Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  405


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Қайықта әнінің хикаясы

Қызулы шақ, осылайша басталдың,
Ынтымағы жарасады достардың.
Радиодан шырқап әнші Байғали,
«Қаракөзі» әні болды жастардың.



Даңқы кетті тұңғыш «Қаракөзінің»,
Тасқындатып алаулы жас сезімін.
Жаңа достар, сауық-сайран, гүл бақтар,
Әнге бөлеп Алматысын өзінің.



Асау арман ақ қанатын жайып кең,
Айналаға көз жіберіп байыппен.
Саябақта қыздарменен танысып,
Қыдырады көлде жүзіп қайықпен.



Өлеңіне жазған сазгер әні бар,
Жүрегі бар досқа ағынан жарылар.
Жаңа досы Әлімқұлов Нұрсұлтан,
Ақын жігіт көпшілікке танымал.



Алматының саябағы, қайықта,
Мына өлеңді Шәмші өзің байыпта.
Шарықтатар шабытыңды шалқытып,
Серуенде өлең жазу айып па?



Жалынға да түсіп, шыдап ызғарға,
Шынығасың, шымыр болып біз барда.
Серуендеп қайықта алғаш танысқан,
Ән шығар,- деп шуылдайды қыздар да.



Сері көңіл қалау таппай желігіп,
Әсем әуен көңілінде өріліп.
Шабыттанған Шәмші ұзақ тербелді,
Бір ырғақтың әуеніне беріліп.

Шәкең жүрді бір мазасыз күй кешіп,
Әнін жазды Нұрсұлтанмен бірлесіп.
«Қайықта» деп қойды атын жаңа әннің,
Әні менен жазған сөзі үйлесіп.



Қай уақта да кір шалмайды тазаны,
Жамал апай радиоға жазады.
Оркестрмен орындады Бибігүл,
«Қайықтаның» кірді содан ажары.



Қалықтап ән, самал желдей есілді,
Деген кезде «бар мәселе шешілді».
Партсъезге қарсы шығып Нұрсұлтан,
Шарықтаған әннің жолы кесілді.



Зиялының болды көңілі толмаған,
Сонда дағы амалсыздан қолдаған.
Қателік,- деп,- Сталинді қаралау,
Хрущевқа жеделхатты жолдаған.



Тыныштыққа шақырады кім елді,
Басшылардың қабақтары түнерді.
Партияның қатарынан шығарып,
Нұрсұлтанды жер аударып жіберді.



Шаршап Шәмші ән тағдырын ойлаудан,
Атақ алды «белдеудегі байлаулы ән».
Қайта шырқап кете барды «Қайықта»,
Әлімқұлов келген кезде айдаудан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу