Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  437


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Шәмшіге айт...»

Туған жерге ешкімнің жоқ таласы,
Ауру-дерттің табылады дауасы.
Сары сағым мұнарланып тұратын,
Шәуілдірдің шіркін, таза ауасы!
Жаяулатып шығып көрші далаға,
Самал желмен ырғалады боз жусан,
Қарай берсең мейірің сірә, қана ма?
Соған ынтық, құштар көңіл қаншалық,
Көз алмастан қарайды аспан тамсанып.
Сексеуілді, күйреуікті боз дала,
Тұрғандай-ақ ырғатылып, ән салып.
Бар ағайын жылы сөзден жаз ұқты,
Өкпелесе, бола қоймас жазықты.
«Шәмшіге айт» деп мұңын шағып газетке,
Мұқағали мына өлеңді жазыпты.
«Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншылай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!..»
Құшағына сыйса дала мұнша кең,
Жастық дәурен, жалындаған бір шақ ең.
Көз алдына қимас кезең елестеп,
Шәмшіні ұзақ толғандырды бұл сәлем.
Көңілі жай, шабытты бір жыл еді,
Туған жерде қанаттанып түледі.
Зиярат қып Әзіреті Сұлтанға,
Арыстан баб әулиеге түнеді.
Әруақтар ма қолдап, желеп-жебеген,
Сағынышты бір сезімге бөлеген.
Жан жүйесін елжіретіп, езілтіп,
Баурап алды ғашық дертті ән әлем.
Сиқыр сезім, сылқым дүние өзге едің,
Әнімменен жаным бірге, сез менің!..
Нұрсұлтан дос: −Қайда жүрсең ойлан,- деп,
Жазып берген екі-үш әннің сөздерін.
«Ол – жалғыз, біз екеуміз,
Тек оны жыр етеміз.
Әлде, айтшы сөздің ашығын,
Бар ма, бізден басқа ғашығың?»
Толқып−толқып сезімдерге берді ерік,
Арқа қозып, бір бұла күш дем беріп,
Мандол қолда, екпінімен вальстің,
Билеп кетті Шәмші әнмен тербеліп.
«Тағы да сол жерге,
Оралдым қайтадан.
Әлі тұр гүлдер де,
Самал жел шайқаған.
Қол бұлғап жырақта,
Тау да тұр аңсаған.
Сен жоқсың бірақ та,
Қайдасың, қалқажан!?»
Тұнжырамай, көтеріп жүр еңсені,
Әнімді айтып, тойлап жатыр ел сері.
Мұқағали жырлап оны тауыса алмас,
О, махаббат, шырқап өтем мен сені!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу