03.05.2022
  563


Автор: Нұрпейіс Байғанин

БАТЫРЛАР ЖЫРЫНЫҢ ЖЕЛІСІ

Тыңда, халқым, бастайын
Батыр батыр болғаннан,
Ер жеделге толғаннан,
Тұлпар таңдап мінгеннен,
Берік сауыт кигеннен,
Жасанған жауға тигеннен,
Жауды көрсе желігіп,
Шаттық дəурен сүргеннен.
Жауды көрсе тербенген,
Тербенсе, қалмақ жерге енген,
Үш күн жауды көрмесе,
Көкірегі шерленген,
Біреуін бастап айтайын
Бұрынғы өткен ерлерден.
Тартайын жырдың желісін,
Келтірейін келісін.
Сөз білмейтін олақтай
Қысқартпас бабаң өрісін.
Балдан тəтті жырымның
Халқым татсын жемісін.
Өткен заман шағында,
Батырлардың бағында,
Қайырымсыз хандардың
Ел бастаған шағында
Елге тыным болмаған,
Хан мен бегі оңбаған,
Оңбаған демей не дейін:
Бүлініп жатқан халыққа
Тура көзін салмаған.
Қайырымсыз хан залым,
Мейірімсіз би залым,
Халықты жеп, жалмаған.


Бұрынғының ерлері
Береңгі сауыт кигені,
Беліне садақ ілгені,
Жасанған жауға тигені,
Ерлікпен дəурен сүргені.
Тұлпардан таңдап ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Жасанған жауға кеп тиген.
Қолындағы көк жебе
Қара тастан өткізген,
Жауыздықты жаулардың
Кемесін құмға шөккізген.
Алмасын тасқа қайраған,
Жауды көрсе жайлаған,
Маңдайы жаудан таймаған,
Халықтың қамын ойлаған.
Байтақ елін қорғаған,
Басына ерлік орнаған,
Қайраты асқан өңді адам.
Тебінгі терге шіріткен,
Терлігін сүттей іріткен,
Айғайласқан шағында
Басын қосып біріккен,
Беттеген жауы үріккен.
Алты малта ас еткен,
Қатын-бала жат еткен,
Қуантып халқын шат еткен,
Ұрысқан жауын мат еткен.
Тұлпар мініп, «шу» деген,
Жүрегі қызып гулеген.
Астындағы тұлпардың
Табаны жерге тимеген.
Қарсы келген жау болса,
Балшықтай басып илеген.


Жау дегенде айбатты,
Айбаты асқан қайратты,
Астына мінген тұлпардың
Ауыздығын шайнатты,
Мінген атын ойнатты,
Халқына бақыт орнатты.
Арыстан, шер батырлар
Халықтың қамын ойлапты,
Байтақ елін қорғапты.
Береңгі сауыт кигені
Белгілі жауға тигені,
Ұшқырлы найза қолға алып,
Беліне садақ ілгені,
Жасанған жауға тигені.
Салтанатпен самғады,
Халқының арын арлады.
Арлау – ердің арманы,
Күшін күшке жалғады,
Ер қайраттан танбады.
«Ə» дегенде «мə» деген,
Азын көпке теңеген,
Қолындағы жебесін
Өткізген сауыт көбеден.
Қолына жасыл ту алған,
Туды қанға суарған,
Ерлігі елге сыналған,
Бастары ердің құралған.
Тартайын жырдың желісін,
Келтірейін келісін.
Сөз білмейтін жыршыдай
Қысқартпайын өрісін.
Батыр батыр болғаннан
Сапарын ерлер оңғарған,
Жауды көрсе, долданған,
Қияқты найза қолға алған.


Баба Түкті Шашты Əзиз,
Едіге сұлтан, Нұрадын
Халықтың еткен мұрадын.
Қызыл қанға бояған
Көк алмастың қияғын.
Ешкім осал деген жоқ
Мұның тұқым-тұяғын.
Едігедей ер еді,
Елге тиген себебі.
Қалмақ деген халыққа
Ішкізген қаннан керені.
Астана елдің сүйеніші –
Едіге батыр керегі.
Арыстан батыр Едіге,
Батырлығы білінген
Мұсылман, кəпір шегіне.
Басып қонған ер еді
Тоқтамыс ханның көліне.
Қырғын берген ер еді
Көп қалмақтың еліне.
Ел қондырған Едіге
Қалмақтың нулы көліне.
Құлағың салып, халық, тыңда,
Менің тартқан желіме.
Жырым менің қара...............
Қартың жырды таппаса,
Кəрі тарлан шаппаса,
Обалы болсын өзіне.
Жырдың міні бар болса,
Балаларым, айт көзіме.
Сонан туған Нұрадын,
Еткізген елдің мұрадын.
Халқының жаққан со күнде
Манар шам мен шырағын.
Он екі баулы халықтың
Жеткізген мақсат-мұрадын.


Қартының айтқан жырына
Балаларым салсын құлағын.
Нұрадыннан хан Мұса,
Ойлағаны ар Мұса.
Еріккен күнде ер Мұса,
Ерінген күнде би Мұса.
Отыз ұлды сол Мұса,
Дəулет пен баққа зор Мұса,
Берекеті мол Мұса.
Үлкен тоқал баласы
Он екі екен шамасы,
Əліби екен ағасы.
Бəрі батыр, бəрі би,
Білік пен артық санасы.
Ортаншы тоқал баласы
Он бір туған шамасы.
Біліктің асқан данасы
Тобаяқ екен ағасы.
Кіші тоқал баласы
Күніке менен би Сидақ,
Ең үлкені кер Шойнақ,
Мұның жайы солай-ақ.
Бəрі қатар бір туған
Əліби, Смайыл, Тобаяқ.
Айтайын деп жырласам
Сөз желісі оңай-ақ,
Мұның жайы солай-ақ.
Бəйбішеден Алшағыр
Халық билеп, хан болған,
Қараңғыға шам болған.
Батыр болған, паң болған,
Ойлағаны ар болған.
Көңіліне жедел зар толған,
Жауға алды тар болған.


Онан туған хан Мамай,
Хан Мамай атты жазған-ай.
Талай жерге барған-ай,
Талайға ойран салған-ай,
Қылышын қанға малған-ай.
Шежіреден сұрасаң,
Мұнымның жоқ жалғаны-ай.
Қанша патша болса да,
Бір перзенттің зарынан
Көп болыпты арманы-ай.
Інісі туған қанды Орақ,
Қарт бурадай қарлы Орақ,
Айдаһардай зəрлі Орақ,
Салтанатты, сəнді Орақ.
Жауға бүлгін салды Орақ,
Қылышын қанға малды Орақ,
Орақтайын орды Орақ,
Ұрысқан жауын жойды Орақ,
Терісін бітеу сойды Орақ.
Қалмақтың басы Хан Жөке
Екі көзін ойды Орақ.
Орақтайын орған ер,
Қарсыласқан жау болса
Қарасын құртып, жойған ер.
Орақтан туған Қарасай,
Ер Қазимен екеуі
Айбатты Орақ баласы-ай.
Алты мен жеті жасында
Жауға шапқан таласа-ай.
Артық болған тұқымның
Ерлік пен билік санасы-ай.
Сансыз айта келсек те
Осыған қояр санасы-ай.
Тыңдауыңа бұ қалай,


Əр сүреге түсейін.
Құлақ сал, халқым, жағалай
Желіктіріп жырлайын,
Жеріне қашқан маядай.
Мұным пəлен болмаса,
Бұған көңілің толмаса,
Жылжытайын шіркінді
Тұяғы тайпаң жорғаша.
Үлкендіктен танбасам,
Аз ойымды шалмасам,
Сары жорға базармын,
Бұлбұл құстай сайрасам.
Өкпелерсің, балаларым,
Бір желіге бармасам.
Орақ, Мамай өткен соң,
Дүниеден бұлар көшкен соң,
Қарасай, Қази қос жетім
Бұл атадан жас қалды-ай,
Əрі ақылдан бос қалды-ай.
Баба Түкті тегінен
Осы жерде бақыт тоқталды.
Дəулет бітіп, бай қылған,
Халықты риза, жай қылған
Шаруаның тұқымы –
Он екі баулы көп ноғай
Шынтемірді хан қылған.
Дəулет малды айдаған,
Шағанға бие байлаған,
Самардың бойын жайлаған
Кең шаруа болған хан еді.
Орақ, Мамай өткен соң,
Хан дүниеден көшкен соң,
Халық хансыз болмас деп,
Хансыз халық оңбас деп,
Өткен Орақ, Мамайдың
Өксісек орны толмас деп,


Бұ тұқымның қашаннан
Өткірлігі алмас деп,
Жақсы тұқым нəсібі
Кем орынға қалмас деп,
Енді ноғай кеңесті,
Кеңескенде не десті:
Хандықтың жайын сөйлесті,
Ноғайлының кəрісі,
Ақсақалдың бəрісі
Шынтемір жай адам деп,
Соны хан қоюға меңдесті.
Жастар үлкенге ақыл салмады,
Жастың арын арлады:
«Қарасай мен ер Қази
Аталы тұқым ер еді,
Екі жағы тең еді,
Шынтемірдің атасы
Қимайысын байлаған
Қойды баққан неме еді.
Кем атаның баласы
Байтақ елді баға алмас,
Елдің көңілін таба алмас.
Атасында ерлік жоқ,
Ел шетіне жау келсе,
Қарсы жауға бара алмас.
Қарасай мен ер Қази
Асыл несеп тұқымы
Кем орынға қала алмас.
Ақсақал, тіліңді алмаймыз,
Қаулыңа құлақ салмаймыз.
Қарасайды хан қойып,
Атасының алтын тақ
Өз жолына арнаймыз».
Ақсақалдар бас қосып,
Жастарға ақыл салмады,


Қаулысын қабыл алмады.
Иесіз тұрған алтын тақ
Шынтемірге арнады.
Алпысқа келген шағында,
Тұрғанда хан тағында
Бір перзент көреді.
Бала атаның керегі,
Сүйеніш перзент тірегі.
Бір ер бала көреді,
Оның атын Əділ деп еді.
Тоғыз жасқа келгенде
Əділ патша хан болды,
Хандығы халыққа таң болды.
Батыр болды, паң болды,
Ойлағаны ар болды,
Жүрегіне зар толды.
Сыпырадай қартына:
– Халықтың ханы мен, деді,
Көпті көрген қартым сен, деді,
Ерігіп тұрған ханыңа
Бір жау тауып бер, деді.
Сүйдеп патша желікті,
«Балам толсын мерейің,
Сөзіңді қабыл көрейін.
Лайықты жауыңды
Ханым, тауып берейін.
Адам аттың ізін салмаған,
Бұрын ерлер бармаған,
Он екі айлық жері бар,
Үш айшылық жолы бар,
Торпақ көл деген көлі бар,
Қиғаштың қара белі бар.
Батырлардың бағы бар,
Керекті жауың табылар,
Əскер алып, жол шегіп,
Сол жауға барсаң неғылар?


Білгенін айтар кəріңіз,
Қартыңның тілін алыңыз,
Қиғаштың қара тауында
Қызылбастың қанды жау,
Салтанатты сəн мекен
Ханым, соған барыңыз».
Ерлерді жиды саралай,
Тоқсанға келген қарт кемпір
Қараүлекке ақыл салады-ай.
Барған жауы Қиғаш тау,
Қызылбас деген қанды жау,
Қызылбасқа барған ер,
Барып уығын салған ер,
Он жеті қатар зынданға
Қапияда түсіп қалған ер,
Арманда болған жазған ер.
Тарттым сөздің желісін,
Ерлердің айттым тегісін,
Тыңдауыңа бұ қалай?
Мұным бəлен болмаса,
Бұған көңілің толмаса,
Нұрекең ақын сөз табар,
Тереңнен қиял ойласа.
Жəне кім бар десеңдер,
Асылы күннен жараған,
Төре тұқым тараған,
Арғы атасын айтайын,
Руы баян Шыңғысхан,
Шыңғысханнан Шынтас хан,
Шынтас ханнан Бектас хан.
Қаһарлы болған батыр хан
Аяғы ақсақ Темір хан.
Бəйбішеден туыпты


Жалқы туған Төрехан.
Тоқалдан туған Егізбай,
Егізбай мен Сегізбай.
Бəйбішенің жаңғызға
Көп беріпті жəбір-ай.
Қасиетсіз дейді жұрт
Екі жарым көрімді-ай.
Екі қатын баласы
Екі орда ел деп еді,
Ескілік үлгі сөздері.
Бəйбішенің жалғызы
Егізбай қорлық береді,
Бұ да керек сөздері.
Егізбай мен Сегізбай
Жаңғызға жəбір береді-ай,
Тумадан қорлық көреді.
Бұ сөзім тұрсын мұнымен,
Жыр жырлайын сынымен,
Бұрынғы өткен ерлердің
Көрсетейін төрінен.
Он екі баулы халықтың
Көтерейін түбінен.
Астана байтақ елдерім,
Елге қоныс жерлерім,
Туырлықтай ту алып,
Тұлпар мінген ерлерім.
Жау дегенде кəрленіп,
Қалмаққа шапқан ерлерім.
Жау шайқаған серлерім.
Ұзын өзен суларым,
Қалың ағаш нуларым,
Қайыршақ торбақ құмдарым.
Бай дəулетін асырған
Көлденең қара шыңдарым.
Балдырғанды, балқашты
Шалғын шыққан шымдарым.


Есілдерім, елдерім,
Ел бастаған ерлерім,
Көк алмасын қолға алып,
Жау жаулаған ерлерім.
Хандарменен қарысқан,
Дұшпанменен алысқан,
Арыстандай ерлерім.
Дəулет, бағы бірдей тең,
Бақытты тұрмыс елдерім.
Ел дəулеті кен еді,
Берекет елде көп еді,
Азын көпке теңеді.
Қаһарлы туған ерлердің
Халыққа тиген көмегі.
Бұлап-талап ел мүлкін
Біреуді біреу жеп еді.
Хандарменен қарысқан,
Жауларменен алысқан,
Батырларым данышпан.
Қарсыласқан дұшпанды
Жерге таптап жанышқан.
Тітіреген жау дұшпан
Айқайлаған дауыстан.
Қарасы менен ханы тең,
Құлыны мен тайы тең,
Батыры менен паңы тең,
Қыры менен сайы тең,
Мекен қоныс жері тең,
Жерге лайық елі тең,
Елге лайық ері тең.
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Ойдық желке, кекшіл бас
Ерлердің мінген кері тең.
Ақылы асқан пірі тең,
Жүйрік шешен биі тең.
Би кеңескен үйі тең,
Үйге ұстаған шиі тең.
Қойды мыңнан өткерген
Нарынның қара құмдары-ай,
Жылқыны санға жеткізген
Еділдің иір сулары-ай.
Арқаның алпыс саласы
Қалың ағаш нулары-ай.
Бұлбұл құстай сайраған
Ақындардың жырлары-ай.
Түйені қомды көрсеткен
Атыраудың ащы сулары-ай.
Жылқыны санға жеткізген
Арқаның тарау боздары-ай.
Ер халықтың қорғаны-ай,
Арыстан туған ерлерім
Көк найзасын толғады-ай.
Батырларым бас қосып,
Жасанған жауға тиген ер,
Береңгі сауыт киген ер,
Беліне алмас ілген ер.
Жау дегенде шаттанып,
Қуаныш етіп күлген ер.
Қарына садақ ілдірген
Əскерге сауыт кидірген,
Көрсе жауды бүлдірген,
Қыз-келіншек, байларды
Қуанышпенен күлдірген.
Дəулет пен бақты ел көрген,
Ел тілегін ап берген,
Кемді басқа теңгерген,
Алдына сауыт өңгерген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу