Өлеңдер ✍️

  03.05.2022
  175


Автор: Гүлманат Әуелхан

Махаббат пен мейірім

Қарсы алумен марғау әрбір таңымды,
Тарпаң тағдыр талағанда тәнімді.
Махаббат пен мейірімге бөледің,
Жапырақтай қалтыраған жанымды.

Көңілімнің гүл бақшасы гүлденді,
Қызыл жасыл болып әлем түрленді.
Үрей қара көлеңкелер тығылды,
Кеудеме кеп нұрын төгіп гүл қонды.

Оятпашы тәтті ұйқымнан жел келіп,
Жүрегіме жүрсең болды дем беріп.
Бақыт құшқан сәттеріммен күн кешем,
Тәтті елестер құшағында тербеліп…

Талай жылдар кеудемнен ұшып кеттің,
Елесіңді келген ем құшып көп күн.
Жүрегімнің түбінде ұйып тұрған,
Замзамынан сезімнің ішіп кеткін.

Сымбатыма,қымбатыма бас ұрған,
Сосын көңіл шашудайын шашылған.
Бебеулейді құлағымда бір әуен,
Жеткен сонау ғасырдан.
Ара сынды гүлден шырын жинайтын,
Махаббат ең тәңір ғана силайтын.
Жер көктегі жан тәнімнің қалауы,
Ешбір өлең жолдарына симайтын.

Мейірімнің құйдың жанға шуағын,
Жүрегімде жөңкіледі бір ағын.
Дірілдеген нұрдан құйған елесің,
Аспан жердің арасы ма тұрағың?!

Күздей сұрғылт өмірімді жаз еттің,
Көңілімді көктем еттің мәз еттің.
Тек сағыныш сыздатады жанымды,
Бәріде бар тірлігіме қажаттің…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу