Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  99


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Қалаубектің қалауы

Мырзашөлде бір оқиға басталып,
Қарсы келе алмай тағы жасқанып.
Баса алмастан іштегі ыза-күйікті,
Мандолинін сабалады бас салып.



ССРО жаңа жүйе енгізді,
Шыдай алмай бұған барлық ел қызды.
Хрущев кеп үкіметтің басына,
Мырзашөлді өзбектерге бергізді.



Жат қолында қалай бақыт құша алған,
Қазақ қашан құтылады тұсаудан?
Мақтарал мен Киров және Жетісай,
Аты шулы мақта егетін үш аудан.



Шеру тартар ғасырларға жаңғырып,
Ел айтатын әнұран қып мәңгілік.
Жас ұрпаққа жігер-қайрат беретін,
Мырзашөлді шырқау керек ән қылып.



Тең болмайды екі басты таразы,
Табылады досы менен аразы.
Қарсы шығып, күресуге дәрмен жоқ,
Іштей тынған халық бұған наразы.



Шешілетін мәселе емес атүсті,
Орыстарға бермекші екен батысты.
Айбергенов Төлегенді ертіп ап,
Жетісайда жиналысқа қатысты.



Халық бұған ерекше бір арнатты ән,
Жүрегіне түскен осы салмақтан
Озбырлықтың күйік-шерін баса алмай,
Қапаланып Шәмші келген сол жақтан.



Тұтата алсаң, жанатұғын алау көп,
Жүретұғын жанына ылғи жалау боп.
Әлденеге отыр еді алаңдап,
Кіріп келді Тұрсынқұлов Қалаубек.



– Шәмші, саған мен отырмын таңданып,
Бәлкім, айтсам қаларсың сен шамданып.
Шараппенен шабытыңды шақырып,
Отырмысың ән жазуға қамданып.



Комсомолдың хатшысы еді өлкелік,
Қызметке көтерген-ді ел сеніп.
Кісі болды оң мен солын таныған,
Қалыс қалып жігіттік пен еркелік.



Өзіңменен талай-талай кеңестім,
Өнерден де құр алақан демеспін.
– Ән жазады ішіп алып,-дейді жұрт,
Мен олайша ән шығарған емеспін.



– Өмір өтіп, жыл артынан келер жыл,
Тыңда сөзді, әй, көсегең көгергір.
Көп адамның қолы жете бермейтін,
Құдай берген қасиетті өнер бұл.



Дүниеде бар құдірет жүйесі,
Жүйелі істің қашанда бар иесі.
Аяқ асты етпе, саған қоныпты
Ұлы өнердің қасиетті киесі.



Жолы болмай жүр осыдан талайдың,
Мен оларға аянышпен қараймын.
– Шәке, сенің,-деді ойланып Қалаубек,
Жақсы сазгер болуыңды қалаймын.



Ашу-ыза,оны қалай басамын?
Намысымнан қатайдым да босадым.
Еріксізден мандол ұстап қолыма
Шалқығанда шықты менің осы әнім.



Шындық қажет, мәселенің нақтысы,
Қарсы шықты Тәшеновтей басшысы.
Артта қалған жастық шақты жырлайтын,
Мынау әнім болсын ашу бастысы.



Тарағандай ауыр ойдың азабы,
Кеткен жерді алады әлі-ақ қазағы.
– Мына әніме,- деді Шәмші,- өлеңді,
Тек Тұманбай ақын ғана жазады.



Өнерде ыстық, суықтар бар тоңатын,
Содан әндер кеңге самғар қанатын.
Күйіп-пісіп сонда шыққан Шәмшінің,
«Әнім сен едің» әні болатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу