Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  149


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Арыс жағасында

Күндер, күндер неге асығып жарыстың,
Елес беріп оралмайтын алыс күн.
Достарымен жай сейілдей қыдырып,
Жүрген еді жағасында Арыстың.



Сұлу Арыс сылаң қағып ағады,
Құстар сайрап, бір әуенге салады.
Кербез толқын иректеліп имене,
Әлсіз ғана аймалайды жағаны.



Жібек желдің желігі бір басылмай,
Алтын сәуле төгіледі асылдай.
Бірін бірі бара жатқан қуалап,
Толқын бейне жас арудың шашындай.



Достарымен серуендеген бір жүріп,
Әңгіме айтып отыр еді күлдіріп.
– Ассалаумағалейкүм, Шәке?- деп,
Қастарына жетіп келді бір жігіт.



– Қарапайым қазағымын даланың,
Келмесе де даусым әнді саламын.
Шәке, біздер бір ауылдан екенбіз,
Мен Қалқожа Жолдықожаев боламын.



– Болып тұрған азаматсың ортаң қол,
Көрініп тұр, болмаса да қалтаң мол.
Қалқожа,- деп Шәмші әлгіге қарады,-
Оны маған неге айттың, болсаң бол!



Таудан соққан желіменен жарыстым,
Бұл Арыста туғандарда бар ұшқын.
Жағасында бір сұлуға жолығып,
Ғашық болып таныстым да табыстым.



Жағалауға әкелмеді қай көктем,
Мазалайды мені осы ой көптен.
Сізге ендігі кездескен де шығар-ау,
Арыста бір қарақат көз бойжеткен.



Алаңдатып, ойын бөліп әлдене,
Жүрген шығар көйлек киіп, сәндене.
Кербезденген, шашын малып толқынға,
Сол сұлуға шығармайсыз ән неге?..



Кездесетін еркелері елдің көп,
Тура сөйлеп тұра берер елпілдеп.
Жүріп кетті әлгі жігіт қарамай,
– Мен Қалқожа, соны айтуға келдім,-деп.



Өре тұрып таң қалысты бәрі де,
Ине сұғып алды жанды жеріне!..
Не айтарын білмей қалды Шәмші де:
– Не деп кетті ей... Қап, Қалқожа, сені ме?



Мына жүктің ауыр болды салмағы,
Ән шыққанша Шәмші тыным алмады.
Ән де шықты Мұхтар жазып өлеңін,
Қалқожаның орындалып арманы.



Бір сұлу ән шықты, ұшқыннан от алды,
Таңырқатып үлкен-кіші, қатарды.
Қуанғаннан құстай ұшып кешікпей,
Алматыға радиоға апарды.



– Бұл вальс,- деп қасқа бастар ойланды,
Патриоттық әндер деген қайда әлгі?..
Жиналғандар жақтырмады кеңесте,
Жиын соңы үлкен дауға айналды.



Табылар ма вальс сырын ұға алған,
– Күдерімді үздім,- деді,- бұлардан.
Штраус деген сазгер Веналық,
Жүз елу екі вальсті өзі шығарған...



Тұрған күтіп, білектерін сыбанып,
Болмайтынын білгеннен соң бұл анық.
Қос дауыспен Нұрғали мен Ескендір,
Әнді эфирге жіберіпті шығарып.



Бұдан кейін тұрмады ешкім көлденең,
Сусындады әсем әнге шөлдеген.
«Арыс жағасында» кетті шарықтап,
Сағыныш боп жүрегіңді тербеген.



Ғашықтардың жүрек сыры ашылып,
Күйге енген көктем көңіл тасынып.
Қалқожаны қуантуға әдейі,
Темірланға келді Шәмші асығып.



– Біздің жаққа түсе бермес жол қайтып,
Тұрсыз ба әлде орталықты шалғайсып.
Қоймай жігіт алып келді үйіне,
Барылдаған даусыменен әнді айтып.



− Мейлі жұртқа ұнамасын, ұнасын,
Сол алғашқы аталғанға тұрасың.
Қалқожа деп қал болған соң қойыпты,
Молда қойған Сайлыбай ғой шын атым.



– Осы жұрттың жұмысы не атымда?
Қарап тұрсаң, сыймайды екен ақылға.
Құжаттарды ауыстырып қайтадан,
Өз атымды алдым зорға жақында.



– Орындалып сізге қойған талабым,
Қалқожа боп жүрген кезде жарадым!
Қане, аға, танысайық қайтадан,
Мен Сайлыбай Жолдықожаев боламын.



Басталған-ды шағын бір той бесінде,
Сыр шертілді, беу, Арыстың кешінде.
Сайлыбайдың үйіндегі думанды
Сол күн мәңгі қалды Шәмші есінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу