
Заманыңда көрсете біл күшіңді,
Ел де біліп, бүгін бәрін түсінді.
Дүниеде тұңғыш рет ерлікпен,
Қазақ жері ғарышқа адам ұшырды.
Қаншама ұзақ жер мен ғарыш арасы,
Бір-ақ сәтте шығады оған, қарашы!
Қырандарын ғарышқа алыс самғатып,
Қарсы алады қайта қазақ даласы.
Ойда жоқта жаңа ұсыныс ой салды,
Уәде беріп, жұртты Шәмші қайтарды.
Замананы толғар асқақ сезіммен,
Байқоңырға әуен керек байсалды.
Шәмші аялдап Байқоңырға ай жарым,
Тиянақтап ширықтырды ойларын.
Алматыдан Нұрсұлтанды шақырып,
Аралады үлкен ғарыш айлағын.
Ағылады ақпараттар ағымды,
Манаураған кең даладан сағымды.
Гагаринді алғаш көкке көтеріп,
Байқоңырдан ғарышқа жол салынды.
Байқоңырды тастағандай алтындап,
Шағын қала саяжайлы, салқын бақ.
«Союз», «Восток», «Буран» - көктің кемесі,
Шыққан күнмен шағылысып жалтылдап.
Ағылады жеделхаттар, көп тілек,
Қырдан есіп аңызақты отты леп.
Шексіздікке самғайтын көк кемесі,
Асқақтайды тұмсықтары көк тіреп.
Артта қалған оралмайтын алыс күн,
Көк қыраны уақытпенен жарыстың.
Замананың самғауына ілесіп,
Барша әлемге сырын аштың ғарыштың.
Ғарышкерлер жалғастырды сапарын,
Толықтырып бір-бірінің қатарын.
Шетелдерден ұшты достық экипаж,
Аспандатып Советтік ел атағын.
Бұл бодандық мықтап тұрып тұсады,
Жетпей жатыр біліктілік, күш әлі.
Ұшты бәрі ― шуваш, кәріс, моңғолдар,
Біздің қазақ енді қашан ұшады?
− Әй, Нұрсұлтан, қазақ ұшпай не етеді,
Ата жері, өзі туған мекені.
Қазекеңе ғарыш деген сөз емес,
Бәрінен де басып озып кетеді.
Бірақ, бірақ ауыл жақты қимайды,
Іші пысып, о жаққа да сыймайды.
Жоқ екен деп қазы-қарта бұл жақта,
Ертесіне кетемін деп қинайды...
Шәмші әзілге айналдырып күлдірді,
Қандастары алда ұшарын кім білді?
Байқоңырдың қазақтары жиналып,
Жақсы әнге тілектерін білдірді.
Басталғандай кемелденген бір шағы,
Мақтан тұтып исі қазақ ұрпағы.
Ән шықты да әнші Рашид эфирде,
Кең дауыспен асқақтата шырқады.
Көк кемесі зырлай ұшып жарысқан,
Естіледі дүбірлері алыстан.
Ала кеткен ғарышкерлер «Байқоңыр»,
Көп ұзамай қалықтады ғарышта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу