Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  119


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Ұсынам ақ маңдайлым Жәмилаға...»

Алла берген тектілік бар тегінде,
Тектіліктен сал да шығар, серің де.
Шабыттанып, жас таланты ашылып,
Шалқыды әндер сазгер туған елінде.



Қуаныштан жарылардай жүрегі,
Ізденісте, толғаныста үнемі.
Радиодан әні айтылса төбесі
Көкке жетпей қалғандай-ақ бір елі.



Әнің жетсе халқыңа сол – асқан бақ,
Аты шықты, неден енді жасқанбақ?
«Анамасы» елдің түспей аузынан,
Шәмші даңқы шыға берді аспандап.



Тіршілікте мына фәни жалғанда,
Пенде көнер тағдыр басқа салғанға.
Келін жұмсап, көре алмай қызығын,
Анасы өтті дүниеден арманда.



Жастықпенен қайда барса ерікті,
Сауық қуып, сері көңіл желікті.
Қарап тұрса сақал менен мұрт шығып,
Ойнап жүріп отызға да келіпті.



Бағалайтын кез жеткендей асылды,
Үлкен өмір есігі де ашылды.
Жар таңдаумен отыз жылдай жүргенде,
Жәмила қыз көзіне оттай басылды.



Ашық жарқын, сабырлы да сымбатты,
Ұмытыпты, алғаш не деп тіл қатты.
«Жәмила» деп таныстырды қыз өзін,
Бір сезімнің тереңіне шын батты.



Мұндай жанды қашан, қайдан көріпті,
Көрер көзге келбетті де көрікті.
Неше қыздар жүріп еді қасында,
Жәмила қыз алды бірден ерікті.



Жәмила қыз алды ерікті, елітті,
Тапты Шәмші өмірлік жар-серікті.
Достары айтты:-Өзі ақ көңіл жан еді,
Құдай өзі ниетіне беріпті.



Көп ұзамай, содан кейін үйленген,
Үйленгендер көңірсіген күйге енген.
Шабытты шақ кемелденіп, көркейіп,
Қызық қызып, өмір солай түрленген.



Баршаға аян болды істің мән-жайы,
Жолығар,-деп жүргенде,-жар қандайы.
Күлімдеген қара көздер қадалып,
Айдай аппақ жарқыраған маңдайы.



Өмір нәрі ― жарға деген сенімде,
Махаббаттың күйін еккен көңілге.
Әлімбаев Мұзафар мен бір жазған,
«Ақ маңдайлым» әні келді өмірге.



– Әнімді ұсынамын «Ақ маңдайлым»,
Болған соң өзің менің ақ маңдайлым.
Сағынып жар дауысын жүргенімде,
Ән беріп, алтын сырға таққандаймын.



Ұсынамын ақ маңдайлы Жәмилаға,
Тілімді келтірейін кәлимаға.
Өзіңдей асыл жанды таба алмаспын,
Барсам да Мекке менен Мәдинаға.



Жар сүюде өмірдің де бар мәні,
Орындалды жүрек жарған арманы.
Екі шумақ өлең жазып естелік,
Сүйген жары Жәмилаға арнады.



Ісі үлгілі, сөзі болды өтімді,
Жаңа әндері мәртебесін өсірді.
Бағланова Роза апай бір күні,
– Шәмші, маған ән жазшы,- деп өтінді.



Дауыл соқпай шайқалмайды тұнық көл,
Кірпияздау мінезін де біліпті ел.
– Мақұл апай,-деді Шәмші, ал енді,
– Розаның көңілінен шығып көр.



Розаның баға жетпес даңқына,
Әніменен сыйлы бүкіл халқына.
Бір бақыттан басы кетті айналып,
Әйгілі адам келіп отыр алдына.



Сасқалақтап, өн бойына жүріп от,
Жолыққандай кездеспейтін құдірет.
«Ақ маңдайлым» әнінің түп нотасын,
Апайына бере салды:-Міне!-деп.



Асқан сұлу елестейді, ай көрік,
Жетегінде барады әннің қайда еріп?
Шырқап кетті Роза апай шалқытып,
Дауысына айтқан әні сай келіп.



«Ақ маңдайлым» кең тарады ұнаған,
Болып жатты мінеген де, сынаған.
Ару қызға сұңқар жігіт сай келер,
– Шығар, Шәмші,- деді достар,- сыңар ән.



Осы ма еді Шәмші алдынан тосқан бақ,
Енді ғана ән сапары басталмақ.
Көп ұзамай «Ақ сұңқарым» шықты да,
Розаның даңқы кетті аспандап.



Көңіліне келер ойлар не түрлі,
Бұдан артық бақытың жоқ секілді.
«Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым» әнімен,
Роза әнші жаулап алды эфирді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу