Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  91


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Евгений Долматовскийдың жылауы «Жарайсың, Шәмші!»

Қызылқұмда басылғандай жал табы,
«Сабан тойы» алда елдің алқалы.
Сары күздің шуақ шашқан бір күні,
Қызу науқан Сырдың егін алқабы.



Ұлы Отырар ұлылардың елі еді,
Түскен қонақ осында бір келеді.
Алматыда он күндігін бастаған.
Орыс әдебиеті менен өнері.



Қарсы алу кем болмады тойдан бар,
Құрақ ұшты дастарханын жайғандар.
Темір совхозына келіп жетті арнайы,
Кездесуге халықпенен меймандар.



Қонақтарға көрсетер жер жетеді,
Көне тарих есте қалар кешегі.
Кентау менен Түркістанды аралап,
Отырарға келіп жеткен беті еді.



Болмайтындай шежіресін ұғынбай,
Жазып алып жатыр бәрі сырын бай.
Бастаушысы ақын Сергей Сартаков,
Кілең ақын-жазушылар бірыңғай.



Тың екпінмен жапан дала жаңғырған,
Самаламен ән ескендей алдыңнан.
Көрсетуге көне Отырар өнерін,
Шәуілдірге Шәмшіні ерте алдырған.



Бұл жұмысты алды мықтап қолына,
Ән мен шашу шашпақ қонақ жолына.
Долматовский деген ақын бар еді,
Өлең жазған балалардың хорына.



Шырқар әнді тыңдарманы бағалар,
Дарын ғана сенім отын жаға алар.
Евгенийдің өлеңіне ән жазып,
Шырқап берді Шәуілдірлік балалар.



Тез меңгерген жас әншілер жарады,
Орыстардың бәрі аң-таң қалады.
Зал тым-тырыс, асқақ бір ән тербеліп,
Әсем әуен баурап алып барады.



Көпшілікке ән бірден-ақ ұнады,
Таусылғандай меймандардың шыдамы.
Мұндай сыйды ойламаған болар деп,
Қайта-қайта әнді айтуды сұрады.



Ақ қағаздай кісі екен, түсі аппақ,
Ел сенімін атқарылған ісі ақтап.
Шыдай алмай сахнада Евгений,
Жылап тұрды Шәмші досын құшақтап.



Қуанғаннан көзіне жас – шық тұнып,
Нұр жүзінен бір сезімді ұқтырып.
«Сен жарайсың, Шәмші!..Жаса, жаса!» деп,
Сарай іші дуылдады тік тұрып.



Жүрсе дағы ел аралап қанша күн,
Бөлек еді ықыласы баршаның.
Көңілдерін ән билеген қонақтар,
Қош айтысты, айтып тұрып Шәмші әнін




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу