Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  463


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Шәуілдірге Қажымұқан келгенде

Елжірейді күн шуағы көктегі,
Сағым жайып, жусан дала көктеді.
Соғыс өрті лаулап тұрған сол жылы,
Шәуілдірдің ерте шықты көктемі.



Көкте ойнап кемпірқосақ жасылы,
Жарқылдады найзағайдың жасыны.
Көл-көсір ғып суарды жер-даланы,
Арнасынан асып Арыс тасыды.



Сексеуілдер шешек атып гүлдеді,
Қызғалдақтар, сарғалдақтар жүлделі.
Құлпырады түкті кілем түріндей,
Қызылқұмның сағымданып қыр-белі.



Батыс жақтың өртке оранып орманы,
Ажал төніп, бір қиын шақ орнады.
Күн шықпастан қимылдаған халықтың,
Жауды жеңу – тілегі мен арманы.



Бұл соғысың бітер қашан, ұзақ па?
Ешкім жауап айта алмай бұл сұраққа.
Кетіп жатыр, кетіп жатыр ағылып,
Оралғаны азғантай-ақ бірақ та.



Бұл соғысың кімге ойран салмаған,
Талай-талай боздақтарды жалмаған.
Шәуілдірде бір шаңырақ жоқ шығар,
Алапатты соғыс өрті шалмаған.



Кербез дала кер сағымды жамылды,
Бүгінгі күн бөлек, думан-дабылды.
– Күш атасы Қажымұқан келді,-деп,
Елдің бәрі Шәуілдірге ағылды.



Жиналды жас, қарт-қария, даналар,
Дегендер көп «мені де ертіп ала бар».
− Палуан ата көрсетеді өнер,-деп,
Шуылдайды ауылдағы балалар.



Машинаны қозғалтпады күшімен,
Зіл тастарды лақтырады тісімен.
Сендей шибұт кетеді ұшып қаңбақтай,
Түртіп қалса саусағының ұшымен.



Қызық барда қандай адам шаршамақ,
Шәуілдірге жиналды бар шартарап.
Топ баламен келе жатыр Жәмшид те,
Қарындасы Раушанды арқалап.



Орта жолда Жәмшид қалды жөтеліп,
Жүзі жанып, қыз жанары от өріп.
– Шаршадың-ау, арқалайық кезек,-деп,
Раушанды Нәзипа алды көтеріп.



«Ғажап адам, теңдесі жоқ ғаламда,
Керемет күш береді екен адамға».
Деп көпшілік таңырқасты жиналған,
Келді мектеп жанындағы алаңға.



Шәуілдірде ауа тұнық, кеш жарық,
Жәмшид отыр шеттеу барып жасқанып.
Алып адам шықты дағы ұзамай,
Ынтықтырған ойын кетті басталып.



Күш атасын көруге елдің бәрі асық,
Топ баланың жүрістері жарасып.
Көмек, Халық, Тәжіхан мен Сейілхан,
Сөз бермейді бір-бірімен таласып.



Білектері сонша күшті қандай жан,
Алақаны күректей-ау мол жайған.
Бар балаға сөз бермейді Мырзахан,
Саргаккиді бір-ақ ұрған маңдайдан.



Осы уақытқа дейін соны білмеп пе ең!
Талай палуан қабырғасын күйреткен.
– Петерборда,-дейді білгіш Сейілхан,
Поддубный деген орыс үйреткен.



Рас болды балалардың көргені,
Палуан дене қызған сайын өрледі.
Иығына он жігітті мінгізіп,
Темірді де бұйым құрлы көрмеді.



Теңесерлік табылмады күштімен,
Сынған тасты жинап,-дейді, - «ұшқыны ем».
Жас Раушан қорқып жылап жіберді,
Машинаны өткізгенде үстінен.



Соқты желі сол Арыстың бойының,
Бөлінеді көрерменнің ойы мың.
Ел жиналып, бесін шақта басталған,
Қас қарая аяқтады ойынын.



Тағылады жігітке де кейде мін,
Еркін жүріп еркелемес елде кім?
Шешіп алып ортасына лақтырды,
Тәбәрікке жыртып алды көйлегін.



Қара судың бөліп ішкен жұтымын,
Бірлікті елдің болашақта құты кім?
Ырым қылып тумай жүрген әйелдер,
Өтіп жатыр арасынан бұтының.



Шаршамайды палуан кісі, талмайды,
Күдер үзген үміт жібін жалғайды.
Қалдаяқ та алып келіп баласын,
– Уа, Қажеке, бата бер!-деп қол жайды.
– Сен тынбайсың балға соғып күні-түн,
Уа, ұста, бар екен ғой жігітің.
Өзі нәзік, саусақтары жіңішке,
Әнші болар, жана берсін үмітің!



Басын сипап, төске маңдай тигізді,
Тигізді де бетінен бір сүйгізді.
–Кие қой,-деп,-тақиямды тер сіңген,
Палуан ата өз қолымен кигізді.



Қыдыр ата жақсыларға бұрылған,
Құр қалмайтын жұрт жасаған ырымнан.
Ұсталығын құрмет тұтып Қажекең,
Сыйлас екен Қалдаяқпен бұрыннан.



Құлаш ұрып биігіне арманның,
Ұмытылмас ақ батаны алған күн.
Сол бір кезден бастап Жәмшид атанды,
«Тақиясын киген бала палуанның».



– Аламанда,-деп,-алдынан көріне,
Өрле,-деді,- өнеріңнің өріне!
Бұрқыратып тердің кермек иісін,
Іліп қойды тақияны төріне.



Бақ қараса, келер істің жүйесі,
Қасиетті қара күштің иесі.
Бала өзгеріп сала берді сол күннен,
Сіңді бәлкім, сол тақия киесі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу