Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  578


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Сыған қызы Изольда

Шектелмеген, жабылмаған іргесі,
Іргесіздің көп болады кірмесі.
Шымкенттің шетіне кеп тоқтады,
Келе жатқан сығандардың бір көші.
Жібермейтін тағдырына есесін,
Есең кетсе, тозақ ғұмыр кешесің.
Көңілдері көтеріңкі сығандар,
Бөледі әнге қаланың бар көшесін.
Бұл халықтан тек сұрай бер жол жайлы,
Неге сонша мұңлы әндер толғайды.
Алақанның сызықтарын сипалап,
Тағдырыңның болашағын болжайды.
Бақытты тек жолдан ғана тосады,
Жан серігі, жол серігі, досы ― әні.
Туған жері ― дөңгеленген жер үсті,
Өмір жайлы әндеріне қосады.
Жасамайды күнәһарлық, астамдық,
Астамдықтан талай-талай жасқандық.
Жүрек тербеп, гитарамен шырқайды,
О, Бостандық! Жаса, жаса Бостандық!
О, құдірет, ән дегенің тозбайды,
Жан жүйеңнің бар тамырын қозғайды.
Көңіліңнің бозінгені боздайды,
Жүрегіңді жарып кете жаздайды.
Қызық үсті не келді екен ойына,
Өнер сырын жиған тұла бойына.
Бір туысы ақын Айбергеновтың,
Шақырыпты сығандарды тойына.
Сығандармен кірді енді той сәні,
Қайсы биі, біле алмайсың қайсы әні.
Шықты ортаға жігіттердің жайсаңы,
Дөңгелейді сұңғыла би сайтаны.
Шыр көбелек айналғандай далам көк,
Билегендер «сығандардай болам» деп.
Егде сыған ән салады гитармен,
Дене қызып, билемеген адам жоқ.
Өз дегені болмаса олар қиқар, ә,
Мынау неткен таңғажайып би, қара!
Тойдағылар аңтарылды осылай,
Тулап кетті «О, гитара, гитара».
Мұндай жерде өнерсіздер ұнамсыз,
Билеп кетті Шәмші бірде шыдамсыз.
Қошеметтеп сартылдайды алақан,
Найзағайдай жарқылдайды сыған қыз.
Секілденіп қос аққудың сыңары,
Елжіретіп жан дүниені мұң әні.
Айналасын кетті бір сәт ұмытып,
Ән мен биге қанар емес құмары.
Бара жатыр мына сезім қайда алып,
Уақыты жоқ тұратұғын ойланып.
Тәтті сезім балбыратып бойды алып,
Кетті дүние шыр көбелек айналып.
Өзінікі, білмейді олар жат жерді,
Тағдыр солай көш жолынан бақ берді.
– Жүр билейік, Шәмші деген сен бе? - деп,
Сыған қызы білегінен шап берді.
– Өмір өзі айтар анық дарын кім?
Сен Шәмшісің, әндеріңе қанықпын.
Сағынышты, махаббатты тербетіп,
Өз әніңнің құдіретін таныттың.
Ғұламалар өмір кешкен, ұлылар,
Бұл өмірдің, қуанышы, мұңы бар.
Әлдилеген елін әсем әнімен,
Ұлы халық бір өзіңдей ұлы бар.
Ақ аспаннан нұрлы арай тарады,
Күлімсіреп ай жабықтан қарады.
Кеңістікте алыс-алыс жақтарға,
Түнгі аспанның жұлдызы ағып барады.
Дарын сырын дарын ғана ұғады,
Иығынан түсер емес жүгі әлі.
Қазақтардың қай ауылына барсақ та,
Сенің әнің алдымыздан шығады.
Сонда ойланып:−Қандай адам, кім өзі,
Сымбатты әрі жібек шығар мінезі? –
Деуші едім, қарапайым екенсің,
Болмасаң да жігіттердің тым езі.
– Изольдамын, ән айтамын, бал ашам,
Жауырын да баса білем қаласаң.
Қызығы мол, ақ шаңдақ жол өмірім,
Әнмен өтсем, таусылмаса тамашам.
Изольда қыз ұзақ тұрды ойланып,
Өз алдына қызық, думан той қалып.
Түнгі аспанда Қазығұрттың басында,
Екі жұлдыз жүріп алды айналып.
Ох, Изольда неткен сұлу, көрікті ең,
Кетсем бе екен жиһан кезіп, еріп кең...
Тоқта Шәмші, қол ұстасып кетейік,
Италия, Швед жерін көріп пе ең?
– Жолдар, жолдар қызығы мол қаншалық,
Ғашық болып, қызығасың тамсанып.
Ұмытасың мына сараң дүниені,
Еркін өмір, би билейсің, ән салып.
Аралаймыз дүниенің кең жерін,
Тобордағы құрметтім боп сен менің.
Үйренемін, әндеріңді айтамын,
Үйретемін Ромала әндерін.
Ромала! Шәмші сен де танып ал,
Әлем халқы білер бәлкім, оны бар.
Оның асау әндерінде тулаған,
Сығандардың оттай ыстық қаны бар.
Шүкір, қазір қай жерде де тоқ халық,
Тұрған шақта жүректерде от жанып.
Өмір кешіп, әннен сырды ақтарып,
Кеттік Шәмші, күннің астын бетке алып.
Осыны айтып аттай тулап жүрегі,
Ай нұрымен мың құбылып гүл өңі.
Шешіміңді айт, ел–жұртыңмен кеңесіп,
Аптадан соң біздің Табор жүреді.
Көзін алмай жұлдыздардан көктегі,
Елес беріп тұрды бір сәт өткені.
Үнсіз жүріп, ойланды да содан соң,
– Кете алмаймын сеніменен, жоқ, - деді.
Сақта құдай, желікпеден, ермеден,
Ата–бабам қаңғыбас боп көрмеген.
Кіндігіммен қалғам соған байланып,
Бір бақыт бар менде «туған жер» деген.
− Қара орманың, Отан, ошақ, үй жолда,
Бекер босқа қиылма да қиналма.
Туған жерім, елім менің жүрегім,
Біз сондаймыз, ренжіме Изольда.
Мұнда қалу болса егер саған мұң,
Мен ұжмақты осы жерден табармын.
Кетер болсам қара бастың қамымен,
Қарғысы атар атам менен бабамның.
Мына жерді сүйемін, мен сүйемін,
Сен түсінші, соңғы сөзді түйемін.
Жазатайым ажал келсе Изольда,
Қай жеріңде қалар менің сүйегім?
Сезген жүрек қан тамырдың бүлкілін,
Қайың сыңсып жаңа жайған бүршігін.
Изольда қыз сығандардан бөлініп,
Қыдыруға арнады осы бір түнін.
Қыз бұрымын желбіретіп жел жерік,
Таңырқады бұл екеуін ел көріп.
Таң атты да той тарады, Шәмшінің
Көңілінде бір ән тұрды тербеліп.
Күн артынан күндер өтіп зырлады,
Кәусар бақтар көктем әнін жырлады.
Жүрегінде сағынышты сазды әуен,
Жазшы өлеңін ақын Қадыр Мырзалі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу