Өлеңдер ✍️

  03.05.2022
  90


Автор: Гүлманат Әуелхан

Жұтылу

Жаны мен тәні бөлінген,
Періште көрдім көгімнен.
Төсіне сіңді даланың,
Шуағы күннің төгілген.

Өмірге көптеп үңілмей,
Өрнексіз өтті күнім кей.
Аңырайды кеудем бейуақ,
Қобыздың қоңыр үніндей.

Сұмдығын түйіп сұрлана,
Мүлгіді мыстан сұм қала.
Жалаңаш жалпы сұлбаға,
Қарады мың көз ұрлана.

Төріндей болған тамұқтың,
Жалғаннан мынау жалықтым.
Тұншығып тұрды тұл ғалам,
Ғаламатындай ғаріптің.

Күндізден болып жарық түн,
Әлде кімді іздеп зарықтым.
Желбезегінен жыр ағып,
Қайраңда жатыр балық мұң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу