Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  191


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Балауса қыз едің ...»

Кішіпейіл, оған жақын бар адам,
Мінезі бар айнымайтын баладан.
Шақырыпты үйленетін тойына,
Комсомолда хатшы жігіт Қаражан.



Шымкентте болатұғын жаз жайлы,
Жүрегінде бір ұшқын от маздайды.
Мұхтар қайда, жазып берсін бір өлең,
Ал Төлеген әнге өлең жазбайды.



Кездестірмеп еді мұндай көптен бір,
Жадыраған жанарында көктем жүр.
Патима қыз жаңа шыққан мектептен,
Тау бұлағы секілді еді мөп-мөлдір.



Төңірегі тыныш, соққан жел тынды,
Шәмші кенет серпілді де желпінді.
Әсем әуен бара жатыр төгіліп,
Қоңыр мандол шиырыла шертілді.



–Е, әруағым, Қобыландының бер күшін,
Деді Шәмші,-біз өтетін келді сын!
Қалдырды екен ақ бантикті қай жерде,
Балауса қыз, балалық шақ белгісін.



Мұхтардың да түк келмеген ойына,
Ақ бантигі жарасатын бойына
Қыз бой жетіп, сүйген жарын таңдапты,
Қаражан дос шақырады тойына.



Қыз кеткен соң, бір ауылдан сән кетіп,
Сол бір күні жаңбыр жауды селдетіп.
Мұхтар келсе, мандолины қолында,
Шәмші де жүр үй ішінде әндетіп.



Мұхаң шықты сен сұраған ән жаңа,
Сүйікті әні бол жастардың, самға да!
Мандолинмен Шәмші әнді шырқап тұр,
Ақын басын шайқай берді таңдана.



Тойдың үсті, екі жастың нұр шағы,
Күтіп алда, бақыт таңы тұр тағы.
Төлеген мен Мұхтар, Шәмші қосылып,
Сыйлық әнді бірге тұрып шырқады.



Көре алмаған біреу «вальс» деп кекетті,
Бірақ вальс өз міндетін өтепті.
Патиманың тойында арнап шығарған,
«Ақ бантикті» жастар іліп әкетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу