Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  1498


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Бәрінен де сен сұлу» әнінің тарихы

Ер көңілді кісі еді ақылды,
Түрі айтып тұр, әлденені жасырды.
Бөлектеніп өзгелерге білдірмей,
Бөлмесіне оңашада шақырды.



Шығарам деп ойламаған ой шетін,
Дегендей ме, оны біліп қайтесің?
Қазрадионың музыка бөлімін,
Басқаратын еді Мақсұт Майшекин.



Мына өмірде іздестірер жоқ аз ба,
Бұл да әңгіме арыз жазар аразға.
– Мына өлеңге ән шығар,-деп бұйырып,
Жазып берді өлеңді ақ қағазға.



«Өзгеден де ең сұлу,
Өмірлік дос тең сұлу.
Өзім сүйіп ұнатқан,
Бәрінен де сен сұлу...»



Таңырқады Шәмші өлеңге аң-таң қап,
Ақындарда тап осындай бар саңлақ.
– Қалай жазды мына өлеңді,-деп тұрып,
Қарай берді Майшекинге жаутаңдап.



Уақыт келіп, адам жоғын іздемек,
Секілді еді өлең бөлек, біз бөлек...
Сонда Шәмші ойын айтты жалтармай,
– Мына өлеңді қимай тұрмын сізге,-деп.



Шыңыраудағы шындықты айтар тек текті,
Ешкімнің де батылы оған жетпепті.
Бірде Ахмет Жұбанов кеп: −«Сен сұлу»,
Майшекиннің өлеңі емес,-деп кетті.



Өзгерді де уақыт іздеп жоқтарды,


Зиялылар талай архив ақтарды.
Халық жауы болып кеткен кешегі,
Ақын Мағжан Жұмабаев ақталды.



Тамылжыған ақ шапағын құйып таң,
Ғашықтарды маужыратып, ұйытқан.
Жүрек тербеп, көктем етіп көңілді,
Кең әлемді шарлап кеткен сүйікті ән.



Бәрін көрген, өмір сырын мол ұғып,
Жүрген сынды әлденеге торығып.
Мағжан ақын ақталған соң Майшекин,
Былай деді Алматыда жолығып.



– Талай жанның лүпілдеткен жүрегін,
Иесін табар түбінде деп жүр едім.
Бір ақынды тірілткенде, бұл менің,
Азаматтық борышым деп білемін.



Орындап бір көкірегіндегі арманын,
Кешірер ел, үміт жібін жалғадым.
Қазағыма бердім қайта тірілтіп,
Әруағы риза болғыр Мағжанын.



Ия, солай, тірілтуге ұрладық,
Ұрладық та асқақтата жырладық.
– Енді ала бер, ризамын Шәке,-деп,
Күлімдеді жылы жүзі нұрланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу