03.05.2022
  669


Автор: Нұрпейіс Байғанин

Құбығұл

Көк Еділдің бойында
Уəли деген хан болған,
Батыр болған, бай болған,
Төрт түлігі сай болған.
Ойлағаны намыс пен
Қарал, жедел, ар болған.
Ықпалы жүрген күнінде
Бақыты асып, өрлеген,
Дұшпандасқан жауына
Ешбір ерік бермеген.
Тентек пенен телісін
Жүргізбей қияс, жөндеген.
Бақытты тұрмыс күнінде
Маңына жан келмеген.
Егер келсе дұшпан-шет,
Ешбір ерік бермеген.
Ықпалы жүрген күнінде
Малы менен бағы сай,
Тəрбиесі тағы сай
Патша еді халыққа,
Төресі ғаділ, сөзі жай.
Малы менен бағы тең,
Тəрбиесі тағы тең.
Шеттен дұшпан көз салса,
Əскер, құрал бəрі тең.
Сөйтіп жүрген Уəли
Тап жетпіске жас жетті,
Жастағы дəуір – бақ кетті.
Баласы жоқ, қубас хан –
Жайылып жұртқа ат кетті.
Үлкендікке шаталды,
Кəрілікке маталды,
«Қубас хан» халыққа аталды.
Бақыты кеткен күнінде,
Қартая келген шағында
Халқы ханға келмеді,
Алдияр айтып ханына
Елі сəлем бермеді.
Əңгіме айтса Уəли,
Елі қабыл көрмеді.
Сол халықтың даулысы
Хан екен деп Уəлидің
Алдына ешкім барған жоқ.
Уəлиді адам деп
Ешкім есіне алған жоқ.
Қайғымен көрді тарлықты,
Енді күні зарлықты.
Елемеді еш адам
Мінген тақыт, хандықты.
Құлдан көрді қорлықты,
Əркімнен көрді зорлықты.
Алдына ешкім келмейді,
Хан деп сəлем бермейді.
Осындай көрген қорлықты
Патша өксіп, еңірейді.
Енді ісі оңбады,
Малында ерік болмады.
Ықпалы қайтқан патшаны
Қараша жұрты қорлады.
Уəли бір ой ойлады,
Ойламасқа болмады,
Хан ойламай неғылсын,
Қартайған күнде оңбады.
– Бүйтіп тірі жүргенше,
Дүние жиып нетейін,
Дүние, бақыт, малымның
Баршасын талақ етейін.
Бір баланың зары үшін
Қаңғырумен өтейін.
Ел қорлығы өтті ғой,
Құлдардың берген зəбірі
Түп-түбіме жетті ғой.
Бір баланың қайғысы
Басымнан бақты төкті ғой.
Дүниеден күдер үзейін,
Кешікпейін, жүрейін,
Пірлерден тілек тілейін,
Темір аса қолға алып,
Темір кебіс киейін.
Хандық ауды басымнан,
Пақырлық, міскін жолымен
Дүние кезіп көрейін.
Мен патшамын демейін,
Енді қалған өмірді
Талайымнан көрейін.
Жердің жүзін кезейін,
Бақ пен малдан безейін,
Хандық, байлық күнімді
Қайыршыға теңейін.
Бүйтіп қорлық көргенше
Мен кетейін, кетейін.
Қайыры жоқ қонысты
Енді талақ етейін.
Қайғыменен қамығып,
Қаңғырумен өтейін.
Ықпалым жүрген күнімде
Қайырлы патша мен болдым,
Бақ, дəулетке кен болдым.
Əскерді оймен жүргізіп
Қайыспас берен ер болдым.
Бір баланың жоқтығы
Қартайған күнде кем болдым.
Тапталған тақыр, мысалы,
Бейне қара жер болдым.
Осындай тарлық көрген соң,
Халық қайғы берген соң,
Бір қылықты бастады.
Дүние, мал, шаһарды
Талақ етіп тастады.
Үлкейе келген шағында
Бір бала – ханның тілегі.
Қайғы, құса үдеді,
Дүниеден күдер үзеді.
Темір аса қолға алып,
Темірден кебіс киеді.
Талақ етіп елінен,
Қоныс еткен жерінен
Енді Уəли жүреді.
Ел билеген патшаның
Кеміген күні жүрегі
Дүние жүзін кезіпті.
Əулие қоймай қыдырып,
Халқынан солай безіпті.
Ел билеген ер еді,
Ақырында падиша
Осындай тарлық көріпті.
Əулие қоймай тарығып,
Бір бала үшін зарығып,
Жүдеді патша жабығып,
Қаңғырып кезіп жүрсе де,
Еш дегені болған жоқ.
Талабы ханның оңған жоқ,
Бармаған жері қалған жоқ.
Қаңғырумен жүреді,
Есі дұрыс Уəли,
Тек ақылдан танған жоқ.
Тоғыз айдай қыдырған,
Əулиеге сиынған,
Маңдайдан тері шұбырған,
Патша еді саналы,
Пірлерден себеп болмады,
Еш ишарат қонбады.
Іші оттай жанады,
Қайғыға қайғы ұласып,
Аяққа киген кебістің
Теңгедейі қалады,
Қолға алған асаның
Тебендейі қалады.
Бар киімі жыртылған,
Патша қайтып барады.
Еш ишарат көрген жоқ,
Тілегін пірлер берген жоқ.
Таңдайы қатып, арықтап,
Тек жаны бар, өлген жоқ.
Енді қайтты еліне,
Көк Еділдің өріне,
Туып-өскен жеріне.
Тап он айдың жүзінде
Қайта келді Уəли
Ұлы өзен Жеміне.
Ұлы Жемді жағалап,
Жердің жүзін аралап,
Шетірлінің бойына
Патша келді шамалап.
Жүдеп келген Уəли
Үш күн жатты паналап.
Оңғара ма Құдай деп,
Оң ойлаған талапты,
Үш күн жатып қарапты.
Үш күн жатып тынығып,
Маңындағы халықтан
Сұрап ішті тамақты.
Шетірлі бойын жағалап,
Тау мен тасты аралап,
Шетірліде қара су
Қасына келді шамалап.
Көңілінде бір ой бар,
Соны іздеп қарамақ.
Шетірлінің бойында,
Баба түкті əулие
Жүреді көңіл, ойында.
Қызыл жарды қарады,
Қара судан су ішіп
Шөлдегені қанады,
Жан-жаққа көзін салады.
Шырақ жанған зиратты
Уəли патша табады.
– Уа, Баба түкті пір бабам!
Басыңа келдім мен, – деді,
Іздегенім сен, – деді,
Халыққа патша мен, – едім,
Бүгінде болдым кем деді.
Ақсұңқар құс қыран ем,
Қартая келген күнімде
Қарғаға болдым жем, – деді.
Құлдардан көріп қорлықты,
Жалшыдан көріп зорлықты,
Көкірек қайғы-шер, – деді.
Жасым жеткен шағымда,
Қараша көзін салмады,
Менсінбеді ел, – деді,
Елемеді ер, – деді,
Ақырында халық қорлап,
Ел тізгінін бермеді.
Қиялы бүркіт қыран ем,
Құзғын менен қарғаға
Қартайып болдым жем, – деді.
Ықпалым тұрған күнімде
Ғаділ патша болғанмын,
Халқыма қорғанмын.
Қатарымнан озғанмын,
Қырымға қолым созғанмын.
Бақытым тұрған шағында
Талай жерге барғанмын,
Талай жауды алғанмын,
Дұшпанға бүлік салғанмын.
Ғаділшілік хандықпен
Халқымды баққан заңғармын.
Сол күнімнен айрылып,
Ақырында сандалдым.
Жердің жүзін айналдым,
Басыңа келіп зарландым.
Тап жетпіске жас жетті,
Қартайғанда бақ кетті,
Астыма мінген тақ кетті,
Падишамын тарыққан,
Қайғы шегіп зарыққан,
Тарлық көріп халықтан
Жердің жүзін айналып
Келдім қаңғып алыстан.
Халықтан көрген зорлықтан,
Құлдар берген қорлықтан
Мұңымды айтып зарығып,
Басыңа келдім сондықтан.
Қартайған күнде шаталдым,
Мұндай күнге маталдым,
Орта ноғай еліме
Қайыршы қубас атандым.
Басыңа келіп жыладым,
Пірден тілек сұрадым.
Бір баланың қайғысы,
Болмады халықта тұрағым.
Бұрын патша болсам да,
Бүгінде міне сияғым,
Өле кетсем, артымда
Қалмас болды тұяғым.
Сізден тілек сұрадым,
Неғылсаң да өзің біл,
Бір перзентті сұрадым.
Орта ноғай елінде
Мазасыз болды құлағым.
Баба түкті пір едің,
Басыңда тілек тіледім,
Бір баланың жоқтығы,
Суыды халықтан жүрегім.
Батырлардың бабасы,
Жығылғанды тұрғызып,
Қисайғанды түзедің.
Соны айтты да Уəли
Қатып келген қабағы,
Шаршап келген бейшара
Қалғып кетіп барады.
Көзі ілініп ұйқыға,
Көңілі кетіп барады.
Мейірім болар бабадан
Қасына келген пақырға,
Жетпіске келген шағында
Аса таяқ қолында,
Ақ шалмасы басында,
Ақ шалмалы қарт адам
Осындай келіп қасында,
Ишаратпенен сөйлеп тұр
Жылап келген пақырға:
– Уəли патша сен едің,
Баба түкті мен едім,
Көзіңнің жасын көремін.
Тарығып келген азамат,
Тілегіңді беремін.
Жылап келген пақырым,
Сізге тисін себебім,
Бақытты нақ күніңде
Ел билеген ер едің,
Айтулы ханның өзі едің.
Ел намысын бермеген
Білікті ханның өзі едің.
Зарығып келген пақырым,
Тілегіңді берейін,
Көзіңнің жасын көрейін.
Уəли, сені жебейін,
Қолыңды жай, бата берейін,
Бір перзент берейін.
Шетірлінің бойында
Басыма патша келер деп
Бар едің, балам, ойымда.
Арынды нəсіп тұйғынсың
Ашылдық сенің жолыңда.
Бақытты жастық күніңде
Қорғаны едің халықтың,
Шыңнан əскер жүргізіп
Талай жаумен алыстың.
Дұшпандасқан жаулардың
Талайын таптап, жаныштың.
Ықпалың қайтқан уақытта
Басыма келіп зарықтың.
Қайғыңды, патша, жой, – деді,
Қараңғыдан аршылсын
Қамыққан қайғы, ой, – деді.
Бір перзентті беремін,
Дүние малың сой, – деді.
Садақа етіп барған соң,
Кешікпей қыл той, – деді.
Тарығып көрген жалғыздың
Құбығұл атын қой, – деді.
Мерекеңе балаңа
Ұлы жиын той болсын,
[Бұл] тойыңа сойғаның
Ту бие мен қой болсын,
Ұзақ өмір, ұзақ күн
Балаңның жасы мол болсын.
Мейірімді ұл болсын,
Ықылас батам шын болсын.
Қайтпас жүрек, қайратты ер
Бір Құдайға құл болсын.
Алтыннан түбек ойылсын,
Уəли, қайғың жойылсын.
Алтыннан түбек ойылып,
Күмістен шүмек қойылсын.
Менің берген бұл батам
Сізге қабыл болынсын.
Сөйдеп қолын жаяды,
Бір батасын қағады.
Ұйқысынан оянып,
Төңірекке қарады.
Тұра келсе, ешкім жоқ,
Мұнысы қалай болды деп,
Көңіліне алады,
Жүгіріп кетіп барады.
Сүйегі бекіп тыңайып,
Тимеді жерге аяғы.
Көңілінде құса, қасірет
Кеткенге ұқсап баяғы.
Шынықпай сүйек неғылсын,
Шын ишарат көріпті,
Көңілі өсіп желікті.
Көңілі өспей не қылсын,
Ақ шалмалы бір адам
Ақ батасын беріпті.
Бір батасын береді,
Қуаныш еткен жер еді.
Зарығып келген бұл қартқа
Бабаның тиген себебі.
Шыққан жері Жем еді,
Көк Еділдің бойына
Екі күнде келеді.
Жəрдем беріп нашарға,
Пірдің тиді себебі.
Өзінің мекен жеріне,
Орта ноғай еліне
Екі күнде келеді.
Елі-жұртын жияды,
Адамның басын құрады,
Садақа түске қылады.
Пақыр менен міскінге
Садақасын береді,
Қожа менен молда, ишан
Олжалы болған жер еді.
Келгендерден бата алып,
Сол зарыққан Уəли
Көңілі тынды деп еді.
Үлкейгенде осындай
Уəли кемдік көріпті.
Зарыққанда патшаға
Бір себебін беріпті.
Қаныш тоқал – жас қатын
Он екі айда-ай жеріпті.
Қызығына шыдамай,
Қатты жүдеп, зарығып,
Табылмай жерік тарығып,
Зарығып ұзақ жүреді.
Қызығына шыдамай,
Қыдырып жүрген шағында
Көкше таудан алмас тас
Бұл əйелге табылды.
Назары ауып сол тасты
Ауызға салып шайнайды,
Тастан тісі таймайды.
Қуаныш кіріп көңілі
Ажарланып жайнайды.
Ажары кіріп желікті,
Күннен-күнге тыңайып
Жүдеген əйел серікті.
Жеті мүше бəрі де
Жазылып тəні еріпті.
Бес айдың жүзі болғанда
Балаға іште жан бітіп,
Білініп іші қалады.
Тоғыз ай, он күн болғанда
Ұл перзентті табады.
Дүниеге бала келген соң,
Тілегін Құдай берген соң,
Айғыр сойып ақыртты,
Бура сойып бақыртты,
Қол астын қоймай шақыртты.
Той ететін ой болды,
Хан тойына сойғаны
Ат, айғыр, түйе,қой болды.
Хан тойына шақыртып,
Дүйім халық ел келді,
Бай менен бек тең келді.
Тұлпар мініп ту алған
Жау дегенде қуанған,
Қайтпас берен ер келді.
Ел де келді ол тойға,
Тұлпар мініп, ту алған
Ер де келді ол тойға.
Асыл киіп, қырынған,
Тойға құмар бұрыннан,
Жүйрік мініп ұрынған,
Той дегенде қызынған
Сері де келді ол тойға.
Қызық тойға келмеген,
Мереке, қызық көрмеген
Кіл мүсəпір, пақырлар,
Кем де келді ол тойға.
Көптігін азға білдірген,
Күш қылып елді бүлдірген,
Зорлық қылған аздарға
Көп те келді ол тойға.
Үкімін жұртқа жүргізген,
Ел бастаған би менен
Бек те келді ол тойға.
Қол астынан сыртқары
Шет те келді ол тойға.
Батыр менен жиынға
Паң да келді ол тойға.
Қарашысы қасында
Хан да келді ол тойға.
Дүние дəулет айдаған
Бай да келді ол тойға.
Самайынан бит аққан
Тазда келді ол тойға.
Буындары дірілдеп,
Көзінің алды іріңдеп
Шал да келді ол тойға.
Ақ шалмасы басында,
Шəкірттері қасында,
Молда да келді ол тойға.
Бағымдары соңында,
Табиб кітап қолында,
Қожа да келді ол тойға.
Сəлделері қазандай,
Мал табатын амалды-ай,
Мал табуға талапты
Аузын ашып арандай,
Атын қойып мал табу,
Оқысып тамам намазды-ай.
Мүлəйімсіп, мүлгісіп,
Табатұғын мал үшін,
Салып отыр азанды-ай.
Киім киіп, қырынған,
Мінген аты ұрынған,
Тойға құмар бұрыннан
Жас та келді ол тойға.
Кілең қайқы серілер,
Мас та келді ол тойға.
Кер маралдай керіліп,
Басуына ерініп,
Той дегенде серігіп,
Сауырдан шашы төгіліп,
Қос шашбауын тебініп,
Хор қызындай көрініп,
Құмырсқадай белі бар,
Қас сүрмелі көзі бар,
Сұлу, сымбат жүзі бар,
Қылаң кердей қылаңдап,
Ақ қайраңдай сылаңдап,
Нəзік белі бұраңдап,
Қиғаш қасы қиылып,
Қыз да келді ол тойға.
Орай жібек салынған,
Беті қызыл жалыннан,
Ару жандар неғылған
Əзілдесе құрбысы
Көріскенше сағынған.
Балдан тəтті сөзі бар,
Қас сүрмелі көзі бар.
Мысалы, самал секілді,
Əдемі сөз лебі бар,
Көрген асық болатын,
Көрсе, көзі тоятын,
Əзілдесіп сөйлессе,
Арман кетіп көңілден,
Қайғысын мүлде жоятын
Келіншек те келді ол тойға.
Шекелері тоқпақтай,
Жауырыны қақпақтай
Ұл да келді ол тойға.
Өзімдікі заман деп,
Кім таласар маған деп,
Өзінен бөтен өзгені
Бəрі менен жаман деп,
Өзгеден артық көңілім,
Жолдасым жақсы жаран деп,
Бай мен ханның баласы
Мырза да келді ол тойға.
Еркіменен жүрмеген,
Кеңшілікті білмеген,
Құл да келді ол тойға!
Иықтан қабы түспеген,
Қызыметін істеген,
Дəмді тамақ ішпеген
Күң де келді ол тойға.
Біліктіден сөз алған,
Ақыл сұрап жол алған
Шешен де келді ол тойға,
Ел бастаған білімді
Көсем де келді ол тойға.
Той көрмесе еріккен,
Тойды көрсе желіккен
Есер де келді ол тойға.
Сөзден шашу шашатын,
Халықтың көңілін ашатын,
Қалмай келді ақындар,
Тентек пенен сақилар
Мүсəпір мен пақырлар,
Ақсақ пенен соқырлар,
Жиылып халық топырлар.
Жəне қалмай келіпті
Сары қарын қатындар.
Неше түрлі көп малды
Хан тойына арнаған,
Домбыра, қобыз шерітіп
Бақсылар да қалмаған.
Орта Ноғай елінен
Жан қалмады бармаған.
Сүрініп кетіп «көтек» деп,
Бірін-бірі жетектеп,
Бесікке салар кəдесін
Əлдекім алып кетед деп,
Күңкілдесіп өсектеп,
Кемпір де келді ол тойға.
Осындай қызық қылғызып,
Халқын қоймай жиғызып,
Ортадан балуан тұрғызып,
Үйдің аузын ашады,
Шелектеп алтын шашады,
Халық олжаға батады.
Тамам мерген жиылып
Алтын қабақ атады.
Алтын қабақ аттырды,
Ат бəйгесін шаптырды,
Риза етіп халықты
Қуандырып шат қылды.
Сапырулы сары қымыз
Келген жанды мас қылды.
Молда, қожа көп еді,
Ат қоятын жер еді,
Ат қоюға таласып,
Қожа менен молданың
Төбелесер жері еді.
Ат қоюға таласты,
Шариғаттың жолынан
Енді молда адасты.
Бір-біріне жол бермей,
Асаменен сабасты,
Құндақтаған баланың
Тұс-тұсынан қамасты,
Төбелесті, салысты,
Үй ішінде алысты,
Асаменен ұрысып
Молдалар басын жарысты,
Басының қаны ағысты.
Уəли сұлтан ханына
Айтысуға барысты.
– Қожа, молдам сен едің,
Қайырлы ханың мен едім.
Дүние-малға таласып,
Ақылыңнан адасып,
Төбелескен нең еді?
Қуанышты күнімде
Бəріңді бірдей көремін,
Сан жетпейтін малымды
Қолымнан санап бөлемін,
Шашуы үшін баламның
Дүние малды беремін,
Жақсың менен жаманың
Бəріңді бірдей көремін.
Ізетпенен келіңдер,
Шашуымды беремін.
Зарығып көрген бала үшін
Дəулетімді жоямын,
Тірі болса жалғызым,
Дүние-малға тоямын,
Шашуымды алыңдар,
Өзім атын қоямын.
Хан тілегі болған жер,
Қызығы үшін баланың
Дүние малды сойған жер,
Пірі атап берген соң,
Құбығұл атын қойған жер.
Көп дəулетті бөліпті,
Қожа менен молдаға
Бірдей бөліп беріпті.
Мүсəпір, пақыр, нашарлар,
Жиып алып баршасын,
Бірдей бөліп беріпті.
Халықтан бата алады,
Ел батасын қағады,
Міскін, пақыр, нашарлар
Байып кетіп барады.
Бесікке салар жер болды,
Бұ да талас сөз болды.
Əр атаның ұлынан
Сансыз кемпір кез болды.
Бесікке салар жолына
Үлкен талас сөз болды,
Бұ да шатақ жер болды.
Кемпірлер сонда таласты,
Дүние үшін таласып,
Кемпірлер жолдан адасты.
Бірқатары қолға алды
Жерден көсеу ағашты,
Көсеуменен сабасты.
Бастарынан қан ақты,
Төбелесті салысты,
Бір-біріне жабысты.
Кең сарайдың ішінде
Сансыз кемпір алысты.
Опыр-топыр жығылып,
Талайлары талыпты.
Амалы көп бір қатын,
Өзі жесір тұл қатын,
Амалы асқан сұм қатын,
Айласы көп қу қатын,
Төбелестің ішінде
Сол балаға барыпты.
Құндақтаған баланы
Ептеп ұстап алыпты.
Ұлықсат сұрап анадан,
Баланы сұрап алыпты,
Сол бесікке салыпты,
Дым бітпеген қу қатын
Шала байып қалыпты.
Мереке, тойын өткізіп,
Көңілі патша тасқандай,
Қуаныш өршіп аспандай,
Шашуменен тарқасып
Олжаға халық мақтанды-ай.
Перзенті Құбығұл
Қырқынан шығып күледі.
Қуанышқа толады
Ата-ананың жүрегі.
Көңілінде арман жоқ,
Əке менен шешесі
Перзентін сүйеді.
Дөңгелек жүзді көрікті,
Бірге жасы келіпті.
Зарығып көрген Уəли
Осындай қызық көріпті,
Екі жаста жүріпті.
Қадырлы ханның баласын
Халқы қалап сүйіпті.
Сияғына қарасаң,
Құбығұл бала сүйікті.
Үш пенен төртке келіпті,
Ата менен анасы
Ермек етіп желікті.
Көңілінде қайғы жоқ,
Қуаныш заман көріпті.
Бес пен алты жасында
Бала ойлайды ақылды,
Қанша ерке болса да,
Тентек емес мақұл-ды.
Қызығымен баланың
Ата менен анасы
Мырзалығын асырды.
Кем-кетік келсе үйіне,
Қайырым деп қолынан
Күнде берер шашуды.
Қонақтан бойын тартпайды,
Есігі күнде ашулы.
Жетіге келген шағында
Ат жақсысын мінеді,
Сəнді киім киеді,
Хан мақсаты орынды,
Қабыл болған тілегі.
Ардақты ханның баласы
Көркем сөзді, көрікті.
Ұйықтап жатса түсінде
Бір сұлу қыз көріпті.
Қасына ару келіпті,
Келе сөйлей беріпті:
– Хан баласы сен едің,
Ханның қызы мен едім,
Сен болдың менің керегім,
Сен мұнда да, мен онда,
Түсіңде аян беремін.
Ғашық болдым, Құбығұл,
Дидарласып бас қосып,
Бір қосылсам деп едім.
Мен сендікпін, ей, батыр!
Уəдемді беремін.
Хан баласы сен, – дейді,
Ханның қызы мен, – дейді,
Ғашық болдым, Құбығұл,
Ер болсаң іздеп кел, – дейді,
Ғашық көңіл асығыс,
Досым, іздеп кел, – дейді,
Жеделсіз шіркін болмасаң,
Қолыңның ұшын бер, – дейді,
Сен сұңқар да, мен аққу,
Əуселемді көр, – дейді.
Түсінен шошып оянып,
Əкесіне келіпті,
Көрген түске сеніпті.
Құбығұл бала желікті,
Түсін айта беріпті:
– Əке, түсті шын көрдім,
Ай мен күннен нұр көрдім,
Оң қолыма ұстаған
Жасыл ала ту көрдім,
Бүгін көрген түсімде
Айдан да сұлу қыз көрдім,
Ұялсам да айтамын,
Осы түсті шын көрдім.
Көрген түсім жөн, – дейді,
Түске сендім мен, – дейді.
Түсіме кірген сұлудың
Мəнісін айтып бер, – дейді.
– «Түс – түлкінің боғы» еді,
Сені көрмей жүргенде
Көкірек шерлі, қайғылы,
Ішім жалын шоқ еді.
Түсіңде көрген сұлудан
Еш хабарым жоқ еді.
Түске нанба, шырағым,
Сені көрмей қартайып,
Болмады елде тұрағым,
Орта ноғай елінен
Мазасыз болып құлағым,
Бір баланың зарынан
Өксіп талай жыладым.
Əулие қоймай қыдырып,
Темір кебіс аяқта,
Қу таяқпен сыдырып
Пірлерге барып үңіліп,
Бақ пен малдан түңіліп,
Жалғызым, тілеп алғанмын.
Сені көрмей тұрғанда
Еңіреп өксіп зарландым.
Ақылдан ауып сандалдым,
Өлдім-өштім дегенде
Пірлерден сұрап алғанмын.
Қорлық көріп халқымнан,
Жылауменен шерлендім.
Зарығып, шаршап, тарығып
Қартайғанда көргенмін.
Жеті жасар күніңде
Түске азып, неге желдендің?
Түске алданба, шырағым,
Сені көрмей тұрғанда
Мазасыз еді құлағым.
Ғайып түске алданып
Менен бұйым сұрадың.
Қол астымды жияйын,
Халқымнан сұрайын.
Сен дүниеге келген соң,
Ашылды жүз бен шырайым.
Тарығып көрген жалғызым,
Қатты айтсам, қайтар райың.
Хабарын білсе сұлудың,
Халқымнан оны сұрайын.
Осы бүгін қайта тұр,
Ертең баян қылайын.
Бала алданып барады,
Əкесінің бұл сөзі
Баласына жағады,
Келер кешке болғанда
Кеше көрген сұлу қыз
Тынымын тағы алады:
– Хан баласы сен, – дейді,
Ханның қызы мен, – дейді,
Жеделсіз жаман болдың ба,
Желікпеген нең, – дейді.
Жеделді туған ер болсаң,
Алыстан іздеп кел, – дейді.
Ғашықтықтан сарғайдым,
Қолыңның ұшын бер, – дейді.
Толықсып тұрған жасымда,
Қайғысы ғашық басымда,
Ұйқыға көзім ілінсе,
Тұрасың, досым, қасымда.
Жеделді туған жан досым,
Қайғыға мені батырма,
Іздегені жолында
Жедел еткен батырға.
Тағы ұйқыдан тұрады,
Ғашықтан іші қызады,
Елең-алаң уақытта
Ордада жатқан қартының
Қасына келіп тұрады.
– Жалғыз балам сен едің,
Қуанышты əкең мен едім,
Мезгілсіз келген нең еді?
Жұмысыңның айтып бер
Кəрі əкеңе себебін.
– Қайғымды айтам мен, – деді,
Сүйеніш бабам сен, – деді.
Кеше көрген сұлу қыз
Тағы тыным бермеді.
Кешегі айтқан сөз, – деді,
Ғашығымның хабарын
Хан əке, айтып бер, – деді.
– Елге хабар салғанмын,
Халқымды жиып алғанмын,
Халқым хабар білмеді.
Не екенін біле алмай
Аң-таң болып қалғанмын.
Қарғадай бала күніңде
Неге мұнша зарландың?
Қайғы салдың əкеңе,
Ой таба алмай сандалдым.
Сағынып көрген шырағым,
Əкеңе ақыл саларсың.
Түске алданба, Құбығұл,
Ержеткен күніңде
Теңіңді іздеп табарсың.
Астана ел халқыңнан
Қалаған қызды аларсың.
– Қабартпа, ата, көңілді,
Қалдырма ғашық зейінді,
Түсте ғашық, айтып бер
Сағынысқан теңімді.
Жеделімнен танбайын,
Өзге қызды алмаймын,
Түсімде көрген ғашықты
Іздемей, сірə, қалмаймын.
– Атаңның хандық бағы бар,
Бұл жеделің шын болса,
Қайғымен əкең тарығар.
Астана жұрт халықтан,
Жалғызым, теңің табылар.
Өксіп көрген жалғызым,
Тілімді алсаң не қылар!
– Əкем шынын айтпады,
Өтінем, анам, саған-ай!
Ғашықтың дерті жаман-ай,
Білгенің болса айтып бер,
Жалынып тұрған балаң-ай.
Түсте көрген тең құрбым
Тіпті есімнен кетпейді,
Іште ғашық жанады-ай.
Құбығұлдың шешесі
Шыдамайтын балаға,
Ананың, сірə, пешесі,
Айтылар сөздің төтесі,
Жалынып тұрған балаға
Айтылар шындық көшесі.
– Шырағым, менен сұрадың,
Сені көрмей тұрғанда
Талай өксіп жыладым.
Түсіңді байқап сынадым,
Сен туған соң, қарағым,
Кеткен менен уайым.
Əжекелеп өтіндің,
Шын айтпай не ғып, шыдайын.
Қайта келмесе игі еді
Баяғы көрген уайым.
Егер шынымды айтпасам,
Қайтады маған райың.
Түсіңде көрген сұлуды,
Қарағым, баян қылайын:
Төрт айшылық жер еді,
Бір айшылық көл еді,
Адам бармас ел еді,
Хабар талып келеді.
Теңгеліктің ар жағы,
Шадыра ханның тұқымы
Əділбайдың Ақбілек
Айдан сұлу деп еді.
Мұңымды айтып толғаймын,
Қолымнан кетсең оңбаймын.
Түсіңе кірген сұлуды
Сол болар деп ойлаймын.
Адам барар жер емес,
Түске алданып, шырағым,
Қыз іздеуің жөн емес.
Ақбілектің хабары:
Сымбат бойы, ажары
Ай мен күннен кем емес.
Құралды, берік қаласы
Ер баратын ел емес.
Тілімді алсаң, шырағым,
Сөзімді қабыл аларсың,
Ханның қызы ханша бар,
Байдың қызы паңша бар,
Бұралған белі талша бар,
Қасыңа қырық жолдас ал,
Сұлуларға көзің сал,
Сансыз дүйім халықтан
Жаратқан қызыңды таңдап ал.
Əкеңде бар дүние-мал,
Дəулетті айдап қызға сал.
– Ата-ана тілін алмаймын,
Он сан үйлі халыққа
Атымның ізін салмаймын,
Ақбілектей аруды,
Тіпті, іздемей қалмаймын.
Ғашығым енді табылды,
Құдай ашар бағымды,
Қайта-қайта қайырып
Сындырмаңдар сағымды.
Хабарын біліп Білектің
Ішімнен қайғы арылды.
Кеспесе Құдай қарымды,
Жібермей жауға арымды,
Қалмақтан алып құшармын
Ақбілек сұлу жарымды.
Əке-шешем сен, – дейді,
Жалғызыңмын мен, – дейді.
Алыс сапар жол шегем,
Ризалықпен көн, – дейді.
Ел билеген хан əкем,
Жеделденген балаңмын,
Тұлпар тауып бер, – дейді.
Уəлидей хан əкем,
Өзіме-өзім сенемін.
Жазылған шығар маңдайға
Бақытымнан көремін.
Үнемді күнім таусылса,
Үйде отырсам да өлемін.
Өтінемін, қарт ата,
Бір тұлпар ат – керегім.
Сонда Уəли сөйлейді:
– Ат бермей неғып шыдайын
Тарығып көрген балама,
Қайғы салмаса игі еді
Қараңғы түнек замана.
Өрістегі көп жылқы,
Қарағым, бар да арала.
Бөлек жатыр қара ала,
Қолайыңа жаққан ат,
Өзің сына, қара да.
Тағы бөлек құла ала,
Басқа жатыр сұр ала,
Өзің байқа, сына да.
Ақты жылқы бір бөлек,
Көкті жылқы бір бөлек,
Торылы жылқы бір бөлек.
Сан жетпейтін көп жылқы
Ішінен тұлпар табылар,
Құрық ал да, жүген сал,
Көп жылқыға барып қал.
Көңіліңе жаққанға,
Шырағым, бар да құрық сал.
Құбығұл, сенің жолыңа,
Мал түгіл, құрбан кемпір-шал.
Белге жүген шалады,
Қолға құрық алады,
Көп жылқыға барады.
Жүйрікті сынап қарады,
Мақтауға сияр тұлпар жоқ,
Тауы қайтып Құбығұл
Жабығып кетіп барады.
– Уəли əкем сен, – деді,
Тарыққан балаң мен деді.
Мінуіме тұлпар жоқ,
Кілең итті жиған нең? – деді.
Халқыңда тұлпар бар болса,
Хабарын айтып бер, – деді.
– Сені көрмей тұрғанда
Көкірек қайғы, шер еді.
Жылаумен көзім көр еді,
Мінуге тұлпар жоқ болса,
Жиған жылқым сол еді.
– Бір тұлпар ат бермеді
Уəли əкем маған-ай,
Өтінем, анам, саған-ай.
Сан жетпейтін жылқыдан
Мінуге тұлпар таба алмай,
Мен қайғылы балаң-ай.
Білгенің болса, əжеке,
Перзентіңнен аяма-ай.
Анасына өтінді
Сағынып көрген баласы.
Шыдамады жалғызға
Шешесі байғұс шамасы,
Тарығып көрген Құбығұл
Көзінің ақ пен қарасы.
– Жалғызым, балам Құбығұл.
Ғашық өрті ішінде,
Ақбілектей аруды,
Жалғызым, көрдің түсіңде.
Жас та болсаң, Құбығұл,
Досың менен дұшпаның
Іші толар пішінге,
Жақсылық пен жамандық
Құдіреттің күшінде.
Кетем десең, шырағым,
Көңіліңде ғашық іңкəр бар,
Оң қолыңа қондырасың,
Жібек баулы сұңқар бар.
Ұлы Құмсай бойында,
Шалғынды көлдің ойында
Жетпіс құла тұлпар бар,
Тез беліңе жүген сал,
Шынжыр баулы құрық ал,
Жайылулы жатқан тұлпардың
Қалағанын мініп ал.
Бір ат түгіл, қара орман,
Садақа сенен кемпір-шал.
Құбығұл бала қуанып,
Қолға құрық алады,
Белге жүген салады,
Ұлы Құмсай бойына
Жаяулап кетіп барады.
Сол жетпіс бір құланы
Əкесі бөлек бақтырған,
Тəтті көлге жаптырған.
Құландайын таңдатып,
Құйрығымен ойнатып,
Тұлпардың көңілін шат қылған.
Тұнық су, қалың шалғын көлде жатқан,
Қарауылдап сыртынан құлдар баққан.
Өзі хан неғылса да пұрсаты бар,
Тұлпарға мұндай жайлы қоныс тапқан.
Қолда құрық, белінде жүгені бар,
Құбығұл келе жатты ауыл жақтан.
Семіріп, ереуілдеп жараған ат,
Көрген соң Құбығұлды үркіп қашқан.
Алыстан болжап тұрады,
Құлаларды сынады.
Мақтаулы тұлпар ат емес,
Сынап көңілі тынбады.
Тұлпарды сынап жүреді,
Əбден сынап көреді.
Мақтауына сиярлық
Асқан тұлпар ат емес,
Біріндеп сынап келеді.
Шешесінің айтқанынан,
Санаса, бірі кем еді.
Ұлы Құмсай тарауын,
Кем болған соң біреуі,
Тағы қарап келеді.
Талма-тал түс болғанда,
Күнге қарап жусаған
Бір құла атты көреді.
Алды-артынан шығады,
Құлаша атты сынады,
Сынап көңілі тынады.
Қайшыланған құлағы,
От орнындай тұяғы,
Көрген жерден батырдың
Ықыласы құлады.
Əр мүшесі келісті,
Көңіліне ұнады.
Назарын атқа салады,
Көңліне Құла жағады,
Құлаға құрық салады,
Тоқтатпастан аяғын
Құлаша ат сүйреп барады.
Табанын тасқа тіреді,
Шынжыр баулы құрықпен
Маңдайын бұрып Құланың
Шықшыттап жүген салады,
Құланы ұстап алады,
Жануарға тіл бітіп
Адамдай сөйлеп барады:
– Адастың, батыр, сен, – деді,
Мұнша адасқан нең, – деді,
Қанша тұлпар көп еді,
Қартайып қалған тұлпармын,
Бүгінде бəсім кем, – деді,
Мəстекпен күшім тең, – деді.
Баяғы жас күнімде
Соққан желдей гуледім,
Басқан ізім сүрледім.
Қазандай тас кездессе,
Балшықтай басып иледім,
Тау мен тасты білмедім.
Уəли əкең мінгенде,
Мені мініп жүргенде,
Сансыз жауға тигенде
Таймаған тастан тұяғым.
Құбығұл, тыңда, шырағым,
Қайырлы тұлпар мен болып,
Əкеңнің еттім мұрадын.
Жастағыдан кеміген
Шабыс пен қайрат, сияғым.
Уəли əкең мінгенде,
Мені мініп жүргенде
Талай жерге барғанмын,
Жау көргенде көсіліп
Бауырымды жазғанмын,
Əкеңнің мен жолдасы,
Барған жауын алғанмын,
Жасым жетіп қартайып
Шабысымнан танғанмын.
Менің немді сұрайсың,
Қырық сегіз жасымда
Сар буын болған жазғанмын.
Жастағыдай шаба алман,
Буын, мүшем босаған.
Алыс жерге бара алман,
Бауырымды жаза алман,
Барған жауың ала алман.
Кəріліктің жөнінен,
Шырағым, көңілім қабарған.
Сырымды айттым, Құбығұл,
Шырағым, өзің білерсің.
Ұлықсат бер кəріге,
Жастың бірін мінерсің.
Жас тілегі қабыл-ды,
Ғашық болған жарыңды,
Ер Құбығұл, сүйерсің.
Мұнымды мақұл көріңіз,
Мақұл ету жөніңіз,
Жасы жеткен кəрімін,
Қартқа рұқсат беріңіз.
– Ұлы Құмсай тараудан
Құлаша тұлпар табылды,
Ашар Алла бағымды.
Тау қайырып, жануар,
Сындыра көрме сағымды.
Сені мінсем, құшармын
Ақбілек сұлу жарымды.
Неғылсаң да өзің біл,
Мінер атым табылды.
Сен болмасаң, жануар,
Ол жетпіс бір құладан
Мінуге тұлпар таба алман.
Онан мінсем бір атты,
Шадыра ханның еліне
Жақын күнде бара алман.
Бейнет шегіп бұл жолдан
Қайтып үйім таба алман.
Самырлығың салынған,
Күншығысқа қараған,
Күйің түскен Құласың
Бақытыма табылған.
Əкем мінген Құлаша,
Ақбілектей аруды
Арзу едім сағынған.
Қос құлағың тігілген,
Ор текедей жүгірген,
Əр мүшеңе қарасам,
Қартайсаң да, жануар,
Тұлпарлығың білінген.
Ол жетпіс бір құладан
Көңілім сынап түңілген.
Сынауыма толғандай,
Мақсатым менің болғандай,
Үстіңе мінсем, жануар
Таудай бақыт қонғандай.
Ақ ниетте көңілім,
Сапарды Алла оңғарғай.
От орнындай тұяғың,
Ұшқырлы жебе құлағың,
Өзгеден артық сияғың,
Жануар, сені сынадым.
Егер мінсем бұл жолға,
Ойлаған болар мұрадым.
Алды-артыңнан сынасам,
Алысты қылған жуықтай,
Толғаған мойның құрықтай,
Көңілімді, құла, суытпа-ай.
Үкілі құйрық, майда жал,
Сендей болмас өзге мал.
Өтінемін, жануар,
Өтінішім жадыңа ал!
Сауырлығың екі кез,
Шүйел белің құрған тез,
Сия берер айтсам сөз,
Құлаша тұлпар, өзің біл,
Талапты ерге келдің кез.
Өтініш еткен сөзім бар,
Жауабын бер енді тез.
– Бабымды таптың сен, – деді,
Жылқыда жүйрік мен, – деді.
Мақтаған мұнша нең, – деді,
Сүйек-тəнім қыздырдың,
Өзге ат менен кем, – деді.
Қартайсам да, Құбығұл,
Бір қимылдап көрейін,
Бір қызығым көр, – деді.
Кəрі жасым, шырағым,
Сенен неге аяйын,
Бір қимылдап қарайын.
Қартайсам да, батыр-ау,
Жұмысыңа жарайын.
Тек екі күн таң асыр,
Сергіп тұяқ қағайын,
Кіндігімнен жарайын.
Төрт айшылық жеріңе,
Шадыра ханның еліне
Үш күнде алып барайын.
Айырылмасам барымнан,
Кəрімін деп тарылман.
Уəли ханның жалғызы
Құбығұлсың жалынған.
Қайырлы үстім тұлпармын,
Ақбілекті құшарсың
Ғашық болып сағынған.
Құлаға мініп шаһарға
Құбығұл бала келіпті,
Бала мінген Құланы
Уəли хан енді көріпті.
Балам болды есер деп,
Жалғыз қолдан кетер деп,
Кетеріне сеніпті.
Сонда Уəли толғайды:
– Сен келген соң дүниеге
Жастағыдай бағым бар,
Ізгілікті, құрметті,
Қадырленген шағым бар.
Жаратпаймын жолыңды,
Жалғызым, тілімді алыңдар.
Қабырғаң əлі қатқан жоқ,
Шырағым, жасың жеткен жоқ,
Менің айтқан тілімді ал.
Ықыласпен құлақ сал,
Көрген түске алданба,
Орта ноғай елінен
Сүйгеніңді таңдап ал.
Теңіңді тапсаң халқыңнан,
Саған шашу дүние-мал.
Егер кетсең тіл алмай,
Не болады кемпір-шал?!
Буын кетіп, қартайып,
Бізде жоқ балам қуат, хал.
Сүйгенің елден табылар,
Перзентім, менің тілімді ал.
Ата шіркін не болар
Ардақтап сүйген баласыз,
Адал туған ұл болсаң,
Атаң менен анаңның
Айтқан тілін аласыз.
Сен тумаған күніңде
Тарлыққа түстім шарасыз.
Жердің жүзін аралап,
Дүние кезіп жағалап,
Əулие іздеп паналап,
Өлдім-талдым дегенде
Сүйген ұлым сен едің,
Қартайған əкең мен едім.
Орта ноғай елінен
Дүние-малды сарп етіп
Айдан сұлу аруды,
Шырағым, алып беремін.
– Көңілім кетті ғашыққа,
Қанша айтсаң да тіл алман,
Маңдай алған жағымнан
Атымның басын бұра алман.
Жақсылық пен жамандық
Жазған шығар бір Аллам.
Сірə, балаң басылмас,
Жаратып Құла ат мінбей,
Ат құйрығын шарт түймей,
Тепеден-тең қайратпен
Ақбілек ару қыз сүймей.
Батыр батыр бола ма,
Жасанған жауға кеп тимей,
Қолындағы көк найза
Түйреп жаудан өткізбей.
Балаңның көңілі басылмас,
Ғашық болған түсінде
Ақбілек ару қыз сүймей.
Табылды Құла ат бағыма,
Ақбілек асыл аруға
Қосылатын шағыма.
Бейнет етіп басыма,
Жолдас алман қасыма.
Жолдас ерсе егерде,
Көмектікке жарамай,
Басқа қиын іс түссе,
Жамандар қарар ма-ай?
Əкем менен əжекем,
Ақ батаң бер маған-ай.
– Алданбадың, балам, болмадың,
Жүруге қиял ойладың.
Тағы атаңнан күй кетті,
Баяғы тарлық күн жетті.
Сен тумаған күніңде
Уəли хан атаңды
Құл мен құтан билепті.
Сен туған соң бақ білдім,
Шыр етіп жерге түскен соң,
Бақытым асып халқыма
Патша болып тақ міндім.
Айтқаныма болмадың,
Əулие мен əнбие,
Пірлерге, балам, тапсырдым.
Алмадың айтқан сөзімді,
Сен кеткен соң, Құбығұл
Қадірлемес халық өзімді.
Сен тумаған күніңде
Əркімнен көріп зəбірді,
Көзден аққан ыстық жас
Қойынға талай төгілді,
Қайта кимесем игі еді
Баяғы таз кебімді.
Шешесі сонда толғады,
Ботасы кеткен түйедей
Еңіреп жылап боздады.
Ата менен анасы –
Тілекшісі баланың,
Кемпір-шал байғұс – қорғаны.
– Қауырсыны қатқан соң
Ұшады сұңқар ұядан.
Бабына түсіп, желігіп
Көргенін ілер қиядан.
Əкең тілек сұраған,
Тілегін, балам, бермедің,
Көзінің жасын көрмедің.
Ата менен анаға,
Қайырылмастай қарттарға
Мейірімсіз сен бе едің?
Бір қыз үшін халқыңнан,
Құбығұл балам, кеткенің.
Ата-анаңды жылатып,
Шырағым, сенің неткенің?!
Сапар шектің алысқа,
Амалы бар ма кемпір-шал,
Қайғыменен өткенім.
Ата менен ананың
Сүйеуі – сүйген баласы,
Інінің қанат, құйрығы –
Алдында өскен ағасы.
Ерді берік сақтайтын
Шығыршықты сауыттың
Дулығалы жағасы.
Атаң менен анаңның,
Балам, тілін алмайсың,
Жеделіңнен танбайсың,
Сапарыңнан қалмайсың.
Көрген түске алданып,
Түсіңде қызды таңдайсың.
Сындырмайық, балам, сағыңды,
Байламайық бағыңды.
Сəуел көрдім түсімде,
Жаудан алып құшарсың
Ақбілек сұлу жарыңды,
Жібермессің арыңды.
Көрген түске қуандым,
Кеше көрген түсімде
Туырлықтай ту алдың.
Астыңдағы Құла атты
Бал-шекермен суардың.
Түсімде биік тау көрдім,
Тау басында қар көрдім,
Құйрығын тауға сабаған
Айдаһар көрдім, зəр көрдім.
Осы түсті мен көрдім,
Бер жағынан сол таудың
Ту ұстаған ер көрдім.
Айдаһарды құлатып,
Қарлы таудың басынан
Қарауыл салған қайтпайтын
Қайыспас берен ер көрдім.
Осы түсті, Құбығұл,
Сапарыңа меңгердім.
Ақ күн туар жолыңа,
Ақ батамды тез бердім.
Бір жағыңнан ай туар,
Бір жағыңнан күн туар,
Осы көрген сəуелім
Өтірік емес, шын шығар.
Саған жəрдем тілеуші
Бақытыңа күн шығар.
Ата-анасы балаға
Ақ батасын оң берді.
Ұлықсатпен жол берді,
Қаруын сайлап мол берді.
Берік сауыт кигізді,
Садағын сала байлатып,
Ер қаруы – бес қару,
Бесеуін тамам ілгізді.
Бес қаруын іледі,
Берен сауытын киеді.
Алла деп атқа мінеді,
Амалы жоқ кемпір, шал
Қайғы отына күйеді.
Ажарланып баланың
Алып ұшты жүрегі.
Кемпір, шал қолын жаяды:
– Алла, Алла, Алла жар,
Алла болғай пана, жар.
Өзекті жауға өлім бар,
Жалғызымның жолынан
Қорқыныш қатты, қаупім бар.
Жаныңа жолдас алмадың,
Əскерменен бармадың,
Əлдеқандай күнің бар.
Жалғыз кеттің, қарағым,
Осы жолдан қаупім бар.
Сен кеткен соң ата-анаң
Қайғыменен болар зар.
Қайта айналып келгенше,
Амандасып көргенше
Тағы да болды күнім тар.
Бата қағып, шырағым,
Бердім саған ықтияр.
Аман барып, есен қайт,
Жауға өткіз, балам, зар.
Амалдап қызды алып кел,
Сыр білдірмей тілімді ал.
Ойлап, балам, ақыл тап,
Құбығұл балам, басың бақ,
Астыңа мінген Құлаша ат,
Ақылмен ойлап жөнін тап.
Білініп қалып қалмаққа,
Балам, болма жауға мат.
Сан қалмақтың елінде
Қуаныш болсын, көңілің шат.
Есебін тапсаң егерде,
Білінбей жауға алып қаш.
Кемпір, шалдан бата алып,
Құла атқа мініпті,
Ата менен анасы
Ақылмен айтты білікті.
Адырнасы бес қабат
Үстіне сауыт киіпті.
Балдағы алтын көк болат
Орай белге іліпті.
Ай балтасы тақымда,
Көк найзасы қалтылдап
Батыр жолға жүріпті.
Астындағы Құлаша ат,
Əрі-бері сыдырып,
Атын байқап қарады.
Сауырдан тері шыққанда
Жұлдыздайын ағады.
Танауынан дем шығып,
Қолтығынан жел шығып,
Зулап кетіп барады.
Тұяғы тиген жерлерді
Жер ошақтай қазады.
Ат бауыры жазылды,
Басқан ізі қазылды,
Қара терге боялып
Үдей-үдей шабады.
Түсінде көрген ғашығын
Көргенше батыр сағынды.
Соққан желдей аңқыды,
Сүйегі қызып тұлпардың
Тəн-сүйегі балқыды,
Шалқая шауып шалқыды.
Екі көзі жайнайды,
Тісі сыздап тұлпардың,
Ауыздығын жануар
Бытырлатып шайнайды.
Кекіл қағып ойнайды,
Ат шабысқа тоймайды.
Екпінімен Құбығұл
Ұшармын деп ойлайды.
Батыр атты қыспады,
Жер жүзінде зулады,
Тек аспанға ұшпады.
Ағынынан тұлпардың
«Кетем бе, – деп, – жығылып»
Ер қасынан ұстады.
Шабысы аттың мол болды,
Басып кеткен іздері
Қазылып жатқан ор болды,
Жүрген жері жол болды.
Қара тері құйылып,
Қажыры қайнап жиылып,
Бүркіт құстай шүйіліп,
Біресе бауыр жазылып,
Біресе белі бүгіліп,
Екі көзі жалтылдап,
Сүйек-тəні қызынып,
Құйрығын тігіп құландай,
Жолдан соқты Құбығұл,
Арқар аң мен бұланды-ай.
Осы келген жөнінен,
Əжіғырдың бер жағы,
Бозша таудың белінен
Қаруы сай құралды
Бір айдаһар бастаған
Көрді батыр жыланды.
Жеті басты айдаһар
Баланы көріп күш қылды.
Күш қылды да ысқырды,
Ысқырғаннан таймады,
Қара бұлт аспаннан
... ... қайнады. (Түпнұсқада бір-екі сөз түсіп қалған.)
Астына мінген Құлаша ат,
Айдаһарды көрген соң,
Орғып-орғып ойнады.
Жақсы ырым болды деп,
Құбығұл батыр ойлады.
Айдаһар бастап көп жылан
Ерге қарап қаптады,
Батыр мұнан саспады.
Алмасты қолға алады,
Батырды жылан қамады.
Қылышпенен қиратып,
Жолын ашып барады.
Сонда айдаһар тулапты,
Құйрығымен тастарды
Ысқырып, сабап қиратты.
Ат айналып шабады,
Айдаһардың лебі
Ішіне тартып барады.
Алды қолға алмасты,
Жаңа талап жас бала
Қайтпайтұғын қайратты,
Беттеген жерден таймас-ты.
Жұмсады өткір алмасты,
Тасты кескен алмастан
Сілтесе жəндік қалмас-ты.
Айдаһарды құлатты,
Ырым болды жолына,
Таудай қылып сұлатты.
Құлаша тұлпар астында
Мінген жүйрік пырақты,
Жолын ашып Құлаша ат
Тағы жазды құлашты.
Бұрынғыдан мирас сөз,
Осының бəрі рас-ты.
Бір күні өтті арада-ай,
Тозаңы көкке борады-ай,
Ертең тал түс болғанда
Теңгеліктің суына
Батыр келіп қалады-ай.
Ар жағында батырдың
Көзі түсті қалаға-ай.
Қаланы болжап алады-ай,
Сан жетпейтін халық екен,
Байқап тұрды шамалай.
Берікте тұрған ел екен,
Есепсіз, сансыз көп екен.
Жаңа талап жас бала
Қорықпайтын ер екен.
Теңгеліктің терең су
Үш шақырым ені екен,
Ағыны тасты ағызған,
Батырдың сасар жері екен.
Теңгеліктен өте алмай,
Ар жаққа өтіп кете алмай,
Баратын жерге жете алмай,
Енді батыр шаталды-ай,
Түсуге суға бата алмай.
Түрі жоқ судың өткендей,
Ердің көңіл талабы
Арғы бетке жеткендей,
Ағысы күшті су екен,
Қазандай қара тас салса,
Тоқтатпай алып кеткендей.
– Бұл жерде неғып тұрайын,
Басыма түсті уайым.
Өткізетін су емес,
Бұған не амал қылайын.
Хан баласы асылмын,
Артық туған нəсілім,
Теңгеліктен өте алмай,
Көңілім, мұнша жасыдың.
Арғы бетке өтпедім,
Ақбілекке жетпедім,
Астымдағы Құлаша ат
Бекер қинап өктедім.
Арғы бетке бір өтіп,
Мақсатыма жетпедім.
Өткелсіз судан өте алмай,
Қиындық батыр көріп тұр.
Ақбілектің еліне
Батыр жақын келіп тұр.
Сүйегі қызған Құлаша
Тарпып жерді теуіп тұр.
– Атаның тілін қылмадым,
Айтқанына тұрмадым.
Осы тарлық қиын жол,
Құлаша, сені қинадым.
Кəрілігіңді айтсаң да,
Жануар, мені қимадың.
Су басында тарықтым,
Өте алмай мұнан зарықтым,
Астымдағы серігім,
Сізге ақыл салыппын.
Жоғары ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Ашылғанша сөйлер тіл,
Құла ат тұрды сыбырлап:
– Тарықпа, батыр, сен, – дейді,
Астыңдағы тұлпар мен, – дейді,
Шын тарығар болар ма
Қыз іздеген ер, – дейді.
Астыңдағы Құланың
Қимылын, батыр, көр, – дейді,
Келгенің алыс жер, – дейді.
Кемімесем егерде,
Теңгеліктің суынан
Аяғымды малмастан,
Тұяғымды тигізбей
Өткіземін мен, – дейді.
Олай-бұлай қыздырып,
Орғып шауып жүр, – дейді,
Берік мініп үстіме,
Батыр, қамшы ұр, – дейді.
Мықтап ұстап шоқтықтан,
Бала, көзің жұм, – дейді.
Шаршамайын, талмайын,
Өзімді-өзім барлайын,
Жасым жетіп үлкейдім,
Кəріліктен танбасам,
Сар буын болып қалмасам,
Тұяғымды тигізбей
Өткізейін мен, – дейді.
Олай-бұлай шабады,
Шоқтығынан Құланың
Мықтап ұстап алады.
Ор қояндай орғытып,
Құлаша ат қарғып барады.
Су шетіне шыққанда
Бір аяғын малады.
Аяғы суға малынып
Азалап жатып қалады.
«Кəріліктен тандым» деп,
«Ұятты болып қалдым», деп,
Көңіліне алады.
«Тұр», деді батыр, тұрмады!
Құла атты бала сыйлады,
Тұрмаса да ұрмады.
Тұрмаған соң Құлаша ат,
Ер Құбығұл жылап тұр,
Тұрмасын аттың сынап тұр.
Айналып атқа қарайлай,
Тастап атын кете алмай,
Жолда тұрды зарығып,
Баратұғын жеріне
Жолда қалды жете алмай.
«Ақбілек ғашық қатарым,
Оңбады ғой сапарым,
Құлаша ат, сенің қасыңа
Жануар, бүгін жатамын».
Кеш болып жатып қалады,
Түн ортасы болғанда
Ақ шалмалы шал адам
Қасына жетіп барады.
– Жолдасың, балам, мен, – деді,
Су басында тарығып,
Жылай берген нең? – деді.
Тарығып жылар болар ма
Сапарға шыққан ер?! – дейді.
Қорғаушы бабаң мен едім,
Мен тілекші шал, – дейді,
Құйрығынан тұлпардың
Бір тал қыл жұлып ал, – дейді,
Тез қалтаңа сал, – дейді.
Қару, киім баршасын
Ат үстіне таң, – дейді,
Құрым тауып ки, – дейді,
Əділбайдың ордаға
Мүсəпір болып бар, – дейді.
Сапарың болар оң, – дейді,
Қайырлы болар жол, – дейді.
Ақбілектің əкесі
Əділбай атты патшаға,
Шырағым, малай бол, – дейді.
Шамаң келсе жақ, – дейді,
Ақыл, айла тап, – дейді.
Үй айнала оттайтын,
Түс болғанда тоқтайтын,
Шырағым, қозы бақ, – дейді.
Менің тілім ала бер,
Айтқанында сол ханның
Айтқанына бара бер.
Өріске шығып кетпейтін,
Алыс жолға жетпейтін,
Шырағым, қозы баға бер.
Айтқаныма көн, – дейді,
Ықыласқа сен, – дейді.
Керекте тұлпар, қыл тұтат,
Астыңа мінер Құлаша ат
Тапсырармын мен, – дейді.
Атты күйлеп бағайын,
Аттың күйін табайын,
Бағуын рас табайын.
Қыз іздеген жалғыздан
Жəрдемім неге аяйын.
Тарыққан күнде жебейін,
Сені бөтен демейін.
Керек кезде даярлап
Қару-жарақ, атыңды
Аман сақтап берейін.
Айтқан тілімді аларсың,
Əділбай ханға жағарсың.
Аулақ кетпей жақыннан
Қозы-мозы бағарсың.
Атаңның сөзін алыңыз,
Ұмытып, балам, қалмаңыз.
Пақыр бол да, балам, бар,
Осы тапқан айламыз.
Айттым сырмен барымды,
Қалмаққа бермен арыңды.
Ақырында құшарсың
Ақбілек ханша қосағың,
Жолдас болар жарыңды.
Қарттың тілін алады,
Қару-жарақ, киімді
Ат үстіне таңады.
Бір шоқ қыл жұлып құйрықтан
Қалтасына салады.
Алама киім жыртықты
Құбығұл іздеп табады.
Атасына атты тапсырып,
Əділбайдың ордаға
Пақырлықтың жолымен
Құбығұл кетіп барады.
Ақсақал қорған азамат,
Тұлпарды да қазанат,
Қару, киім – бəрін де
Тапсырды қартқа аманат.
Шалыменен қоштасып
Құбығұл кетіп барады.
Əділбайдың ордасын
Сұраумен іздеп табады.
Қайыршы болып жас бала
Хан үйіне барады.
Лұқсат сұрап келеді,
Тақ үстінде сол ханға
Келіп сəлем береді.
Жас баланы көрген соң
Арызыңды айт деп еді.
Сонда ханның айтқаны:
– Қалмақта көзге түспеген
Қайдан жүрген баласың,
Қайда кетіп барасың?
Өтірік қоспай сөзіңе,
Расын айт, расын.
Тəуір екен сияғың,
Жұмысыңды сұрадым,
Қайдан жүрсің, шырағым,
Арыз айта келдің бе,
Арман мен не мұрадың?
– Ата, тыңда арызым,
Мен, мен едім, мен едім,
Ата менен анадан
Жетім қалған кем едім.
Қайыры жоқ халқымның,
Сол себепті қайырлы
Сізге жетсем деп едім.
Паналатсаң егерде,
Сізден қайыр көремін.
Жаста жетім қалыппын,
Кемшіліктен тарықтым,
Қайырлы деп, ей, ханым,
Сізден хабар алыппын.
Жеткенімше асығып,
Шаршап жолда шалдықтым.
Халқымның кəрісі,
Ақсақалдың бəрісі:
«Бүйтіп жүрме, шырағым,
Қалмақ деген халықта
Əділбай деген хан» деді.
«Əрі батыр паң» деді,
«Əр керектің бəрі сай,
Есепсіз дəулет мал» деді.
«Мүсəпір мен пақырға
Қайыры көп жан» деді.
«Əділбайға бар» деді,
«Айтқан тілді ал» деді.
Даңқыңды естіп алыстан
Іздеп сені келемін,
Мүсəпір, пақыр, кем едім,
Іздегенім сен едің.
Менің жайым осылай,
Нашарға тисе себебің.
– Ер жетпеген баласың,
Қатпаған, балам, шаласың.
Қорғайын да қоршайын,
Маған қалай жағасың?
Ханың менен ханымның
Қалайша көңілін табасың?
Қызмет ете келіпсің,
Нешік малды бағасың?
– Шамам келсе, ата, жағайын,
Жетіммін рас, талайым.
Ірі малды баға алман,
Шаруа жөнін таба алман,
Ауылға жақын оттайтын,
Түс болғанда тоқтайтын,
Қозы-мозы бағайын.
Жас бала сөзге зерек тақ-тақ болды,
Сол ханға бала қозы бақпақ болды.
Баланың ақыл менен айласы көп,
Алдында Əділбайды мақтап болды.
– Жас бала, маған əбден жақ, – деп айтты,
Шырағым, шаруа күйін тап, – деп айтты.
Берейін тілегіңді енді, балам,
Ұлықсат, енді қозы бақ, – деп айтты.
Əділбайдың қатыны
Сыншы еді тұқым-нəсілі,
Артық еді ақылы.
Айтылар шындық мақұлы,
Сынаудың жоқ ғапылы.
– Əй, Əділбай, Əділбай,
Үйге келген бəлені
Жалдаймын деген нең, – деді,
Жалдай көрме сен, – деді.
Келбетіне қарасам,
Келісті туған ер, – деді.
Сияғына көз салсам,
Қайтпайтын жаудан шер, – деді.
Бұл бəлені жалдасаң,
Бөрідей сілкіп жер, – деді.
Келбетіне қарасам,
Келімді туған ер екен,
Сияғына көз салсам,
Айтулы ердің өзі екен.
Жетіммін деп тұрғаны
Сені алдаған сөзі екен,
Сымбатына қарасам,
Хан баласы бек екен,
Айла, ақылы көп екен.
Мүсəпір болып ақылмен
Алдыңа сенің келген-ді.
Жаратпаймын сияғын,
Қиындық бізге төнген-ді.
Тағыңнан аудың, Əділбай,
Келіп сəлем бергенде.
Бұл бəлені жалдасаң,
Бүлік салар еліңе,
Ылаң түсер жеріңе,
Зауал төнер еріңе.
Айламенен, амалмен
Қайғы салар өзіңе.
Алданбаңыз, Əділбай,
Арбап айтқан сөзіне.
Айламенен, амалмен
Жетім болып келген-ді,
Мұны көзім көрген-ді,
Көкірегім шерленді.
Жаратпаймын ажарын,
Амалменен үйіңе
Мүсəпір болып кірген-ді.
Сұрғылт екен ажары,
Арыстандай айбатты,
Сыртына шыққан қажыры.
Бұл бəлені жалдасаң,
Халықтың суыр базары.
Жалдай қойсаң егерде,
Басыңнан дəурен күн асар,
Патшам, қайғың ұласар,
Халқыңды жылатар.
Бүгін пақыр болғанмен,
Ерлігін ертең сынатар.
Амал, ақыл, түрі сай,
Келбет-ақыл, – сияғы
Біреуіне бірі сай,
Сынаудың жоқ бұрысы-ай.
Жалдай қойсаң егерде,
Берекет елден шын кетер,
Халқыңнан бақыт күн кетер.
Жалдаймын деме бибекер.
Ақырында, Əділбай,
Өзіңнен бақыт шын кетер.
Бəлелікпен келген-ді,
Ақырында түбіңе
Мүсəпірсіп бұл жетер.
Сонда Əділбай сөйледі:
– Сыншы едің, қатын, сен, – деді,
Сынауың сенің жөн, – деді.
Олай болса баланы
Жалдамайын мен, – деді.
– Аяп едім, əй, бала,
Пақырлық айтқан сөзіңе,
Ұлықсат берем өзіңе.
Алуға сені болмады,
Кете бер енді жөніңе.
– Əй, Əділбай, батырым,
Қатынның айтқан сөзіне
Айнып неге жасыдың.
Ерге билік бермеген
Мықты-ақ екен қатының.
Жанға залал етер ме
Мен секілді пақырың.
Қатынның тілін алғаның,
Өзіңе сын болмай ма
Айтқаныңнан танғаның?
Алдыңызға келгенше,
Дидарыңды көргенше
Көп болып келді арманым.
Өзіңе сынық болмай ма,
Ей, тақсыр, айтқаныңнан танғаның.
Басыңызға мін шығар,
Қатыннан кем қалғаның.
Сонда Əділбек сөйлейді:
– Олай болса, пақырым,
Əйелдің тілін алмайын,
Уəдемнен танбайын.
Қалай болар жағдайың,
Өзің айтшы, мүсəпір,
Қызметке жалдайын.
Не жұмысқа келеді,
Жас бала, сенің жағдайың?
– Олай десең, Əділбай,
Жетімдіктің жөнінен
Кемдіктің көрдім талайын.
Келгенінше əлімнің,
Батыр, сізге жағайын.
Ірі малың баға алман,
Жөндеп жабу жаба алман.
Үй айнала оттайтын,
Түс болғанда тоқтайтын,
Қозы-мозы бағайын.
Баланы қатын сынап тұр,
Сөзін естіп Құбығұлдың
Ханымы ханның жылап тұр.
Бір бəленің боларын
Залым қатын сезіп тұр.
Қатын залым сынапты,
Хан жалдаймын дегенде
Шын еңіреп жылапты.
Келбеті келген келісті
Құбығұл бала сияқты.
Əділбай жетім сөзін қабыл көрді,
Бағуға сонда қозы ерік берді.
Алама киім киіп, таяқ алып,
Қозының сонда бала соңына ерді.
Жас бала таяқ алып қозы бақты,
Алаңсыз баққан малдың бабын тапты.
Айнала жанып тұрған ыссы күнде
Қозыны үш қайтара суға жапты.
Күн ыссы талай шөлдеп, таңдай қатты,
Көрмеген мұндай қорлық ешбір затты.
Өзінің тура істеген қызметі,
Ақылмен Əділбайдай ханға жақты.
Арадан неше талай күндер өтті,
Хабар жоқ ғашығынан, жүдеп кетті.
Салпылдап көп қозының соңында жүр,
Ажар жоқ, қатқан қабақ, жүдеп кетті.
Құбығұл ақыл ойлады-ай,
Ойласа ойға тоймайды-ай.
Қатты жүдеп тарығып,
Мойны болды ырғайдай,
Жүдеушілік зарпынан
Биті болды торғайдай.
«Ойламасқа болмайды-ай,
Сияғым жоқ, ажар жоқ,
Əлім кетті, қажыр жоқ,
Ғашығымнан хабар жоқ.
Қайбір ісім келіскен,
Ойлайын ақыл кеңістен.
Қозыны тастап кетейін
Бағылып жүрген өрістен.
Енді қылық бастайын,
Өріске қозы тастайын,
Жалғызбын деп саспайын.
Іздеп келген ғашықты
Неге іздеп таппаймын.
Тауып алып Білекті,
Қалмақ деген халықтың
Басына садақ жастайын.
Қозы бағып нетейін,
Өріске тастап кетейін,
Қосылар күнім бар шығар,
Ақбілекке жетейін.
Шаһардан іздеп Білекті
Қаңғырумен өтейін.
Білекті іздеп таппасам,
Ерлігіме кір болар,
Бұл жүрісім мін болар.
Түсте көрген Білекке
Қосылуым сын болар,
Жолдасым, пірім болмаса,
Ақыл айтар кім болар?!»
Құбығұл батыр саспады,
Бір қылықты бастады.
Үстінде құрым киімді
Шешіп алып далаға
Лақтырып тастады.
Қозыны тастап далаға,
Теңгелікке келеді,
Суға түсе береді.
Суға түсіп жүргенде,
Екі шелек иінде
Ханның күңі көреді.
Келбеті артық Құбығұл
Тым көрікті ер еді.
Жалқын айдар төбеде
Құбығұлды көреді.
Күңнің ауды назары,
Келбеті зор келімді,
Көрікті айдай ажары.
Көзі көріп қара күң
Балаға ауды назары.
Қасына жақын барады.
– Суға түскен жас бала,
Қасыңа келдім мен, – деді.
Айыптама, шырағым,
Жөніңді айтып бер, – деді.
Көп қалмақтың елінен
Көргенім жоқ мен, – деді.
Қайдан жүрген баласың,
Мəнісін айтып бер, – деді.
Жаңа өспірім баласың,
Жас болсаң да данасың.
Жөніңді айтшы, шырағым,
Қай сапарға барасың?
Қайырлы болсын, шырағым,
Шыққан сапар жөн, – деді.
Хан баласы сияғың,
Келісің келген ер, – деді.
Қай сапарға барасың,
Жөніңді айта көр, – деді.
Көргенімді айтпаймын
Еш қалмаққа мен, – деді.
– Қайбір ісім келіскен,
Тастап кеттім қозымды,
Бағып жүрген өрістен.
Қысқа жерден айтайын,
Көп сұрама кеңістен,
Ақыл шықпас əр нешік
Ой ойламас кемістен.
Мен айтайын шынымды,
Шын айтайын мұңымды.
Хабарың болса егерде,
Рас айт маған сырыңды.
Əділбайдың Ақбілек
Аян беріп түсімде,
Кетірді менен тынымды.
Ақбілек үшін тастадым
Халық, Отан, қаламды.
Ғашық үшін жылаттым
Үлкейген ата-анамды.
Адамға ғашық жаман-ды,
Келгеніме көп болды,
Біле алмадым хабарды.
Ей, қара күң, қара күң,
Қауышқан саған күнімде
Сырымды айттым өзіңе,
Түсіндің бе сөзіме?
Сыр айтысар адам жоқ,
Келдің бүгін кезіне.
Хабарың болса айтып бер
Ақбілектей сұлумен
Қосылар күнім болар ма
Сондай ғашық теңіме?
Кең заманым тарылды,
Тарлықпен күнім арылды.
Хабарың болса айтып бер
Ғашық менің жарымды.
Көңілдегі мүде сөз
Айттым сырым, барымды.
– Қабыл екен, бала, тілегің,
Қуанғаннан, шырағым,
Жарылмасын жүрегің.
Ақбілектің күңі едім,
Қызмет етіп жүр едім.
Меніменен қауыштың,
Қабыл екен тілегің.
Қауыштырар өзіңе,
Алыс болмаса сүрегім.
Толықсып тұрған жасында,
Қырық қыз бар қасында,
Халқына ол жағулы,
Бөлек орда салулы,
Ақбілектің есігін
Күң мен құлдар бағулы.
Беркіндегі жас бала,
Күтуі мықты бақшада.
Қадірі артық халыққа
Тілегін тілейді астана.
Екеуіңнің араңа
Біту болып қарайын,
Білдіруге Білекке
Ақыл ойлап табайын,
Қосуым қызға тағайын.
Екі жақсы жолықсын,
Екеуіңді қосуға
Есебін өзім табайын.
Ақбілек сұлу асылды
Жемісті сайдың бойына
Алдап алып барайын.
Айтқан тілді ал, – дейді,
Көтеріңкі көңілім,
Қырға салған бақшасы
Жемісті сайға бар, – дейді.
Қарағым, тілім ал, – дейді.
Айтқаныма көн, – дейді.
Ақбілек сұлу тең, – дейді.
Ертең сəске болғанда
Ақбілектей сұлуды
Апарайын мен, – дейді.
Жемісті сай бақшадан,
Шырағым, күтіп тұр, – дейді.
Орындармын тілекті,
Ертеңге кестім сүректі,
Шамам келсе, амалмен
Апарам алдап Білекті.
Не болғанын білмеймін,
Айдан сұлу Ақбілек
Бұрынғыдан жүдепті.
Қосармын сені теңіңе,
Құбығұл батыр, əбден нан
Күң шешеңнің сөзіне.
Жемісті сайдың бойында,
Ертең түсте қосармын,
Ертіп алдап апарып
Ғашық болған теңіңе.
Күң тілін Құбығұл ер алмақ болды,
Амалдап қызды ертіп бармақ болды.
Ойлады неғылса да барайын деп,
Бұл күңнің уəдесі салмақ болды.
Сол күңмен ер Құбығұл уəде етті,
Байласып уəдені күң де кетті.
Ерге етті сол қара күң қызметті,
Күн батып, қараңғылық түн де жетті.
Қара күң айламенен амал етті,
Сұлуға Ақбілек қыз ұйқы жетті.
Ұйқы жоқ күң ақылды ойлап отыр,
Ауады түн ортасы, таң да жетті.
Төбеден жұлдыз ауады,
Таң сімері жауады.
Ақбілек ару сұлудың
Мазасын күң алады.
– Айласы көп саналы,
Күң де болсам, жолдасың
Қасыңдағы мен, – деді,
Тілейтұғын тілек бар,
Тілегімді бер, – деді.
Осы сапар қасыма
Жолдас болып ер, – деді.
Жемісті сайда алма ағаш
Пісіп тұрған секілді,
Миуадан жеміс тер, – деді.
Шын тілеймін тілекті,
Тілегімді бер, – деді.
Білекте болар даналық,
Көңілімде жоқ қаралық,
Ішімде жоқ алалық,
Жемісті сайға баралық,
Ағаштан алма қағалық.
Ермеймін деп, қарағым,
Ете көрме балалық.
Ақбілек, сенде төрелік,
Жолдастыққа сенелік,
Қарағым, маған ерелік,
Жемісті теріп бақшадан,
Көтеріп көңіл келелік.
Қызмет еттім мен, – деді,
Бір сапар маған ер, – деді.
Мəуеден миуа тер, – деді.
Өтінемін, қарағым,
Салтанатпен, сəнменен
Бақшадан миуа тер, – деді.
– Жолдасым, күңім сен едің,
Хан ханшасы мен едім.
Саған қалай еремін,
Аяғым қадам баспаған,
Ата-анам бағып сақтаған.
Қыз да болсам, қарағым
Бағыңда тұрған мен едім.
Əкем бағып сақтаған,
Жаяу жерді баспаған,
Жаяу жүріп баратын
Мен емеспін ақ табан.
Жемісті сайың құрысын,
Жүр дегенге бармаймын,
Айтқан тіліңді алмаймын.
Сенің тілің алғандай,
Қараша күңім, қандаймын?!
Бағымда жазған сертім бар,
Мен сертімнен танбаймын.
Тіпті, саған сенбеймін.
Айтқаныңа көнбеймін.
Жемісті сайың құрысын,
Бақшадан жеміс термеймін.
Ұйқымды бұзып, қара күң,
Ала берме мазамды.
Бағымда жатқан ханшамын
Еш көрмеген адамды.
Егер барсам бақшаға,
Сонда жүрген қалмақтар
Алар менің мазамды.
– Олай десең, шырағым,
Есебін өзім табайын.
Еш адамға көрсетпей,
Амалдап алып барайын.
Жыныс ағаш ішіне,
Шырағым, сені жіберіп,
Қарауыл өзім қарайын.
Уəде саған берейін,
Бір сапар ет мерейім.
Еш адамға көрсетпей,
Кешке алып келейін.
Азаттық, кеңдік көрмедім,
Уайым айтып сөйледім.
Бір тілегім бермедің,
Бір сапарға ермедің,
Бақшадан жеміс термедің.
Тілегімді берместей,
Жек көрген күңің мен бе едім.
Өтінішім көрсейші,
Бір сапарға ерсейші,
Миуадан жеміс терсейші,
Еш адамға көрсетпен,
Шырағым, маған сенсейші.
Қарғадай бала күніңнен
Сені бақтым, шырағым,
Тілегіңді сұрадым.
Тілімді алсаң, бұл сапар
Шешеңнің еткін мұрадын?
Анаңнан артық баққанмын,
Ата-анаңа жаққанмын.
Не керек десең, шырағым,
Даяр етіп тапқанмын.
Тілегім менің сен болдың,
Елік сүт беріп асырап
Сенің анаң мен болдым.
Тілек тілер күніме,
Ақбілек, бүгін кез болдың.
Тілегімді бермесең,
Қайғыландым, сел болдым.
Анаңнан артық қараған
Ақбілек едің, қарағым,
Осы сапар өзіңнен
Бір тілегімді аламын.
Тəрбие менен құрметтеп
Жібектей шашың тарадым.
Қабағыңды шыттырмай,
Еркелетіп қарадым.
Ақылменен ойласаң,
Əрі күңмін, шырағым,
Тілегіңді тілеген
Бөтен емес, анаңмын.
Мақұл көрсең, сыйласаң,
Жемісті сайдың бойына
Бүгін алып барамын,
Миуадан жеміс қағамын.
Сүйенішім сен едің,
Елік сүтін емізген,
Сені баққан мен едім.
Тілек берсең, шырағым,
Бүгін саған еремін.
Бақшадан жеміс теремін,
Жемісті сайдың бойынан
Көтеріп көңіл келемін.
Қарағым, етпе балалық,
Таң мезгілі таянды,
Айтқаным анық, аян-ды.
Ақылменен ойласаң,
Ардақтап баққан қара күң
Бөтен емес, анаң-ды.
Сонда Ақбілек сөйлейді:
– Көп өтініп қоймадың,
Бармаймын десем болмадың,
Ертуге ойладың.
Қорқатұғын себебім,
Қалмақтарда арсыз көп,
Жемісті сайға бармай ма?!
Жеміс теріп жүргенде
Ерлер көріп қалмай ма?!
Мені көріп қызығар,
Мен қорқамын, ей, шеше,
Қапыда көріп қалар деп,
Аламын деп қызығып
Басыма қайғы салар деп,
Айдан көркем ажарым,
Шашылар елге хабар деп.
Менің үшін бүлініп,
Ел арасы жау болып,
Халқым қырғын табар деп.
– Есебін өзім табамын,
Еш адамға білдірмей,
Алып барам, қарағым.
Жемісті сайға апару
Тілеген тілек, талабым.
Тілектің берсең керегін,
Жолдас болып еремін.
Міндет алдым, шырағым,
Еш адамға көрсетпей,
Қайтып алып келемін.
– Олай десең, ей, шеше,
Енді не ғып шыдайын?
Қайта-қайта қайырсам,
Ауырларсың, жолдасым,
Айтқаныңды қылайын.
Өтініп айтқан сөзің-ай,
Көңіліңнен шығайын.
Айтқан тілің алайын,
Қырық қызды ертіп
Салтанатпен барайын,
Мəуеден жеміс қағайын.
Асыл киім киейін,
Төбеме шашым түйейін.
Ардақтаған анадай
Қадіріңді білейін.
Ойымнан кетсін уайым,
Бір айтқаның қылайын.
Қайта-қайта жалындың,
Сізге не ғып шыдайын.
Боламын саған аманат,
Еш адамға көрсетпей,
Əкел мені саламат.
Көрініп қалсам бөтенге,
Бəрімізге жаманат.
Қапыда көрсе, қалмақтың
Көңілінен кетер қанағат.
Бір тілегің бермеске,
Жолдасым, саған амал жоқ.
Бір тіліңді алмасқа,
Сүйікті жолдас, шарам жоқ.
Көрініп қалсам қапылда,
Ойлап табар амал жоқ.
Түн ішінде жүрмекке
Асыл киім киініп,
Қырық қыз жолдас қасында,
Бұралып белі үзіліп,
Кірпігі оқтай тігіліп,
Ырғала басып иіліп,
Қаламдай қасы қиылып,
Адамзаттың аруы
Ақыл ойлап қыдырып,
Ішінде орда жүреді,
Көрінбеске ешкімге
Ішінен тілек тіледі.
Уайым етіп шыққанын
Толықсиды жүрегі.
Жолдас басы қара күң
Қызды апармақ тілегі.
Жемісті сайдың бойына,
Ғашық болған батырға,
Уəде еткен сүрегі.
Ертең тал түс болғанда
Апарам деген күн еді.
Алтын тонын жамылып,
Өрттей беті қабынып,
Қара күң алды билігін
Ақбілектің жалынып.
Күңге ерік берген соң,
Енді тұрсын нағылып.
Таң сімері болады,
Қырық қыз қосшы қасында,
Күңнің тілін алады,
Ордадан шығып барады.
Ақбілектей аруды
Ғашық болған еріне
Апару күңнің тілегі.
– Ханның қызы мен едім,
Өтініш еткен сен едің.
Қайда апарсаң, онда апар,
Саған билік беремін.
Миуадан жеміс теремін,
Қасымда қырық қызбенен
Көтеріп көңіл келемін.
Төбелдірік басымда,
Толықсып тұрған жасымда,
Не ойласаң, қара күң,
Ісің келер мақұлға.
Айтар сырың бар болса,
Менен тіпті жасырма.
Алтын шашқап шашымда,
Асыл телпек басымда,
Алтын кебіс аяқта,
Өзің бастап жүре бер,
Жемісті сайың қай жақта?
– Өле-өлгенше, Ақбілек,
Тілегіңді тілейін,
Мəуелі жеміс сайына
Тура бастап жүрейін.
Тура бастап жөнелді,
Ақыл менен амал көп,
Қара күң асқан өнерлі,
Рауан таң біліне
Жемісті сайдың бойына
Бастап келді ол енді.
Жүзім, жиде, алма бар,
Мұндай жеміс қайда бар?
Əуелден хан ектірген
Түрлі миуа сайда бар,
Бір жағынан қараса,
Мұнартқан биік тау да бар.
Бір жағынан көз салса,
Жылмиған жазық жайлауы
Шалғын шыққан кең өріс,
Мал жайлауға жай да бар.
Ұзақ малға өріс бар,
Қалың ағаш тегіс бар.
Неше түрлі жеміс бар,
Құрма менен өрік бар.
Қалың миуа ішіне
Қыздар кіріп барады,
Көп жемісті көрген соң,
Көңілдері ауады.
Ағаштан жеміс қағады,
Бұл жеміске алданып
Қайғысы кетті манағы.
Ойында жоқ ешнəрсе,
Жемісті жию талабы.
Уəде еткен сөзімен
Қасындағы қара күң
Еш адамға көрсетпей,
Қарауылдап бағады.
Қарауыл сырттан қарады,
Күн тал түске толады.
Бұл бақшадан ауады,
Бір бақшаға барады.
Қара күң бастап келеді,
Мұнан да жеміс тереді.
Қызға ғашық балаға
Қара күңнің уəдені
Байлаған берік жері еді.
Қыз бастаған күң еді,
Қалың шалғын ішінде
Ұйықтап жатқан ер еді.
Айламенен күңекең
Құбығұлды көргенде
«Көтек» деп қарғып жөнеді.
Айла-амалы көп еді,
Өп-өтірік шошыған
Күңекеңнің ебі еді.
Мұндай амал ойлаған
Күң ақылы терең-ді.
Құбығұл мен Білекті
Қауыштырар жер еді.
Тағы күңің сөйледі:
– Жолдас күңің мен, – деді.
Ардақты қызым сен, – деді.
Қапыда көрдік жас жанды,
Жауабыңды айтып бер
Кіммен сөзің бар еді,
Мына жатқан нең? – дейді.
– Қасымда басшы қара күң,
Бармаймын десем, болмадың,
Тіпті еркіме қоймадың,
Ұшыратып бəлеге,
Нешік қиял ойладың?
Анамдай баққан сен едің,
Ардақтаған қорғаным.
Келмеймін деп көп айттым,
Еркіме мені қоймадың.
Не, жақсы ма, жаман ба,
Өліп қалған адам ба,
Өкпесіне қолың сал,
Орындап сөзім тамамда.
Қыздың тілін алады,
Күңнің қалай амалы.
Ептеп басып барады,
Өкпеге қол салады.
Мұрнын шымшып баланың,
Төбетейін қағады.
Күңнің қалай амалы,
Мұрнын шымшып оятып,
«Көтек» деп қарғып барады.
Ақбілек көзін салады,
Алтынменен қаптаған
Алтын айдар сұлудың
Көзінің жауын алады.
Қыздың түсті назары,
Көңілі əбден ауады.
Сұлу жүзін көргенде
Ақылдан Білек танады.
Құбығұл сонда сөйледі:
– Қалмақтың күң мен қыздары,
Ұйқымды бұзба сен, – деді.
Оятқан мені нең, – деді.
Қалмақтардың күңдері
Меніменен тең бе еді?
Менің теңім сен емес,
Сенің теңің мен емес,
Ұйықтап жатқан жерімнен
Оятқаның жөн емес.
Жеделін берік тұтпаған,
Қажырлы туған ер емес.
Айтқанымның бəрі рас,
Келемеж ету жөн емес.
Ақбілек назар салып тұр,
Əр уақытта түзеліп,
Əр уақытта ауып тұр.
Іші оттай өртеніп
Ғашық оты жанып тұр.
Қайғы, ғашық зарпынан
Өліп кетпей не ғып тұр.
Талықсиды əр уақ,
Қырық қыз сүйеп бағып тұр.
Қара күң сонда сөйледі:
– Ақылыңды байқасам,
Білікті заңғар баласың,
Шырағым, сөзің сынасам,
Өзге жаннан данасың.
Сымбатыңды сынасам,
Көргенім жоқ қалмақтан,
Патшадан туған баласын.
Шыныңды айтшы, шырағым,
Қай сапарға барасың?
Ажарыңа көз салсам ,
Жайнап күндей жанасың,
Жөніңді білдір, шырағым,
Қай сапарға барасың?
Түрің қалмақ елі емес,
Шын айтпауың жөн емес,
Ханнан туған ханзада,
Байдан туған мырзаның,
Бəрі саған тең емес.
Сымбатыңа түрің сай,
Өзге сендей ер емес.
Жөн сұраймын, шырағым,
Жөн айтпауың жөн емес.
Жаңа өспірім баласың,
Білікті бала данасың,
Қай сапарға барасың,
Айт сөзіңнің тазасын.
Шыныңды айт бізге, шырағым,
Сапарыңды сұрадым,
Қай жер сенің тұрағың?
Қай нəсілден боласың?
Хан баласы секілді
Көрінеді сияғың.
Патшадан туған баласың,
Өтірік айтпа, рас айт,
Қайда жүріп барасың?
Ханның қызы Ақбілек
Адал ниет, ақ жүрек.
Хан баласы секілді
Сіз де асыл ақсүйек.
Тілейтұғын бар тілек,
Ханның қызы ханшамен
Дидарласқан күн сүрек.
Бұлданба, балам, шыныңды айт,
Тілейтұғын бір тілек,
Уақытында кімде-кім
Қосылар күн бар сүрек.
– Қара күң, мұның жөн, – деді,
Руымды сұрасаң,
Орта ноғай ел, – деді.
Ұлы Еділдің басында
Біздің тұрмыс жер, – деді,
Уəли ханның жалғызы
Құбығұл деген мен, – деді.
Ұйықтап кетсем түсімде,
Ақбілек тыным бермеді,
«Хан баласы сен» деді,
«Ханның қызы мен» деді.
«Ғашық болдым түсімде,
Алыстан іздеп кел» деді.
Үстінде төсек қисайсам,
Осы қыз тыным бермеді.
Астыма мінген Құлаша
Ақбілек үшін мінгенмін,
Шығыршықты сауытты
Ақбілек үшін кигенмін.
Балдағы алтын ақ алмас
Ақбілек үшін ілгенмін,
Түсімде көріп Білекті,
Отына ғашық күйгенмін.
Сапардың несін сұрайсың,
Осы қыз үшін жүргенмін.
Ғашықтықты өткердім,
Машақатты көп көрдім,
Арада талай күн өтіп,
Мінген атым жүдетіп,
Ғашығыма жеткенмін.
Жападан жалғыз, жолдассыз,
Ақбілек үшін жеткенмін.
Ата менен анамды,
Қайырлы орда қаламды
Бұл үшін тастап кеткенмін.
Ғашық едім көргенше,
Қара күң, мені жеткердің.
Сонда Ақбілек сөйлейді:
– Өңім бе, менің түсім бе-ай,
Түсімде көріп ғашық боп,
Көріп едім қысымды-ай.
Өңім болса егерде,
Сүйіскен таптым тұсымды-ай.
Іздегенің мен болсам,
Ғашық ерім сен болсаң,
Мені іздеген ер болсаң,
Батыр, бермен келіңіз.
Бұлдана бермей досыңа
Қолыңның ұшын беріңіз.
Түсім болып кетпесе,
Қауышар бүгін кезіміз.
Ғашық дертпен қан жұттым,
Ғашықтың отын көріңіз.
Қауышатын күн шығар,
Қосылу бүгін шын шығар.
Кел де көріс, жан досым,
Аузымнан жауып от, жалын,
Лебімнен түтін, бу шығар.
Көріскенше, жан досым,
Не ғып біздің жан шыдар?!
Күні бұрын түс көріп
Болған жанмын ынтызар.
Қауышуға мен құмар,
Іздеп келген сен құмар.
Көріселік, жан досым,
Енді не ғып жан шыдар.
Сол қолынан батырдың
Қара күң ұстай алады,
Жетелеп кетіп барады.
Ғашық болған екі асыл
Жемісті сайдың бойында
Бірін-бірі табады,
Қыз ішінде Ақбілек
Ішіндегі шырағы.
Қасындағы қырық қыз
Қуанышпен тұрады.
Құшақтасып көрісіп,
Қуаныш кіріп көңілге
Қайғылы көңіл тынады.
Бірін-бірі ғашықтар
Амандасып көреді.
Көргенін жанға айтпасқа
Қасындағы қырық қыз
Серт, уəде береді.
Ортаға алып баршасы
Еш адамға көрсетпей,
Ақбілек жатқан күмісті үй
Құбығұлды алып келеді.
Ғашық болған жандарға
Күңнің тиген себебі,
Əзілдесіп, күлісіп,
Ғашық жарын сүйісіп,
Қосылған осы жер еді.
Еш адамға білдірмей,
Қырық күндей бағады,
Қызметі батырға
Қыздардың əбден жағады.
Ақбілек ақыл ойлады,
Ойламасқа болмады,
Ақылын тоқсан толғады.
Ешкім білмей тұрғанда
Кетейік деп ойлады.
– Ғашық жарым сен, – деді,
Ғашық болып қосылған,
Алған жарың мен, – деді.
«Ер игісі қос табар»
Сайран сəнмен жүргенде
Сезіп қалар ел, – деді.
Амандықта, саулықта,
Тілімді алсаң, жан досым,
Бұл шаһардан кетелік,
Қалмақты талақ етелік,
Қалмақ сезбей тұрғанда,
Еліңе, досым, жетелік.
Ақылы артық, санаң бар,
Жалғызы кетіп қалмаққа,
Аңсап жүрген анаң бар.
Жалғызы кетіп қолынан,
Сағынып жүрген бабаң бар.
Жақсы бала қашанда
Ата менен ананың
Ауыр хақын тамамдар.
Сағынған ата-анаңыз,
Кеткеніңе көп болды
Ашылған көптен араңыз.
Ақылға салып қараңыз,
Тілімді алсаң, кетелік,
Еліне қалмақ білінбей
Теңгеліктен өтелік.
Қосылысқан достықта,
Қуаныш көңіл хоштықта
Ата-анаңа жетелік.
Жаман адам белгісі, –
Бет алған жүрер жөніне.
Жақсы адамның белгісі –
Қорған болар еліне.
Енді жүрме, қосылдың
Ақбілек ғашық теңіңе.
Қызмет етіп көрейін
Ата-анамның төріне.
Жүремін десең, көңіл шат,
Екеумізге табылад
Мінуімізге тұлпар ат.
Жадыңа ұқ та, сөзім түй,
Сақтаулы тұрған сауыттан
Қалағаның таңдап ки,
Сыр білдірмей қалмаққа
Жүрер болсаң, жылдам жүр.
Ғашық болған жан досым,
Жолдасыңның бұлын біл.
Қосылдым сізге, көңілім жай,
Көп қайғыдан арылып,
Оңынан туды күн мен ай.
Тəуекел еткен адамға
Өзі жəрдем бір Құдай.
Оңғарған болсын əуелде,
Ашылар жарқын жүз, шырай.
Бес қарудың бəрі сай,
Көп айналып қалдың жай,
Ат пен тұлпар сайма-сай.
Бүгін түнде кетелік,
Теңгеліктен өтелік.
Көп айналсақ, мін шығар,
Халқыңа, [батыр], жетелік.
Құбығұл да қуанып,
Қайтуды мақұл көріпті.
Алған жары Ақбілек,
Досына берді ерікті,
Бір-біріне сеніпті.
Ақылды адам белгісі,
Алыстан ойлайды өрісті.
– Ақбілек, сөзің шын болды,
Қайтатұғын күн болды.
Ки дегенің сауытты,
Маған қиын сын болды.
Тұлпар берем дегенің,
Ер басыма мін болды.
Ғашық болған жан досым,
Осы сөз маған кір болды.
Ертең елге барғанда
Əзілдессең де айтарсың,
Сауыт таңдап кигізіп,
Тұлпар атқа мінгізіп,
Бес қару тамам ілгізіп,
Артықтығым көрдің деп,
Асылдыққа сендің деп,
Қару-жарақ, тұлпар ат
Бəрін тауып бердім деп,
Жаяу жүріп қалмақта,
Арқамменен келдің деп.
Бетке соғып, досым-ай,
Əзілменен күлерсің.
Бүгін түннің ішінде-ақ
Алған ерің Құбығұл
Кім екенін білерсің.
Қайтуға болды талабым,
Өзім тұлпар табамын.
Қалмақты шаппай сау тастап,
Елге не деп барамын.

Құбығұл мен Ақбілек жүрерінде қасындағы қырық қызға «бізді жақсы көргендерің, еріңдер» дейді. Сонда қырық қыз ай -– Біз сендердің жолдарыңызға шырмау болармыз. Сендердің амандықтарыңызға тілектеспіз, біз сіздерден садақа. Сендерге келген сөз болса, осыдан күттік, – деп ермей, қош айтысып қалады. Енді жүруге таянғанда Құбығұл тұлпарын

Қалтадағы бір шоқ қыл
Батыр қолға алады,
Атасының айтқан сөз,
Қылды өртеп жағады.
Ағашта жатқан тұлпарға
Қоңырсы қылдың иісі
Мұрнына барады.
Иісін біліп жануар,
Оқыранып шабады.
Адамнан есті жануар
Иесін іздеп барады.
Жал-құйрығы төгілген,
Жыныс ағаш ішінде
Жалғыз жүріп семірген,
Күйіне түсіп бұл тұлпар,
Төрт тұяғын тебінген.
Иесін танып елірген,
Оқыранып тағы да
Ұсынып мойнын берілген.
Қаруларын таңдаған,
Таңған күйден аумаған,
Арқасын жерге салмаған.
Үстімде жүгім ауыр деп,
Аяқ, төсін, бауырын,
Жерге төсеп, аунаған.
Болат тұяқ тұлпардың
Көзі оттай жайнаған.
Атқа мініп алады,
Ғашық жары Ақбілек,
Құбығұл тағы барады.
«Атты қайдан тапты» деп,
«Қайда атын бақты» деп,
Ақбілек аң-таң қалады.
Ақбілекке келіпті,
Қайтуға батыр желікті.
Жолдас қызға Ақбілек
Кезек-кезек көрісті.
Ырзаласып қоштасып
Ұлықсат бəрі берісті.
Ат баққан жəмшік ішінен
Ақбілек тұлпар таңдады.
Көк тұлпарды өзіне
Лайықтап, оңдады.
Ақбілек жүген сұққанда,
Аузын ашып есінеп,
Көк тұлпар да паңданды.
Ақылы көп Ақбілек,
Ырымын аттың аңдады.
Жолыма ырым болды-ау деп,
Сапарым болар оңды-ау деп,
Атқа тоқым салады,
Ерді ерттеп алады.
Ат үстіне Ақбілек
Асыл киім таңады,
Қош айтысып қыздармен
Күңді қасқа алады,
Қыз ордада қалады.
– Басшы болған жолдасым,
Елік сүт берген сен едің,
Ақбілегің мен едім,
Жемісті сайдың бойында
Ғашыққа тиген себебің.
Еліне жаудың тастамай,
Алып кетсем деп едім.
Сен де тұлпар мін, – деді,
Асыл киім ки, – деді,
Əрі досым, басшымсың,
Бізбен бірге жүр, – деді.
– Жұлдыздың шықтың оңына,
Айналайын Ақбілек,
Мені жаудан қорыма,
Тілеуің едім, шырағым,
Мен ермей-ақ қояйын,
Болмасын кесел жолыңа.
Мен қалайын қалада,
Мені жаудан аяма.
Сен екеуің сау кетсең,
Болайын, пəлі-ай, садаға.
Ақбілек мұны қимады,
Құрметін бек сыйлады.
Жолдасын қимай жылаумен
Көзінің жасын тыймады.
Қара күңді қия алмай,
Көрісіп қайта жылады.
Амандасып, қоштасып,
Енді екеуі шығады.
Астындағы атына
Орай қамшы ұрады.
Тартпа қиып кетер деп
Бауырға жібек орады.
Түн ортасы толады,
Теңгелікке барады,
Екі ғашық шырақтың
Қабыл екен тілегі.
Өткізбейтін терең су
Бұларға өткел болады,
Қайраң өткел табады.
Өткелден өтіп қуанып,
Екеуі кетіп барады.
Əділбайдың қатыны
Сыншы еді тұқымы, нəсілі.
Əйелдің білгіш мақұлы,
Байынан артық ақылы.
Көрген түстен жасыды,
Сол күні көрген түсінде:
Ақ иық бүркіт төнеді,
Ардақтаған аққуды
Көп аққудың ішінен
Іліп алып жөнеді.
Осы түсті көреді,
Түстің қалай себебі?
Сол күні көрген түсінде
Шаң басыпты қаланы,
Кіл қайғылы жан көрді.
Бұрынғы кең көшесін
Қысаңшылық тар көрді.
Теңгеліктің ар жағы
Тұман басқан қараңғы
Əжіғырдай тау көрді.
Тау басында бүлгіндік,
Соғыс көрді, жау көрді,
Жылға сайдан жылжыған
Сарқырап аққан қан көрді,
Кіл қайғылы жан көрді.
Шошыды түстен шамасы,
Осы түсті көреді
Ақбілектің анасы,
Күлдей болып құлаған
Əділбектің жатқан қаласы.
Түстен шошып оянып
Ханды оятты шамасы.
– Ұйықтап жатпа сен, – деді,
Ұйықтап жатқан нең, – деді.
Үйге келген бəлені
Жалдама дедім мен, – деді.
Жалдап едің сен, – деді,
Ақбілектің ордасын
Қазір байқап кел, – деді.
Көзіңменен көр, – деді.
Қайғымен өмір өшкен-ді,
Қас масқара еткен-ді,
Қозы баққан жас бала
Түп-түбіңде жеткен-ді.
Түсім ғайып болмаса,
Ардақтап баққан Білекті
Сол залым алып кеткен-ді.
Бүлдірген шығар сол бала
Білек жатқан сарайды.
Қазір бар да, тез қара,
Сен падиша болсаң да,
Ақылға асқан мен дана.
Ғапылдық бізге жетті ғой,
Қызық дəуір өтті ғой,
Ақ сарыбас аққуды
Бүркіт іліп кетті ғой.
Сол жалдаған жас бала
Ақыр түпке жетті ғой.
Айрылған шығар балаңның
Енді бізден арасы.
Анық түстің тазасы,
Білек жатқан орданы
Түнде барып қарашы.
Болмаған шығар тілегің,
Таусылған шығар үнемің.
Бір қызбенен тек кетпес,
Қуа қойсаң егерде,
Талай жанның сол залым
Бітірер деп қорқамын
Асыл, тыныс жүрегін.
Бектерін қасқа алады,
Ақбілек жатқан жақсы жай
Түнде барып қарады.
Қыз ішінде Білек жоқ,
Оттай іші жанады.
Қыздарды қысып қамады,
Бəрінен жауап алады.
Сонда қыздар шулады,
Біреуі қорқып тұрмады.
Көргенін айтты баршасы,
Қорғалап айтып бұрмады,
Қыздарды патша қорлады.
Зəрін шашып жендетке
Қыздарды қыр деп ақырды,
Жендеттерін шақырды,
Кілең жасты қимаған
Бірқатары халықтың
Күнəсін кеш деп бас ұрды.
Ашуы қатты хан залым
Босамады, күшейді.
Ашу қысып желікті,
Елге салмады ерікті.
Жендеттерге ақырып
Қыр деп əмір беріпті.
Айтпадың деп көргенің,
Қыздардың қанын төгіпті.
Есік баққан құлдарды,
Күңдерді түгел жияды.
Қара күңнен бөтені
Еш нəрсені сезген жоқ,
Көрмегенін баршасы
Түгел айтып жылады.
Айтқанына нанбады,
Бұларды да қырады.
Қара күңнен өздері
Жеке жауап алады.
Жауабын байқап қарады,
Күң білікті, саналы.
– Мен айтайын шынымды,
Шын айтайын жөнімді.
Хан баласы Құбығұл
Алтын айдар тұлымды,
Су басында жолығып,
Айттым соған сырымды.
Жемісті сайдың бойында
Бітуəжа мен болып
Қауыштырдым қызыңды.
Өлуіме сенгенмін,
Неғылсаң да, Əділбай,
Өзім риза, көнгенмін.
Уəде етіп ерменен,
Жемісті сайдың бойында
Қолымнан ұстап бергенмін.
Ақбілекті қосуға
Құбығұлға арманмын.
Теңін тапты Ақбілек,
Хан баласы екенін
Көрген шақта аңғардым.
Екеуі аман, сау кетті,
Екеуінің жолына
Құрбан болып қалғанмын.
Бітуəжа мен болдым
Екі ғашық араға,
Құбығұл батыр, Ақбілек
Сағынысқан балаға.
Жанымды қидым сол үшін,
Аман кетсе сен жаудан,
Солардан жаным садаға.
Жендеттер ұстап қамады,
Шаштан ұстап алады,
Алмаспен басын қағады.
Əділшілік тілекпен
Күңнің жетті ажалы.
Ашу қатты, кəр күшті,
Қыз бен күңге тарттырды
Осындай ауыр жазаны.
Əулиелік дəреже
Ниетінен табады.
Жеті күннің соңынан
Басында шырақ жанады.
Ханда ашу қайнады,
Азаматтарын сайлады.
Көк найза, өткір қылышты
Өткірлеп əбден қайрады.
Шаһарындағы əскерді
Біреуін қоймай айдады.
Жиылған əскер мол болды,
Сансыз əскер қол болды.
Ту көтерген қолына
Əділбайдың інісі
Əсірбек деген ер болды.
Ту көтеріп əр жерден
Қашқынды қуар жер болды.
Қуды патша дұрыстап,
Ақбілекті алып кеткен соң
Жатсын неғып тыныстап?!
Əділбай қолға сөйлейді:
– Əскер қолым сен едің,
Халықтың ханы мен едім.
Осы залым дұшпанды
Денесін шауып қор қылып,
Кегімді алсам деп едім.
Бұл жауымды мұқатсам,
Ерлерім, сыйлық беремін.
Соны өлтірген батырды
Өзіммен тең көремін.
Басын кескен ерлерге
Үлкен сыйлық беремін.
Даяр қылып керегін,
Қолымнан сыйлық кең берем.
Өз алдына шаһар сап,
Айдынды шалқар көл менен
Рахатты жер берем.
Ат жүйрігін сайлаңыз,
Өткірлеп алмас қайраңыз,
Еркек кіндік жас, кəрің,
Біреуің шаһарда қалмаңыз.
Сонда халық шаттанды,
Қуанып ерлер мақтанды.
Қару-жарақ, көк найза,
Бəрі даяр саптаулы.
Тастан қайтпас ақ алмас
Буылып белге қаптаулы,
Қол астының халқы
Ханның сөзін ақтаулы.
Əскерді хан айдады,
Еркектен адам қалмады.
Əр жерінен ту ұстап,
Сан жетпейтін қалың жау
Құбығұлменен ұрыспақ.
Ақбілектей аруды
Құбығұлдан айырмақ.
Дегеніне келтіріп,
Қайтып елге қайырмақ.
Əскерінің құралын
Баршасын тамам даярлап.
Қу желқом салып ерменен
Əскердің атқа мінген жер.
Оқ өтпейтін сауытты
Ерлер енді киген жер.
Бес мың əскер ауыр қол
Тұс-тұсынан ту байлап,
Ерді қуып жүрген жер.
Ақбілек кетіп халқынан,
Ханның іші күйген жер.
Құралын тамам сайласып
Қаруларын қайрасып
Əмір етіп бастыққа,
Көп əскерді айдатып,
Сарбаздарын ойнатып,
Əскер мінген жүйріктің
Ауыздығын шайнатып.
Барабан тартып, ту алып,
Сансыз əскер шығарып,
«Қызды айырып қалам» деп,
«Басын кесіп жетімнің,
Əкеліңдер маған» деп.
Ашу тұтып қуарып,
Біресе тұрды қызарып,
Əскербек шықты қол бастап,
Жалбыраған ту алып.
Теңгеліктің өткелмен
Əскер өтіп барады.
Түн ортадан ауады,
Күн шыққанда Құбығұл
Əжіғырдың тауынан
Қарауыл тұрып қарады.
Жердің жүзін қаптаған
Əскерді көзі шалады.
Сан жетпейтін көп қалмақ
Құбығұлды өлтіріп,
Айырып Білек қызды алмақ.
Осы сансыз əскерді
Құбығұл байқап тұрды аңдап.
– Сүйіскен жарым, Ақбілек,
Жан жолдасым сен едің,
Сүйісісіп қосылған
Жаным бірге деп едің.
Сансыз əскер қауіпті,
Əжіғырдың тауынан
Қарауыл салып көремін,
Ақылдасам өзіңе,
Қашып кетсем бұл жаудан,
Сынықтық болар деп едім.
Əскер сансыз мол екен,
Сансыз қуған бұл жаудан
Қашпағаным жол екен.
Ұрлап алып кеткенім
Маған қорлық сол екен.
Сұрағаным сансыз жау
Ақ сапарым оң екен.
Ерге сынық болмай ма?
Дұшпанменен алыспай,
Қашып кетсем, Ақбілек,
Екеуімізге намысты-ай.
Ажалым жетсе, өлермін,
Пендеге қаза алыс па-ай!?
Сонда Ақбілек сөйлейді:
– Құралды қалмақ ел еді,
Елінде батыр көп еді.
Қарсы келген жауының
Қасықтап қанын төгеді.
Əскерің жоқ, құрал жоқ,
Батырсынба, Құбығұл,
Тұрудың жоқ керегі.
Жердің жүзі қыбырлап
Сансыз əскер келеді.
Кел, қашалық, қашалық,
Атқа қамшы басалық.
Көмегің жоқ, жолдас жоқ.
Əжіғыр таудан асалық.
Атса мылтық өтпейтін,
Шапса алмас кеспейтін,
Атақты талай ері көп.
Əділбектей батыр бар,
Қарасбек атты жас ұл бар,
Ерлерінің кемі жоқ.
Ұрысам деме бұл жауға,
Бұл тұрудың жөні жоқ.
– Олай деме, Ақбілек,
Сансыз жаудан саса алман,
Көп деп қорқып қаша алман.
Қашып кетіп көп қолдан,
Елге барып жата алман.
Мың қалмақтан жау болсын,
Осы жаудан саса алман.
Ақбілек сонда жылап тұр,
Жан жолдасы батырдың
Қашпасын жаудан сынап тұр.
Ақбілектің көзінен
Төгіліп аққан қара жас
Мысалы аққан бұлақ-дүр.
Қайта-қайта жалынып
«Кетелік» деп сұрап тұр.
– Неғылғаның, Ақбілек,
Ерге қайғы салғаның.
Атың əйел, нашарсың,
Мұнша неге зарладың?
Өлімменен тең болар
Қашып кетіп қалмақтан,
Елге аман барғаным.
Жаудан аумас маңдайым,
Жүр деп тілек тілеме,
Бұл тіліңді алмаймын.
Жаудан қашып кеткендей,
Ақбілек, мен қандаймын.
Сенің тіліңді алғаным,
Ойласам, маған сын шығар,
Ер басыма мін шығар.
Ұрысуға бұл жауға
Болдым қатты ынтызар.
Араласып əскермен,
Соғысқа болдым шын құмар.
Атың əйел, нашарсың,
Көрінбей жауға тасамен
Астына жалдың бара бер,
Менің тілімді ала бер.
Қайрат қысқан едім ер,
Төркінің мен досыңның
Соғысқанын сырттан көр.
Қайғыланбай, Ақбілек,
Енді маған рұқсат бер.
Ақбілектің батырға
Айтуға жоқ амалы,
Іші оттай жанады,
Құбығұл мұнда қалады.
Көзінің жасы бұршақтап
Ақбілек кетіп барады.
Қайрылып тұрып сөйлейді:
– Ғашық болып қосылған,
Алған ерім сен едің,
Сүйікті құшқан, алғаның
Ақбілек ару мен едім.
Жаудан аман құтылып,
Елге жетсек деп едім.
Айтқанымды қылмадың,
Ұрыспай жауға тынбадың.
Қанша тілек тіледім,
Майыспадың, сынбадың,.
Арыздасып нетейін,
Жамандық болса егерде,
Жолдасың болсын иманың.
Аман келсең бұл жаудан,
Мен садаға, құрбаның.
Тіл алмадың, амал жоқ,
Тоқтатуға заман жоқ.
Есепсіз, сансыз жаулар көп,
Көңілімдегі сөзімді
Айтып едім тоқтар деп.
Заман қандай, түр қандай,
Алдыңдағы күн қандай.
Қош аман бол, жолдасым,
Арыздасып қоштастым
Қеңшілікте тұрғандай, –
Деді дағы Ақбілек,
Жүре берді жөніне.
Жыраға атты арқандап,
Қарауыл қарап отырды
Бозбелес жалдың белінде.
Құбығұл батыр жалғыз тұр,
Қолында туы жалбырап,
Отты көзі жаудырап,
Ашу қысып жайнайды
Екі беті албырап.
Таланым қалай болар деп
Көрген соң жауды қуанып,
Жолдасы жоқ қасында,
Қолға тұрды ту алып.
Жердің жүзі жыбырлап,
Шықты жау да шұбалып.
Қуғыншы жау – сансыз көп,
Көп əскердің басшысы –
Ту ұстаған Əділбек.
Жауға кекті бермеген,
Қашаннан нəсіл тұқым тек.
Ішінен батыр ойлайды,
Шығарса деп жекпе-жек.
Ақбілектей аруды
Көрсетпей жауға асырды,
Бозбелес тауға қашырды,
Жау жақындап келгенде
Құбығұл бала ақырды,
«Жекпе-жек» деп шақырды.
Қуғыншының қалың жау
Сөзге тоқтап тұрады,
Жекпе-жекке қалмақтан
Қарасбек батыр шығады.
Жекпе-жек деп келісті,
Қашпа-қашпа десіпті,
Қарсыласа берісті,
Найзаменен салысты.
Қармақ болып қалысып,
Аударысып салысып,
Ат үстінен алысып,
Бір-біріне жабысып,
Балтаменен ұрысты.
Ұңғысынан сынысты,
Тастан қайтпас ақ семсер,
Шапқыласты қылышты.
Болат сауыт киген ер,
Бірін-бірі ала алмай,
Қатты ашуға күйген ер
Ат үстінен алысты.
Екеуінің жеделі
Бірін-бірі арбаған,
Батырларға намыс-ты.
Тартысқанда тіресіп,
Аттың белі талысты.
Түсе қалып атынан
Белге шынжыр шалысты.
Күреске ерлер барысты,
Теуіп кеткен жерлерін
Жер ошақтай қазысты.
Күні-түні екі күн
Алысқанға болмады.
Алысумен жүргенде
Ұлтандары тозады.
Екеуі шаршап талысты,
Қатты шаршап қалысты,
Ер шаршамай неғылсын,
Екі күндей алысты.
Көрген адам қорқатын
Қарысбектің келбетін,
Бұрын жанның көрмеген
Ешкім мұндай бəндесін.
Қабағы түкті, жабылған,
Қарысбектің қашаннан
Ұрысқан жауы алынған.
Талай батыр алысып,
Жеңілген де, бағынған.
Талайдың күні тарылған
Айтулының өзі еді.
Садақпен атса өтпеген,
Қылышпен шапса кеспеген,
Адамның əлі жетпеген,
Кигені сауыт көк берен
Айласы қалмақ тағы артық,
Ақыл менен ой терең.
Екеуі тыныс алады,
Əділбек жақын барады.
– Қарысбек, неден тарылдың,
Қалай күштен арылдың?
Неге басын кеспейсің
Атадан дұшпан залымның?
– Əділбек батыр, пұрсат бер,
Пұрсат беріп азырақ,
Менің сөзім тыңдап көр,
Көңіліме кірді уайым,
Жаратпаймын ал, басшым,
Бұл дұшпанның сыңайын.
Қайтпас қайрат берен ер,
Қайтарды менің райым.
Тірілігім болмаса,
Тұла бойдан əл кетті,
Ажар кетті, сəн кетті,
Тұла бойға тараған
Күш беретін қан кетті.
Тірілігім болмаса,
Шаршап тұрмын мен, – депті,
Азырақ дем алуға,
Жолдасым, мұрсат бер, – депті.
Жаратпаймын сыңайын,
Осы дұшпан меңдетті.
– Сенің басшың мен едім,
Қайтпаған жаудан ер едің.
Сан жетпейтін жау болсын,
Жалғыз барам дер едің.
Жалғыз келген баладан
Тарыққан, батыр, нең, – деді.
Қорғанысың халықтың,
Екі күндей алыстың,
Жігері жоқ жамандай,
Шыны қорқақ адамдай,
Мұнша неге тарықтың?
Талай жауға барғанда
Дұшпаныңды жаныштың.
Ер сыналар болды жер,
Талайды шапқан едің сен,
Көпке бар да, деміңді ал.
Осы дұшпан жауменен
Ұрысамын, маған бер.
Сынықтық көрді бұл жауды
Əділбекке беруге,
Не болса да ойлады
Маңдайынан көруге.
Бергенім сынық болар деп,
Риза болды өлуге.
Ер жеделі намысты,
Арланғаны анық-ты.
Ашу қысып ақырып,
Құбығұлға барысты.
Бір-біріне жабысып,
Екі батыр алысты.
Қайрауы жеткен қайсар ер,
Құбығұл атты еріңді
Көтеріп келіп алыпты.
Айландырып, үйіріп,
Қара тастың үстіне
Батыр сілтеп қалыпты.
Екі аяғы сарт етіп
Қара тасты жарыпты.
Шың үстінде қара тас
Талқан болып қалыпты.
– Қайрат берген қорғаушы,
Пірəдəр бабам ерімсің,
Мен балаңа қуат бер,
Кереметім көрінсін.
Өзің қуат бермесең,
Таршылық келді балаңа,
Тарыққанда сиындым
Жəрдемші, қорған бабама.
Өзің жəрдем бермесең,
Бұл балаңнан əл кетті,
Мұрынымнан қан кетті,
Енді дұшпан меңдетті,
Қырық шілтен, пір, бабам,
Шаршауыма көз жетті.
Өзің қуат бер, – депті,
Бабам, жəрдем бол, – деді.
Ерендердің ескі аруақ
Еңсеме орнап қон, – деді.
Бұл қалмақтың келбеті,
Қара Обадан зор, – деді,
Бергенің жəрдем шын болса,
Балаңды етпе қор, – деді.
Самұрық ұшты қиядан,
Үш түлеген жануар
Түлеп ұшқан ұядан.
Қанатын сулап қағады,
Оңтүстіктен келді де,
Қалықтап ұшып төмендеп,
Құбығұлды арқаға
Оң қанатпен салады.
Баланың кіріп ажары,
Тасиды күші, қажыры
Қарысбекпен алысып
Күркіреген күндей-ақ,
Күңіреніп көтерді,
Үйіріп келіп алады.
Мұны тастың үстіне
Шалқасынан салады.
Ақ қанжарын суырып,
Қақ жүректен салады.
Көтеріп салып санатын,
Жеткізді жауға қазаны.
Қарысбек сынды батырдың
Сол жерде жетті ажалы.
Туысына шыдамай
Сансыз қолдың ішінен
Əділбек батыр шабады.
Жекпе-жек майдан жеріне
Əділбек батыр ақырып,
Қару-құрал бəрі сай,
Жекпе-жекке барады.
[Құбығұлдай еріңіз]
Шығарды қайрат, қажырды.
Əділбекті көргенде,
Жəрдем беріп бабасы,
Нұрланыпты ажары.
Келген жерден қағысты,
Ауыр батпан шоқпармен
Əділбек кезек алыпты.
Өлер жерің осы деп,
Толық мидың тұсы деп,
Тас төбеден салыпты.
Төбеде болат қалқаны
Талқан болып қалыпты.
Жəрдем беріп бабасы,
Есін жиып тұрады.
[Құбығұл кезек алады],
Ашуы қайнап қызады,
Белді бекем буады,
Батырсынған Əділбекті
Шоқпарменен ұрады,
Басы айналып есі ауып,
Жығылып, қайта тұрады,
Кешікпей есін жияды,
Екі ерді ашу құрсады,
Алмас қылыш жұмсады,
Күннің ыссы күнінде,
Шөлдеп ерлер сусады.
Найзаменен серместі,
Салған найза қайрылды,
Қу қурайдай көрмеді.
Көрмеді пайда қылыштан,
Екі батыр ұрысқан,
Балтаменен шабысты,
Ұңғысынан салысты.
Құбығұл сонда ақырды:
– Кеміген мұнша нем, – деді.
Жəрдемші пірім сен, – деді,
Болдым ба жасық мен, – деді.
Күнəлі болып кетпесем,
Пірлер, жəрдем бер, – деді.
Көңілі сезіп қуанды,
Бір ишарат білінді.
Əділбекті көтеріп,
Олай-бұлай жүгірді.
Жан өкпесі сығылды,
Қысқанда жүрек аузына
Əділбектің тығылды.
Алысқан жері қара тас,
Бір-біріне дұшпан-қас.
Балдырғандай майысып,
Болып тұрған бала жас.
Азамат ердің шырағы,
Пірлер жəрдем қылады.
Көтеріп алып ұрады.
Қара обадай Əділбек
Ұзынынан сұлады.
Есектейін ақыртып,
Нар түйеше бақыртып,
Аузына алмас тығады.
Оныменен қоймады,
Өкпесінен батырдың
Қос тіземен сығады.
Күн батқанша Құбығұл
Өлтіре алмай қалмақты
Амал ойлап тұрады.
Жұлдыз шыққан мезгілде
Ауыздан жаны шығады.
Қарысбек пен Əділбек
Қол бастаған ер еді,
Егесті жер болғанда
Дұшпанды қырған бөрі еді.
Екеуінің өлгенін
Көп қалмақ көзі көреді.
Екеуіне тайлас жоқ,
Өзгелері кем еді.
Сөйлесе сөздің жүйі бар,
Ежелден толық миы бар,
Əділбайдың уəзірі
Ақмаман деген биі бар.
Сол уақытта халқына
Ақыл айтар түрі бар,
Ақылды, толық миы бар.
Сондай білгіш адамды
Қайтаратын кімі бар.
[Сонда Маман сөйлейді]:
– Айтамын ақыл, көп халық,
Қарысбек пен Əділбек
Арыстаны еді елімнің,
Медеуі еді белімнің,
Қиындық көріп тарығып,
Еңіреп жылап егілдім.
Бұл қиындық жер болды,
Уақыт тарлық халқыма
Осы бүгін кез болды.
Қалай болды замана?
Енді ойлайтын жер болды.
Екі нəннен айрылып,
Көкірек мұңлы шер болды.
Мақұл десең, о, халқым,
Жекпе-жекке баруға
Қарсыласар адам жоқ.
Əскер шөп те, ол – орақ,
Соғысуға шараң жоқ.
Қарсыласып тіресер
Енді бізде адам жоқ.
Əділбай, патша данамыз,
Ақылға салып қараңыз.
Осы айтқан санамыз,
Ақбілек сіздің балаңыз,
Теңін тауып сүйіпті,
Тілімді алсаң, тараңыз.
Алдыратын ер емес,
Ойласып, халқым, қараңыз.
Бөтен бар ма сөзімде,
Əділбай, сына мұнымды,
Ел билігі өзіңде.
Қарсы барар адам жоқ,
Ойға салсам еліңде.
Сонда Əділбай сөйледі:
– Бұл сөзіңді алайын,
Ағасы жалғыз Ақмедет
Соны ертіп барайын,
Олай десең, қайтейін
Батамды беріп қалайын,
Оң бермеймін батамды,
Теріс қолым жаяйын,
Теріс бата қағайын.
Сонда Əділбай патша тұрып былай дейді:

– Мен əрі хан едім, əрі ер едім. Халықтың арын арлаған, талай жауды жаулаған. Бұл бір балаға əлім жетпейді деп қорқып тұрғаным жоқ. Мен қызымды алып қашқан жас баламен алысып жүруімді өзіме сынық, бойыма мін көремін. Сондықтан мен оларға теріс батамды берейін, халық, сендер қайта беріңдер. Ту тастап Əділбай мен қыздың ағасы таудың басына шығады. Ақбілек пен Құбығұл екеуі жау қайтар ма екен, немесе тағы да жекпе-жекке шығар ма екен деп қарауыл қарап тұр екен. Сонда Ақбілек əкесі мен ағасын көріп айтады:

– Ғашық болған жолдасым,
Əке менен ағамды
Танып тұрмын мен, – дейді.
Тілейтұғын тілек бар,
Бір тілегім бер, – дейді.
Кіресі бос сол əкем,
Ардақты қызы мен, – дейді.
Əкем маған шыдамас,
Бұл айтқанды етпесең,
Маған да ісің ұнамас.
Жанашыры болмаса,
Бөтенге ешкім жыламас.
Кіресі бос атама
Қол қусырып баралық,
Аяғына бас ұрып,
Қарттың қолын алалық.
Əкем менен ағама
Татуласып қалалық.
Атаның хақы көп еді,
Ақ батасын алалық.
Құбығұл қорқып саспайды,
Ақбілектей арудың
Өтінген тауын шақпайды.
Бір қылықты бастайды,
«Олай болса, Ақбілек,
Ибаменен барам» деп,
Қолындағы бес қару
Сауытын шешіп тастайды.
Əділбайдай батырға
Енді болды атам деп,
Қол қусырып келеді,
Иіліп сəлем береді.
[Əділбайдай батырың]
Ішке сақтап ашуын,
Өлтірер келді кезеңі.
– Тілекті берді маған деп,
Ақылынан адасып
Қаруын тастап келген соң,
Жеткіземін ажал деп,
Алмаспенен шабам деп,
Орайыма келген соң,
Өлтірмей неғып қалам? – деп
Кешегі екі нəнінің
Енді кегін алам деп,
Ашу қысып тарылып,
Қабандай-ақ залымның
Қабағы түкті жабылып,
Ерлерінен айрылып,
Тұрған патша тарығып,
[Ақбілекке сөйлейді]:
– Не жазығым бар еді,
Ей, Ақбілек, Ақбілек,
Бүлік салып жеріме,
Қайғы салдың еліме,
Мезгілсіз ажал келтірдің
Екі арыстан еріме.
Енді келді дұшпаным
Кек алатын жеріме.
Таңдап сүйген еріңе
Жеткізейін қазаны,
Обалың сенің өзіңе.
Суырып алмас алады,
Көтеріп алып сермеді.
Ақбілектің ағасы
Əкесінің қарынан
Шапшаң ұстап алады.
– Кейіме, əке, сен, – дейді.
Ашуыңды бер, – дейді.
Қол қусырып тұрғанда
Өлтіруің жөн емес,
Ақбілек тапты тең, – дейді.
«Ер дұшпаны өзінен
Мықты болсын» деген сөз,
Ақбілекке ризамын,
Өзіне тапты тең, – дейді.
Əділбай қолын жаяды,
Батасын беріп қарады.
– Теріс қолым жаяйын,
Теріс бата қағайын.
Жамандық болса, Ақбілек,
Сенен неге аяйын.
Тілегіңді бермегір,
Көзіңнің жасын көрмегір,
Жолдасыңнан айрылып,
Қанатыңнан қайрылып,
Қайғыменен еңірегір.
Қайғыменен қамыққыр,
Құса басып тарыққыр,
Жолдасыңнан айрылып,
Жалғыз қалып зарыққыр.
Дүниеде оңбағыр,
Жүрсең, жолың болмағыр,
Мені мұнша зарлаттың,
Өзіңді Құдай қорлағыр,
Менің берген батамды
Аққа Құдай жолдағыр.
Бір-бірінен айрылсын
Сүйіп құшқан теңдесің,
Тілегіңді бермесін,
Көзіңнің жасын көрмесін.
Байынан жолда айрылып,
Қайғыменен еңіресін.
Қайғыменен ішің от болсын,
Менің батам оқ болсын,
Жасыл соғып төбеңнен,
Өмірің өшіп жоқ болсын.
Теріс қолын жаяды,
Теріс бата қағады.
Енді Əділбай қайрылмай,
Шаһарына қайтып барады.
Ақбілектің ағасы,
Бір-біріне шыдамас
Бір кісінің баласы,
Ақылға асқан толық ед,
Көңілінде артық санасы.
– Бауырымсың, шырағым,
Алған ерің сынадым.
Қайырлы болып алғаның,
Баянды болсын тұрағың.
Сен теңіңді тапқансың,
Жедел қылып нетейін.
Жан жолдасың еріңмен
Досты болып кетейін.
Жат жұрттықсың, шырағым,
Ақбілек, өріс етейін.
Тілегімде жалған жоқ,
Іште сырым қалған жоқ,
Патша қызы əр уақыт
Теңін тауып барған жоқ,
Көңілде мүдəм қалған жоқ.
Өрістесім, шырағым,
Көңілімде арман жоқ.
Сырымды айтып өтейін,
Сен теңіңді тапқан соң,
Жедел етіп нетейін?!
Екеуі құшақ жаяды,
Құшақтасып дос болып,
Татулық көңіл қош болып,
Қуанышпен тарады.
«Өрісімсің, қалқам», – деп,
Ақбілектей баланың
Ақ бетінен бір сүйіп,
Қош айтысып, достасып,
Ағасы кетіп барады.
Татуласып, келісіп,
Құшақтасып, көрісіп,
«Өрісімсің, Ақбілек», –
Деп сүйісіп, өбісіп,
Қош айтысқан жер еді.
Құбығұл мен Ақбілек
Қос тұлпармен желеді.
Көлденең жатқан бір тауды
Кеселей басып жөнеді.
Ар жағында сол таудың
Шалқып жатқан айдын көл,
Бұлардың көзі көреді.
Теңгеліктен өткелі,
Қалмақпен соғыс еткелі
Өздері де, аты да
Сонан бермен шөлдеді.
Төбесінен күн өтіп,
Ақбілек шөлдеп келеді.
Шөлдеп келген Білектің
Бір су еді керегі.
Тілегіне кездескен
Мөлдір тұнық көл еді.
Мал баспаған жағасын
Бұрын-соңды бұл көлдің,
Көрген жоқ адам қарасын,
Жыныс ағаш ну дейді
Көл айнала жағасын.
– Рахатты шөпті көл,
Жағалай шалғын көкті көл,
Бақытқа бізге тап болды,
Жыныс ағаш нулы көл.
Ей, Ақбілек, Ақбілек,
Дем алуға лайық,
Рахатты көл екен,
Жағалай жыныс бəйтерек,
Семіруге тұлпарға
Шүйгін шалғын шөп екен,
Хош иісті көк екен,
Ат суарып, тынығып,
Түсіп кетер жер екен.
Аттың ерін алалық,
Көптен бері шөлдедік,
Суын ішіп қаналық.
Шалыққан шөлдеп тұлпарды
Біз суарып бағалық,
Осы көлдің бойында
Бүгін тыным алалық.
– Ақыл салма, ер, маған,
Қайтсең де өзің біл, – деді.
Ғайыптан көрдім бір түсті,
Ренжіп көңілім кірленді.
Тілегім берсең, түспеймін,
Өткен түнде түсімде
Жайын жұтып жүр, – деді.
Түсем десең бұл көлге,
Қайғылы менің заманым.
Таудай жайын мен көрдім
Құйрығын көлге сабаған.
– Қасыңда досың жүргенде
Еш қорықпа сен, – дейді,
Атың əйел нашарсың,
Қорыққаның нең, – дейді.
Құбығұл жарың қасыңда,
Жоқ нəрседен қорыққан,
Ақбілек, сенің нең? – дейді.
Көп қайырмай тілімді ал,
Шатырың тіге бер, – дейді.
– Тіл алмайтын заман жоқ,
Тіл алмасқа шарам жоқ,
Мен сендікпін, Құбығұл,
Көңілімде алаң жоқ.
Осы көлге сен түссең,
Ғашық жарың саған жоқ.
Түсте көріп қауышқан
Батыр досым маған жоқ.
– Ғашық болып қосылған
Ақбілек ару сен едің,
Тəуекел етіп бел буып,
Сені іздеген мен едім.
Атың əйел болған соң,
Сен ерліктен кем едің.
Асыл зат жерде қала алмас,
Жан жолдасым замандас.
Ерің тірі тұрғанда,
Ешкім көзін сала алмас.
Көрдің жайын қалмақтың,
Қабыртқалы қайсармын,
Айырып ешкім ала алмас.
Қайыспайтын қайсармын.
Əйел болған себепті,
Уайым айтып қайтардың.
Мың болмақтан сан болсын,
Сан жетпейтін жебені
Қайсарып жауға тартамын.
Осы көлде жата бер,
Қарауыл салып алыстан,
Сыртыңнан бағып байқармын.
– Көп өтініп жыладым,
Жылап тілек сұрадым.
Осы көлге сен түссең,
Болмай ма деп қорқамын
Жолдастыққа тұрағым.
Қанша өтініп айтсам да,
Көнбесіңді сынадым.
Сапарың болсын оң, – деді,
Құтты болсын жол, – деді,
Көріскенше күн жақсы,
Досым, аман бол, – деді.
Садақты белге шалады,
Мылтықты қолға алады.
Аң жайлауы Қаратау
Батыр кетіп барады.
Киік пенен құланды
Сонда таудан қағады.
Батыр тауға кеткенде,
Бұлт торлап, жел соғып,
Сартылдап бұршақ жауады.
Шатырда жатқан сұлуды
Суда жатқан айдаһар
Лебімен тартып барады.
Қараңғы бұлт төнеді,
Құбығұл жоқ қасында,
Жеті басты жыланға
Қару қылсын кім енді?
Қаңбақтайын ұшырып,
Жылан жұтып жіберді.
Аңын атып қуанып,
Ақбілекке мақтанып,
Жайнатып қолға ту алып
Көлден атын суарып,
Көңілденіп желікті.
Көргенінше сағынып,
Қасына шатыр келіпті.
Ат үстінен Құбығұл
«Ақбілегім, қайдасың?
Шық» деп хабар беріпті.
Шатырдан шығар Білек жоқ,
Қуанатын жүрек жоқ,
Асық болып қосылған
Шын тілеген тілек жоқ.
Аттан түсіп қараса,
Өзі түгіл, сүйек жоқ.
– Мынау қалай болды, – деп,
Көңілге қайғы толды, – деп,
Кең дүнием тарылып,
Қараң күнім солды, – деп,
Ғашық болып қосылған
Аруым шандоз сен едің,
Сені іздеген ер едім,
Еңбек қылып қосылып,
Кызығың көрсем деп едім.
Ғайып болдың көзімнен,
Сүйенішті сұлу жар,
Сені қайдан көремін?!
Сүйенішті сұлу жар,
Бір көруге болдым зар,
Түспе десең, болмадым,
Ақырында болдым зар.
Түспе деп айтып өтіндің,
Бермедім саған ықтияр.
Айналам болды қараң-тар.
Қайғы түсіп басыма,
Қиындық бүгін болды тар.
Енді қайда барамын,
Іздеп қайдан табамын,
Сүйгенімнен айрылып,
Заманның көрдім қараңын.
Бас сапарым келісіп,
Оңдырмадың, Құдайым,
Бұл ісімнің аяғын.
Қорғаушы бабам сен едің,
Тарыққан күнде, тар жерде
Жəрдем берем деп едің,
Қайғы басты ұлыңды,
Тигіз, ата, себебің!
Ердің қорған бабасы,
Соны айтып болғанша
Қасына келді бабасы.
Бабаның келіп қалғаны
Қас қаққанның арасы.
Тілекші болып сыртынан
Қорған болған панасы.
– Тарықпа, балам, сен, – дейді,
Тарыққан мұнша нең, – дейді.
Мұңая берер болар ма?
Қайтпас жүрек ер, – дейді.
Ақбілектей қызымның,
Балам, тілін алмадың,
Үлкендік келіп көңіліңе,
Сөзіңнен айтқан танбадың.
Жан жолдастан айрылып,
Ақырында зарладың.
Мен қорғаушы шал, – деді.
Алмасың қайрап ал, – деді.
Сабыр ет, балам, сабыр ет,
Мезгілсіз кетпес жан, – деді.
Сабырлық ет сен, – деді,
Риза болып көн, – деді.
Əділбайдай залымның
Теріс бата бергені,
Қабыл болып батасы
Міне, балам, келгені.
Ақыл ойлап тап, – деді,
Басыңнан қайтпас бақ, – деді.
Ақ алмасты қолыңа ал,
Көл басына жылдам бар.
Саған болған дұшпанның
Бүгін болар күні тар.
Мекен еткен су ішін
Жеті басты айдаһар –
Суда жатқан жылан бар.
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Уайымменен болма зар.
Көрген түсін Ақбілек
Саған баян еткені,
Түстің рас, шырағым,
Қызыма баян еткені.
Ақбілектей аруды
Көлде жатқан жыланның
Анық жұтып кеткені.
Алмасты қайрап алады,
Көлге жетіп барады.
Жапырлаған нар қамыс,
Батыр көзін салады.
Ақбілек ғашық еткен жер,
Жапырылған бұл қамыс
Ақбілектей сұлуды
Суға түсіп жүргенде
Айдаһар жұтып кеткен жер.
Суырма алмас қылышпен
Жалаңаш түсе қалады.
Жеті басты айдаһар
Лебімен тартып барады.
Жел ұшырған қаңбақтай
Тоқталмады аяғы.
Суға ұрды құйрығын,
Айдаһар соғып, сабалап,
Лебіменен тартқанда,
Қаңбақтай ұшты домалап.
«Иə, Алла!» деп жылады,
Пірінен жəрдем сұрады.
Жұтар жерге келгенде,
Ер қайраты қызады.
Мойнынан ұрады,
Алты басы кесіліп,
Жалғыз басы тұрады.
Енді тыныс алады,
Бір басын да қағады.
Судан сүйреп дұшпанды
Шетке алып барады.
Алмаспен ішін жарады,
Қарынының ішінен
Суырып сұлуды алады.
Ақбілектің кетіпті
Айдан сұлу ажары.
Көшкенге де ұқсайды
Сұлулықтың базары.
Қансыз бетін көргенде
Қайтыпты ердің қажыры.
Ердің қайтып назары,
Қорғаншы болған піріне
Ақбілекті алып барады.
– Зарыққан балам сен, – дейді,
Сүйеуші бабаң мен, – дейді.
Қызымды маған бер, – дейді,
Азырақ тарлық көргенге
Риза болып көн, – дейді.
Теріс қарап арман тұр,
Мен тілекші бабаң бір,
Қуаныш кіріп көңілге
Көңліңнен кетсін қайғы, кір.
Сенің бабаң мен, – дейді,
Ақбілек қызым сен, – дейді.
Басыңды көтер, шырағым,
Қатты ұйықтаған нең, – дейді,
Асамен тартып сермейді.
– Атаеке, мұнша неттім, – деп,
Қатты ұйықтап кеттім, – деп,
Ұйықтап жатқан жерімде
Қай жерден келіп жеттің, – деп,
Көтеріп басын алады.
Төңірекке қарады,
Кірді қыздың ажары.
Пірі жəрдем береді,
Əділбайдың батасы
Кесел болып қызына
Таршылық көрген жері еді.
Қалыбына келеді,
Осы көлдің бойында
Бейнет шеккен жер еді.
Уəлидің еліне
Қос тұлпармен жөнелді.
Көңілі өсіп екеуі
Əнін қосты сол енді.
Алыс емес тұлпарға
Уəли ханның елі енді.
Уəли ханның бəйбіше
Ұйықтап жатып түсінде,
Түсінде көрген ісінде
Бір жағына қисайған,
Құлауға жақын ордасы.
Дүниесі азуда,
Əр мүлкі де тозуда.
Сол күні көрген түсінде
Түс қорқыныш болуда,
Көңілге қайғы толуда.
Ақбоз орда құлап тұр,
Бəйбіше өксіп жылап тұр,
Осы көрген қиын түс
Жамандыққа жорып тұр.
Тұр екен орда қаңырап,
Құлаған екен шаңырақ,
Солып тұр екен аңырап.
Əйелдің түсі сол болды,
Бұл түсінен қорқып,
Бəйбіше жылап қор болды.
Таң мезгілі болғанда
Түс аяғы оң болды.
Оң болғанның мəнісі,
Құлауға тұрған боз орда
Қалыбында тігіліп,
Боз орданың ішінде
Азамат отыр жиылып.
Келіп жатыр байтақ ел
Тұс-тұсынан құйылып,
Алдияр деп көп халық
Хан алдында келіп тұр.
Тақ үстінде көрісіп,
Халыққа қолын беріп тұр.
Қараса, халқы жиылып,
Бұқаралар төніп тұр.
Айтысқандарға Уəли
Төресін тура беріп тұр.
Бəйбіше еді əуелден,
Жалғызы кетіп жылаған,
Көз жасын төгіп бұлаған,
Тігілді орда құлаған.
Ақбоз орда ішіне
Асыл киім салулы,
Неше түрлі асыл зат
Үйде жайнап жаюлы.
Жаңа көрді бəйбіше,
Ілулі жанат ордада
Неше түрлі қаруды.
Бір жақсы түс білінді,
Керегенің басына
Сауыт, қару ілінді,
Көрген түсі бақ болды,
Ұлан жиын ел келіп,
Бəйбіше түске шат болды.
Айналасы орданың
Байланған бедеу ат болды.
Қуаныш түстен оянып,
Азамат басын құратты,
Халқына түсін сынатты.
Білімпаздың баршасын
Басын қосып сұрапты.
Осы түсті айтқан соң:
– Бұл қуану – ел бағы,
Ел тілегін берген-ді,
Ардақтысы халықтың
Құбығұл жақын келген-ді.
Құбығұл жауға кеткен соң
Көкірегің шерлі еді.
Қиядан келіп байланған,
Екі тұлпар ат көрсең,
Қуаныш пенен шат көрсең,
Халыққа қонған бақ көрсең,
Іздегенін Құбығұл
Жаудан алып келгені,
Ел тілегін бергені.
Қуаныш болар халыққа,
Қожа, молда, ақсақал,
Түзу жорып анықта.
Түстің жөні осылай,
Сынап, халық, парықта.
Қуаныш болды хан, ханым,
Бұрынғыдай қамықпа
«Осы жору дұрыс», – деп,
Халық қабыл алады.
Жақсылыққа баста деп,
Ақсақал бата қағады.
Халық тарап жатқанда-ақ
Қос тұлпармен жарысып,
Басыменен алысып,
Аузын ашып қарысып,
Құбығұл келіп қалады.
«Сүйінші» деп патшаға
Көрген жандар барады.
Хан, ханымның қабыл-ды
Шын тілеген тілегі.
Қуанғаннан бұлардың
Жарылмады жүрегі.
Елі-жұртын жияды,
Садақа тойын қылады.
Жалғызы аман қосылып,
Орта ноғайлы халқының
Кемпір мен шал қартының
Еткен жер осы мұрадын.
Бұрынғы ала түлек озған заман,
Хикаят осылайша болған заман.
Əркімдер бет алдында, бет-бетінде,
Жоқ еді еш сүйеніш қорған заман.
Баласы Уəлидің Құбығұл ер,
Халқым, осылайша болды тамам.
Сөзімде кемдік болса, сөге көрме,
Білгенше тапқаны осы кəрі бабаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу