Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  256


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Алғашқы ән

Қамшы саптай қысқа ғұмыр өтпелі,
Ие жалғыз Жаратушы көктегі.
Із қалдырып өшпейтұғын артына,
Бұл дүниеге кімдер келіп, кетпеді.



Құс әуені құйқылжиды көктегі,
Көзді тартып, көркем дала көк белі.
Алматыда күн шуағы жадырап,
Келіп жетті мешін жылдың көктемі.



Көңіліне орнап мезгіл көктемі,
Сыңғырлаған сиқыр сезім жоқ шегі.
Шым-шым батып, шымырлатып, шалқытып,
Құйқылжиды мандолиннің ішектері.



Мейлің дала, мейлің іздеп қала кез,
Қарайламай қош айтысып бала кез.
Кездескенде қалатұғын қадалып,
Жәудірейді күлімдеген қара көз...



Алаулаған гүл өңінде балқып нұр,
Өн бойынан ыстық жалын шарпып тұр.
Тар бөлмеде бір шаттыққа кенеліп,
Әуенімен әннің Шәмші шалқып жүр.



Төгілдіріп әсем әуен шыққасын,
Ұстағандай үлкен өнер тұтқасын.
Бірге оқитын Мәдеш сонда келе қап,
– Керек,-деді,- өлең жазар мықты ақын.



Жаңа сазды Шәмші жүрді әндетіп,
Алматыда жаңбыр жауды селдетіп.
Кездесіп қап Шаңғытбаев ағасы,
Қасында бар ақын Ізтай Мәмбетов.



Мәдеш танып, ресторанға ап барды,
Тыңдамастан қалтадағы жоқ-барды.
Жайғасқан соң сөзін бастап Қуандық,
– Қане бала, әнді айтып көр,- деп қалды.



Жай басталып, ән байыппен сызылып,
Кететіндей нәзік үміт үзіліп.
Көпшіліктің алдындағы алғашқы ән,
Шырқады ұзақ қызығып та қызынып.



Беу жігітім, бір сезімге бөледің,
– Келешегің,- деп Қуандық,-өлеңің.
Қаракөзге көп қарайтын жас ақын,
Ізтай жазсын мына әннің өлеңін.



«Күлімдеген қара көздер қалалық,
Көп қарайсың, жалт қарайсың, қадалып...»
− Қараңдаршы,- деді Шәмші қуанып,
Шығады екен жақсы бір ән, ол анық.



Көңіліне асау ойлар сақтап сан,
− Болды,- деді Ізтай ақын жоқ тапқан...
Шәмші ұйқысыз, жүрек жарды қуаныш,
Алғашқы ән, аппақ көңіл, аппақ таң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу