03.05.2022
  1026


Автор: Нұрпейіс Байғанин

Алпамыс батыр жыры

Ертеде Байбөрі, Байсары деген бай болған, төрт түлік малға сай болған. Қанша дəулет бітсе де, екеуі де бір перзентке зар болған. Бір баланың зарынан қайғымен көңілі шер болған. Екеуі де қайғылы, əрі бай, əрі батыр, Үйсін, Қоңырат елінде байлық екеуінен өтпеген. Дəулетін айтсаң тəрбия, малға адамның аузы жетпеген (көптігінен). Өмірі жүрді өкпемен, дəулетінің рахатын көрген еді. Екеуі де қайырлы, нашарға жəрдем бер- ген еді. Екеуі де бір бала көре алмай аңсап, өксіп, шөлдеп еді. Екеуінің өнері асқан, екеуі де мерген еді. Аулының арасы алыс, жері шалыс, екеуі бірін-бірі көрмеген, тек атағына таныс. Байбөрі Байсарыға құмар болады. Байбөрімен жолдас болып бір жүрмекке, сыр айтысып, таныс болып жай білмекке Бай- сары да құмар болады. Байбөрімен бас қоспаққа, құшақтасып достаспаққа. Үйсін, Қоңырат елінде, Жиделі Байсын жерінде Шандархан деген ханның қарау шенінде, киік пенен құланның көп мекен етіп, Шөлмəшіл дейтін көлінде ағашты, нулы, жан бармайтын, аңнан бөтен ештеңе жоқ жер. Киік, құлан, арқар, бұлан, тау тайлақ, жолбарыс, арыстан сондай-сондай мақұлықтардың мекені.


Байбөрі Байсарыға кісі жіберді: – Ел арасы алыс еді, атағың


бізге таныс еді. Атақ болып, таныс болмаған екеуімізге де намыс еді. Байсарыға бар, сəлемін айт, – деді, – құр атың білгеннен не мəселе бар, екеуіміз дидар жүзді көрелік. Сексен жігітті қосшы алып, Шөлмəшіл көлінің бойынан аң атып келемін, – деді. Ха- бар барды Байсарыға. Байбөрінің сəлемін қабыл алды. Бəлен күнде қырық кісімен Байсары Байбөрінің үйіне баратын бол- ды. Айтқан күні барып қонақ болды. Қонаққа құрмет қылып,


... екеуі сексен кісімен Шөлмəшіл көліне жүреді. Сонан кіл мергендер жиырма күнде көлге келеді. Шөлмəшіл – қамысты, нулы ағашты көл, айналасы тау. Аңды түсте шөлдеп құлаған уақытында мергендер жолын тосып жатады. Байбөрі, Байса- ры екеуі қатар жатып атады, түтін түтініне қосып атады. Неше күндей жатты. Көп күн күтіп атты. Екеуінің де мергендігі тең түсіп, атқандары он үш-он үштен құлады. Екеуі бір күні жай


 


сұрасты. Байлығы бірдей екен, ерлігі де сай екен, билігі де тең екен. Жастары құрдас болды. Перзент сұрасты. Екеуінің де əйелі жүкті еді. Іштеріндегі сырын айтысып, екеуі де сəл жы- ласып алды.


– Байбөрі, ал өнер-бағымыз, дəулет-малымыз, зарымыз қатар болды. Əйелдеріміз де жүкті болды. Кел, ақыреттік дос болайық. «Сүйек тамыр сүйеніп күнелтеді» деп еді, «құр достың артығын алысады» деп еді, кел, іштегі балаға құда болалық, – дейді. Сол арада Байбөрі мал салды. Байсары мал алатын болды. Бірін-бірі жемей, сыйласып құда болды.


Байбөрінің əйелі ұл туды. Ұлының атын Алпамыс қойды. Байсарының əйелі қыз туды, оның атын Гүлбаршын қойды. Екі бала он төртке келді. Татулықта болып жүрді. Адал алысып, татулық дəурен сүрді. Шандарханның қол астындағы байдың тойы болды. Қыз əкесі Байсарының Ақбозат деген хан қол астынан озып жүрген аты еді. Байсары Ақбозатты жаратты. Байбөрі Ақжал шұбар деген айғырын жаратты. Тұқымынан бəйгі алып келе жатқан ат. Байдың ұлы тойында ат шабыс бол- ды. Ат шабыс, көкпар алып қашу.



Талай батыр елде бар,
Шеттен келген ерде бар.
Той базарын қыздырған
Талай қайғы серіде бар.
Ат жүйрігін санасқан,
Кіндігінен жаратқан.
Алқымдарын үзілтіп,
Басын көкке қаратқан.
Сұлу, майда болсын деп,
10 Жал-құйрығын таратқан.
Аяқтан ұшқан тозаңын
Көкке ұшырып баратқан.
Аттың иесі кілең ер
Асынған қару болаттан.
 Ал деп шауып азамат,
Көп көруге таласқан.
Айқай салған ұранмен
Жаңғырықты жер, аспан.
Жалғасып қолдан қол асқан,
20 Көп көруге таласты,
Елдің батыл данасы.
Жағаласып, тартысты,
Мықты менен осалдың
Ашылды сонда арасы.
Пара-пара болады
Киген киім жағасы.
Көк бөріні тартулы,
Талайдың тауы қайтулы.
Осал қалып шегініп,
30 Мықтысы шықты айтулы,
Бір қатары торықты.
Астында аты зорықты,
Жүйрік ат, ердің мықтысы
Халыққа мəлім болыпты.
Байбөрі мен Байсары
Қарсы келіп құдасы
Бір-біріне жолықты.
Байбөріні көргенде
Байсары көңілі тарықты.
40 Айбаты шыққан батырдан
Сескеніп көңілі қорықты.
Көкпары тартқан бəйгіде
Құдаға бір сын болыпты.
Ат үстінен екеуі
Көкбөріге жабысты.
Ат үстінде алысты,
Екеуі де ойлады
Ар менен кек, намысты.
Құдаға бəйгі кес болды,
 50 Алысуменен кеш болды.
Бірін-бірі ала алмай,
Ер еңбегі еш болды.
Байсары сонда сөйледі:
– Байбөрі құдам сен едің,
Шын досың мен едім.
Осы сапар бəйгінің
Алдын алсам деп едім,
Əбірайын маған бер!
Достықпен айтқан себебім,
Бізге күлер ел, – деді,
60 Достым едің сен, – деді.
Жақсы атты маған бер, – деді,
Бəйгісін ал, Байбөрі,
Менен кейін кел, – деді.
– Иə, Байсары құдам сен едің,
Тату құдаң мен едім.
Жолсыз тілек тілеген,
Байсары, сенің нең еді?
Жөнсіз тілек тілейсің,
Сен ақылға кем едің.
70 Жолсыз айтпа сен, – деді,
Жолсыз айтқан сөзіңе
Салмаймын құлақ мен, – деді.
Арын қолдан бергендей,
Байбөрі сенен кем бе еді?
Арға – күйеу, дауға – жиен,
Жоқ деген сөз, – деді.
Сол мезгілде Байсары,
Қамшыменен сермеді.
Қамшыменен салысты,
80 Ат үстінен алысты.
Екі батыр ойлады
Ауыр, жедел намысты.
 Астындағы шұбарға
Байбөрі қамшы ұрады.
«Көкбөріні жібер» деп,
Құдасынан сұрады.
Ашуы күшті Байсары
Түскен тату құдасын
Қамшы дойырмен ұрады.
90 Байбөрідей батырдың
Ашуға іші қызады.
Бір-біріне екеуі
Асыра қамшы салады.
Намаздыгер уақытта
Қолындағы көкбөріні
Байбөрі жұлып алады.
Қайғылы болып Байсары
Үйіне қайтып барады.
Уақыт жетіп, күн батып,
100 Халық алды-алдына тарады.
Күніке сөйлейді:
– Е, Байсары, Байсары,
Қуарыңқы ажарың,
Жабылыңқы қабағың,
Ашу тұтқан секілді,
Неден қайтты қаяуың?
Жасырмастан сырыңды айт,
Кім сындырды назарың?
Тауың қайтты неліктен,
Суыды қалай базарың?
110 – Бəйбішесің сен, – деді,
Байсары батыр мен, – деді.
Құдай дескен Байбөрі
Тату құдам тең, – деді.
 Дос-дұшпанның ішінде,
Тіледім тілек мен дедім.
Бір тілегім бермеді,
Таба болып дұшпанға,
Ішіме толды шер, – деді.
Құдам деп тəуір көре алман,
120 Көкіректі шер алған.
Сағынып көрген Баршынды,
Баршын бала жарқынды
Еркімменен бере алман.
Дос-дұшпанға мат қылды,
Қорлығына көне алман.
Ерегіскен дұшпаннан
Жеделім менің кек алған.
Арам ниет залымды
Құдам бар деп не етейін.
130 Мақұл көрсең, Күніке,
Бұл қоныстан көшейін.
Ардақтаған жалғызым,
Баршынды бермей кетейін.
Осы ойлаған жеделге
Қалай да болса жетейін.
Қайрылмаймын жеріме,
Қайрылмаймын туған деп
Үйсін, Қоңырат еліне.
Өзім тірі жүргенде,
140 Гүлбаршындай баламды
Тауып қосам теңіне.
Босағада қалмаймын,
Отырармын сыйлықпен
Қалмақтың ханы Тайшық хан
Ордасының төріне.
Шын досына қас қылған,
Обалы, құда, өзіңе.
Жолдастығым, теңдігім
 Көрінбеді көзіне.
150 Осы сөзден шығамын
Қалай да болса шегіне.
Ерегіскен жер болды,
Ер тұрмай ма кегіне.
Күніке сонда жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Байсарының сөзіне
Арудың сағы сынады.
Дерт алып жүрегін,
Қайғы, қасірет сығады.
160 Қос бүйірін таянып,
Қайғыдан талып құлады.
Су бүркіп бетіне,
Есін жиып тұрады.
Тұрады да сөйлейді:
– Көшем дейсің, Байсары,
Бақыт, дəулет орнаған
Үйсін, қоңырат еліңнен,
Ата қоныс жеріңнен.
Кетсем дейсің, Байсары,
Ақылыңның кемінен.
170 Қоныстан көшкен ел оңбас,
Мəжіліс кетер төріңнен.
Ағайыннан айрылып,
Жатқа кетсең егерде
Қорықпаймысың өлімнен?
Нағылып қиып көшесің,
Орнаған дəулет жеріңді?
Нағылып қиып көшесің,
Үйсін, Қоңырат еліңді?
Нағылып қиып көшесің,
 180 Жасы үлкен қарт пенен
Заманы қатар теңіңнен?
Кек көре ме ер жігіт
Көңлің сүйген теңіңді.
Қоныстан көшу жол емес,
Ер тарығар болар ма,
Досынан көрген жəбірден,
Айырам деме Баршынды
Іште жатып қосылған
Алпамыс бала теңінен.
190 Ағайыннан айрылсаң,
Жылау кетпес көзіңнен.
Сүйенішер досы жоқ,
Медеуі кетер белінен.
Түгел тұрған ерлердің
Дұшпан жүрмейді шенінен.
Сындырма менің сағымды,
Байлама, батыр, бағыңды.
Қоныстан кеткен қиын іс
Жалғыздың ісі жазым-ды.
200 Көкбөріге таласып,
Құдаға көңілің ауырды.
Бопсаңды бөтен демейін,
Бəйбішеңмін, жолдасың,
Бер тілегін, мерейін.
Айтқаныма көндіріп,
Байбөрідей құдаңнан
Айыбын алып берейін.
Батыр, бұл ашуың оң емес,
Қатар құдаң Байбөрі
210 Біреуден біреу зор емес.
Кегін қолдан бергендей
Байбөрі құрбың қор емес.
Ашуланып арланба,
Сен ашуға алданба.
 Білікпен айтқан сөзімді
Аңғармай, батыр, қам қалма.
Іште жатып қосылған
Кек қылмаңыз балдарға.
Байбөрі сонда сөйлейді:
– Əй, Күніке, Күніке,
220 Сөйлеме, əйел, сен, – деді,
Сөйлей берген нең, – деді.
Бұл қорлыққа көнгендей
Байсары онан кем бе еді?
Ардақтап сүйген жалғызым,
Гүлбаршындай баламды
Бере алмаспын мен, – деді.
Өзім тірі жүргенде
Табармын қызға тең, – деді.
Көп қайғырма сен, əйел,
230 Үйді жыға бер, – деді.
Күніке сонда сөйлейді:
– Ықпалың жүрген күніңде,
Жүрген жоқ дұшпан шеніңнен.
Қадірің артық батырсың,
Көрмеген қорлық еліңнен.
Сансыз дəулет айдаған,
Көшпек болдың жеріңнен.
Айрылмақ болып сөйлейсің,
Қадірлес қатар теңіңнен.
Өз-өзіңнен бүліндің,
240 Ақылыңның кемінен.
Алыстап кетпес пе едің,
Ықпал, көңілің бұзылды.
Қор етесің түбінде
 Ардақтап сүйген қызыңды.
Осы айтқаныңды істесең,
Өзіңе ерік салғанда,
Байбөріден озарсың
Жаратпаймын түріңді.
Бір дұшпанның шетіне,
250 Ақ үйлі болып қонарсың.
Сəуелім шайтан болмаса,
Қайтып елге келе алмай,
Халықтың жүзін көре алмай,
Қас масқара боларсың.
Елден кеткен ерге сын,
Азарсың да тозарсың.
Ашу ерді сығады,
Ашуланып, шамданып,
Қамшыменен ұрады.
260 Көзден аққан қара жас
Омырауды жуады.
Қайғыменен сүрініп,
Күніке сыртқа шығады,
Əйелі үйді жығады.
Ақылды əйел саналы,
Алтын, күміс жасауды
Нарға артып таңады.
Сексен нарды жетелеп,
Жаяулап тартып барады.
270 Тимеген жерге табаны,
Күймеген күнге қабағы,
Күнікенің бар ма амалы?
Отыз екі жасында
Қайғының түскен заманы.
Жалаңаяқ аяғы
Бұрын-соңды Күнікенің
Маңдайы күнге күйген жоқ,
 Табаны жерге тиген жоқ,
Еш қиындық білген жоқ.
280 Тарлық көрген күн еді,
Қайғысы көрген шын еді.
Сары атанды жетелеп,
Төте жолмен төтелеп,
Бейшара жаяу жүреді.
Көш үстінде зарланды,
Қайғыменен сандалды.
Зарланбай жазған нағылсын,
Тек сексен нар болмаса,
Сансыз дəулет мал қалды.
290 Қара орман менен жиған зат
Артында ессіз қам қалды.
Сол секілді Күнікенің
Ақылы ойран дал қалды.
Көшті тартып Күніке
Амалсыздан жөнелді.
Тəрбия менен дəулеттен
Кеткен күнде не көрді?
Ханым басы бақырдың
Бейне күңге теңелді.
300 Көңілі толған құсада,
Көкірекке шер енді.
Арада күндер өтеді,
Жаяулап өмір өшеді.
Неше күндер өткенде,
Ну қамысты көк бұлақ
Соған келіп жетеді.
Дем алуға Байбөрі
Он бес күн қоныс етеді.
Көк бұлақты мекен еткенсін,
Үйдің иесі Байсары
Қарауыл қарап кетеді.
 Биік тауға жанасты,
Белге буған садақты,
Қару түрлі жарақты.
Тау басына шықты да
Қарауыл батыр қарапты.
Елсіздегі сол жерден
Киік пен құлан аң атты,
Сансыз аңды құлатты.
320 Астындағы атына
Атқан аңды жапа артты.
Күн сегіз күн болады,
Бір жетіге толады,
Атқан аңын сояды.
Он бес күні біткен соң
Қоныстан тағы көшеді.
Көшіп-қонып жүрумен
Арада үш ай өтеді.
Үшінші айдың жүзінде,
330 Тап сол жылы күзінде,
Мұнар шалған қара тау
Басына келіп жетеді.
Таудан аққан бұлаққа
Күнікені қондырды.
Тайшық ханның еліне
Өзі жалғыз кетеді.
Таудан қала көрініп,
Ердің көңілі өседі.
Хан шəріне келеді,
340 Келе сөйлей береді.
Сондағы ердің сөзі еді,
Қасына келген адамға:
− Мен бір шыққан ер едім.
Үйсін, Қоңырат елімнен,
Жиделі Байсын жерімнен,
 Атақтының өзі едім.
Жүрмеген дұшпан шенімнен,
Тайшық ханға келуге,
Дидар жүзін көруге,
350 Ықылас көңілім бөлінген.
Тайшық ханға сəлем айт,
Байсары атты ер едім,
Тайшықты іздеп келемін.
Ұлықсат етсең егерде,
Хан ажарын көремін.
Өмірімде айтар сөзімді
Өзіне айтып беремін.
Хан Тайшыққа айтып бар,
Ұлықсат болса қонамын,
360 Ханға қонақ боламын.
Тек осынымды айтып бар,
Ендігі сөзді қоямын.
Хабарға барған адам үйге келді,
Тайшықтың тақта отырған көзін көрді.
– Бір мейман түсем дейді ат үстінде, –
Деді де хан Тайшыққа хабар берді,
Келгенін сонда Тайшық мақұл көрді.
Айтатын көкірекке сөзін сайлап,
Ішіне шарбақтың атын байлап,
370 Бұрынғы өткен ашу еске түсіп,
Бұрынғы ой да, кегі іште қайнап.
Ордаға қол қусырып кіріп келді,
Көргесін Тайшық ханды гүл-гүл жайнап.
Байсары қол қусырып келіседі,
Тайшық хан құшақ жайып көріседі.
Байсары батыр кісі,
Сүйісіп екі беттен өбіседі.
Көрмесе де атына сырттан қанық
 Байсары Тайшық ханмен келіседі.
380 Екеуі бірге отырып сөйлескенде
Сияғы, жарастығы келіседі.
Кемдік жоқ Байсарыда келбет-сияқ,
Көп халық аталасып көріседі.
Байсары батыр келгенсін,
Тайшық ханның көңілін
Қуаныш орнап жайнады.
Арақ пенен шарапты
Түр-түрімен сайлады.
Байсарыға бақыт орнады,
390 Құрметі үшін қонақтың
Ойыншылар ойнады,
Толғаушы, жыршы толғады.
Байсарыдай батырға
Осындай бақыт орнады.
Хан – халықтың қорғаны,
Əрбір түрлі құрметті
Байбөріге көрсетіп,
Қамтемесі болмады.
Əлқисса, қонақ болады. Жатқанына бір жетіге толады. Бір
жетінің соңынан батыр ұлықсат сұрады. – Не жайлы жүрсің? –
деп хан бүйімін сұрады. Батыр ханға тағзым етіп тұрады.
– Ал, Тайшық хан сен едің,
400 Байсары атты ер едім,
Алыстан іздеп келемін.
Жүзіңді көріп қауышып,
Сыр сөйлессем деп едім.
Жұмысымды сұрадың,
Айтайын жүрген себебім,
Іздегенім сен едің.
Сізбен сыбай қонуға,
 Ауыл, үйлес болуға,
Асық болып келемін.
410 Сен атағың шыққан данышпан,
Мен атағы шыққан арыстан,
Талайменен алысқан.
Атағыңды естіп сыртыңнан,
Ғашық болып алыстан.
Талақ салдым елімді,
Қоныс еткен жерімді.
Жылқыны мыңнан асырған
Бетегелі белімді.
Жыныс ағаш көк шалғын,
420 Айдын шалқар көлімді.
Іздеп таптым алыстан
Тайшық хан атты теңімді.
Ықылас пенен көңілім,
Досым, саған берілді.
Өзімнің туған халқымнан,
Айырып көштім шегімді.
Сен хансың да, мен батыр,
Ойлаймын намыс, кегімді.
Жазғытұры жайлауға
430 Қамысты нулы көл керек.
Көк шалғынды сай менен
Көк көделі бел керек.
Іздеп келген досыңа
Лайық қоныс, жер керек.
Қонақты сыйлап бағуға,
Ықылас пенен жөн керек.
Мекен шəрді салуға,
Жергілікті шын қоныс,
Өзіме арнап алуға
440 Ұзын өзен, су керек.
Шəрдің сəні болуға
Жеміс ағаш, ну керек.
 Төңкерілген көдесі
Орқаш бұйрат құм керек.
Шалғын шөбі нұрланған
Бидайықты шым керек,
Осы қоныс шын керек.
Ер қадірін білетін
Атақты сіздей ер керек,
450 Ерді сыйлар тең керек.
Тура достық көрсеткен
Ақырында сен керек.
Тайшық хан сонда сөйлейді:
– Айтулының өзі едің,
Атыңды естіп алыстан,
Бір көріссем деп едім.
Байтақ-ұлан халықтың
Аузындағы сөзі едің,
Ерліктің асқан белі едің.
Керегіңді айта бер,
460 Қалағаның беремін.
Не десең де көнемін,
Досым саған сенемін.
Ессіз жатқан жеріміз,
Ұлан-байтақ еліміз,
Ел қонбаған көліміз,
Қонысты байқап келіңіз.
Сексен жолдас беремін,
Шын досыңа сеніңіз.
Елге келген қонаққа,
470 Сыйлық етер жеріміз.
Қарауымнан қонысты
Қамтемесіз көріңіз.
Қол астымдағы жерімнен
Қалағаның сенікі,
 Қалғаны жердің менікі.
Байсарыдай батырдың
Қысқармайды өрісі.
Байсары, сізге берілсін
Қоныстың миуа жемісі.
480 Досының сөзін Байсары
Сонда мақұл көріпті.
Сексен жолдас беріпті,
Жолдастар бірге еріпті.
Қай қонысты алса да
Батырға берген ерікті.
Атқа қамшы басады,
Қоныстан қоныс асады.
Көрген жерінің кемі жоқ,
Қай қонысты алам деп,
490 Батырың сонда сасады.
Қабырғаға кеңесіп,
Батыр ойға салады.
Шығанақты ақ дария
Ақ дарияға барады.
Ойға алғаны теп-тегіс
Көңіліне жағады.
«Мекендеп шəрді салам» деп,
«Осы лайық маған» деп,
Ер қағазға жазады.
500 Ырза болып қонысқа
Тайшыққа қайтып барады.
Байсары келіп сөйлейді:
– Тегіс көрдім жеріңді,
Өзен, дария көліңді.
Жылқыға жайлы кер құмың,
Асу-асу беліңді.
 Біріне-бірі жарасқан,
Миуа ағаш күнмен таласқан.
Елге келген қонаққа
Лайықтысын қарасқан.
510 Салқын соққан самалдан
Рахаты көп екен.
Ақдарияға шəр салған,
Қамтеме ерде жоқ екен.
Жібергесін еркіме
Миуасы көп ақ дария
Үй салуым жол екен.
Іздеген ханға қауыштым,
Ақ талабым оң екен.
Рахатты жер таптым,
520 Несібе, бағым зор екен.
Тайшық ханға барайын,
Көңілімдегі арманды
Баяндап, сөйлеп қарайын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Дарияға үй салайын.
Үйді топтан оздырып,
Хан еркіме жіберсе
Болыскіден салайын.
Айналаның үзігін
530 Шын күмістен жабайын.
Кəдір, бағым басымда
Айналам болсын тас қорған.
Алтын сырмен сырлатып,
Лағылдан болсын сарайым.
Мақұл көрсе Тайшық хан
Осының бəрін қалайын.
Қамтемесіз тілекті
Түгел тілеп алайын.
 Қасында бар көп жолдас
540 Армансыз қоныс көрісіп.
Желігісіп, желісіп,
Бір-біріне сенісіп,
Хан Тайшыққа келген жер,
Келіп сəлем берген жер.
Байсарының көңілінде
Аралап тегіс көрген жер.
Миуалы жеміс дарияны
Көңілі қалап келген жер.
Қасында сексен жолдасы
550 Бір-біріне шенішті,
Хан алдына келісті.
Ханға сəлем берісті,
Қол алысып көрісті.
Байсары сөз бастады,
Көзіменен көргеннен
Өзен, су менен қалың ну,
Қонысты байқап келгеннен,
Жер аралап көргеннен,
Батыр еді Байсары
560 Көкірегі желденген.
Əуелден-ақ көңіліне
Шайтан кеулеп жел берген.
Істеген ісін Тайшық хан:
– Теріс емес, оң, – деді,
Менің бағым зор, – деді.
Сізіңменен қауыштым,
Несібем артық, мол, – деді.
– Қонысыңның кемі жоқ,
Ағысты, нулы ақ дария
570 Қалағаным сол, – деді.
Мақұл көрсең, Тайшық хан,
Қалаған жерімді аламын.
 Үй салдыру қонысқа
Осы менің талабым.
Қол астыңнан оздырып,
Жəрдем етсең қонақ деп,
Болыскіден нақыштап,
Жарқыратып саламын.
Үйдің сəні болуға,
580 Күмістен үзік жабамын.
Алтын сырдан сырлатып,
Ұлықсатың шын болса,
Алдымнан сарай саламын.
Сізге салған кеңесім –
Ел билеген төресің.
Осы айтқан талабым,
Тайшық хан, қалай көресің?
Бегілеріңмен кеңесіп,
Мақұл десең, тақсыр хан,
590 Ақ дарияны бересің.
Тайшық хан сонда сөйлейді:
– Байбөрі, айттың ханыңа,
Қоныс көрген жайыңнан.
Ақылың артық кісісің,
Жақсы менен жаманды
Білікпенен айырған.
Іздеп келген досымсың,
Не десең де қайырман.
Аямаймын, шын досым,
Қарауымнан барымды.
600 Іздеп келген қонақсың,
Ойлауым керек арымды.
Қалағаныңды ала бер,
Беруден тартпан қарымды.
Қол астымды жияйын,
 Игі жақсы адаммен
Мəслихат қылайын.
Ізге келген батырсың,
Жиылып келген халыққа
Мəнісін баян қылайын.
610 Ықыласың жүрген досымсың,
Қайт болмас сенің райың,
Ырзалықпенен сөйлесіп,
Ізгілерді жияйын,
Азамат басын құрайын.
Не десең де, ақ қабыл,
Айтқаныма тұрайын.
Дүниеде керектен
Қамтемесіз қылайын.
Ақын жырын жолдасын,
620 Бұрынғы өтіп кеткеннен
Қызыл тілім жолдасын.
Тайшық хан сонда шақыртты,
Білімді ерлер толғасын,
Ақылгөй сырлас қолдасын,
Ел, бастық ерлер келед деп,
Сырлатып, сəндеп ордасын.
Кіл уəзірді ақылгөй
Хан шақыртып келіпті.
«Білімділер келсін» деп,
630 Тайшық хан əмір беріпті.
Хан əмірі екі емес,
Не айтса да ерікті.
Қашаннанғы жолдасы
Бəрі сырлас серік-ті.
Уəзірі ақылгөй
Қашаннан да шенішті.
Бастан айтып көрсетті,
Байсары жүрген көп істі.
Ханның айтқан мəніске
 640 Түсінісіп сеністі.
Ордаға келген би мен бек
Бердік десіп ерікті.
Құрметтеп сыйлауды
Баршасы дұрыс көріпті.
Ер келгені мақтаныш
Жиылып келген халықтың
Көңілі жұмсап еріпті.
Келген бектер бəрісі
Біршілікпен келісті.
650 Уəде қылды қонақты
Сыйлықпенен бағуға,
Батырдың көңілін табуға.
Басы Тайшық халықтың
Байсарыға жағуға.
Хан құралы кеңесті,
Кеңескенде не десті:
Байсарыға сыйлықтан
Бой тартатын емес-ті.
Оңаша шығып кеңескен
660 Кілең мықты шонықтар.
Кеңескенде не дескен,
Қол тартпасқа сөйлесті:
– Байсарыға керектен
Қалауын беру жол болар,
Келгесін досым себеппен.
Несі басшы басшының
Қонаққа қорған болмаса.
Елшілікке лайық,
Жолдастарым, сол болар –
670 Қонақтың қамын ойласа.
Ықылас пенен сыйлықпен
Жақсы бағып қорғаса.
Қорғалап бізге кім жуыр,
Еш панамыз болмаса.
 Ел бастаған ерлерге
Шын сынықтық сол болар,
Мейманын бақпай, қорласа.
Құрметтеу, үй салу,
Достарым, болсын талабың.
680 Мақұл болса бəріңе,
Қалаған үйін саламын.
Байсарыны құрметтеп,
Дүнияша бағамын.
Уəзірлер шаттанды,
Елге батыр келгенге
Қуанысып мақтанды.
Бастығы халық Тайшық хан
Мақұлдасып баршасы
Үй салуды басқарды.
690 Ажарланып беглер өңделді,
Дариядан қоныс жер берді.
Байсары батыр досына
Уəзірлік шен берді.
Бастық болып халықты
Байсары қонақ меңгерді.
Не десең де айтқанын
Қалмақтың халқы жөн көрді.
Үй салдырып, пəт берді,
Үйдің ішін көркейтіп
700 Ажар беріп, сəн берді.
Қазынаның мүлкінен
Төрт түлік бөліп мал берді.
Сол дарияға қонады,
Шарбағы малға толады.
Қарағайдан салдырды
Малға сарай қораны.
Ағаштан шынар қақтырып,
Алыстан аула орады.
 Қақпасын сырлап салдырып,
710 Мұндай сыйлық көргенсін
Ел қонағы Байсары
Қуанышты болады.
Осы қонысты, қалаған жерін алып, Тайшық хан күшіменен үй салып, неше түрлі сарай салдырып, керегінің бəрі даяр
болып, Тайшық хан сонда Байсарыға: – Не қамтемең бар, досым? – деген.
– Еш қамтемем жоқ. Мен іздеп келген көңілімнен шықтың.
Қашан да бір тілекте достықпенен өтемін, мақсатым болды.
Тəрбия берген мал-мүлкіңе көңілім толды. Достығыңа, құрметіңе рахмет айтамын.
Үйсін, Қоңырат елінде, Жиделі Байсын жерінде, Байбөрінің
баласы Алпамыс жасында балалармен ойнап жүргенде, асық
ойнап, өте тентек болды. Асықты ұтса ұтып алып, ұтылса ызаланып тартып алатын еді. Өте бұзық, тентек болды. Содан
кейін ақыл тоқтатып, он бестен он алтыға шықты. Жасынан
күресіп балуанға тұрды. Бір жиында Түйе балуан дейтін əйгілі,
атақты балуан жасы жиырмада екен. Күрес деп айқайлағанда
беліне қыл шылбырды төрт қабаттап байлап он алты жасар Алпамыс шықты.
Жауырыны екі кез,
Алақандай екі көз.
Мақтасақ сияр соған сөз,
Толғап қойса мойны кез.
Сауыры жалпақ жуан сан,
Адамда мықты туған паң.
Келбет пенен келіске
Халықта жоқ мұндай жан.
720 «Жығылам» жоқ ойында,
Келбетінде міні жоқ,
Келбетті сымбат бойында.
Қоңырауы күлдірлеп,
 Түйе балуан ер шықты
Халықтың жиын тойында.
Əуелден алып атанған,
Мықтылық нəсіп сыйында.
Жібек белбеу белінде,
Төрт қабаттап байлаулы,
730 Оттай көзі жайнаулы.
Баланы былғап ұрам деп,
Күші тасып қайнаулы.
Жас Алпамыс сескеніп,
Онан қорқып таймаулы.
Тамашаға таңданып,
Халық көзін салыпты.
Жас та болса Алпамыс,
Білігі артық барықты.
Қорқып, сасу ойда жоқ,
740 Күркіреп тұрған балуанға
Маң-маң басып барыпты.
Бурадай-ақ бұрқылдап,
Түйе балуан баланың
Белінен ұстай алыпты.
Сүбеден қысып көтеріп,
Балуан күшін салыпты.
Аудара алмай табанын
«Не болды, – деп, – күшіме»,
Іші оттай жаныпты.
750 Кез-келген жерден ұстасып,
Бірін-бірі ырғайды.
Жағаласып, алысып,
Демалып тоқтап тұрмайды.
Түйе балуан əр жерде
Көрген жоқ мықты мұндайды.
Түйе балуан арланды,
Ашуланып кəрланды,
Қаһарланып шамданды.
 «Не болды? – деп, – өзіме»,
760 Күшін жиып қамданды.
Білеудей тамыр жіктеліп,
Бет-ажары түктеніп,
Аямай бойда қайратын,
Шығарды балуан айбарын.
Алпамыспен күресте
Көрмеді күштің пайдасын.
Неше түрлі амалмен,
Салса да түрлі айласын.
Қалайша амал етсе де
770 Алпамыс бала болмады.
Алпамыс алып кезекті,
Олай-былай толғады.
Толғап-ырғап тұрады,
Күшінен медет сұрады.
Байбөрінің шырағы.
Қатты ақырып, кəрленіп,
Балуанды жерге ұрады.
Түбінен кескен теректей,
Қоңыраулы батыр құлады.
780 Асық жілік морт етіп,
Ортасынан сынады.
Алпамыс бала істеген,
Бұл жұмысын тындырды.
Сүйіндіріп достарын,
Қуанышпен күлдірді,
Халыққа күшін білдірді.
Халық ырза балуанға
Ырза болмай не қылсын.
Қоңыраулы балуанның
790 Жілігін үзіп сындырды.
Балуанның мықты жетесі,
Күштің артық көкесі.
 Түйе балуан мықтының
Келіпті жылап шешесі.
Шыдамайтын балаға,
Ананың, сірə, бəтесі.
Сонда шешесінің жылап тұрып сөйлегені:
– Байбөрінің оңбағыр,
Оңар күнің болмағыр,
Көңіліңе қайғы орнағыр.
800 Балуансынып, ерсініп,
Жілігін балам сындырдың,
Қайғыға көңілім тұндырдың.
Байбөрінің оңбағыр,
Жалғызымның денесін
Халық алдында бүлдірдің.
Мықты болсаң сен, – деді,
Айтайын бір сөз мен, – деді.
Ар-намысың ойламай,
Сен ақылға кем, – деді.
810 Жесірің кетті қалмаққа,
Жігерің артық ер болсаң,
Мұнда жүрген нең, – деді.
Білгенімді жас бала,
Саған айтып қарайын.
Жеделді туған ер болсаң,
Жадыңа сөз салайын.
Батыр, намыс ойласаң,
Лайықты күшіңе
Бала саған табайын.
820 Бұ мəністің айтайын
Тағайындап талайын.
Байбөрі мен Байсары –
Екі елдің қайсары.
Жасық болсаң егер де,
 Алпамыс, тауың қайтады.
Достарыңнан сұрасаң
Мəнісін түгел айтады.
Екеуі де ер еді,
Жасы құрдас тең еді.
830 Елсіздегі Шөлмəшіл,
Қамысты нулы көл еді.
Жағалай жыныс көп ағаш,
Мəуелеп шыққан терегі.
Байбөрі мен Байсары
Сексен кісі жолдаспен
Аң атуға келеді.
Құралменен сəні көп,
Екеуі де асқан бай,
Жан жетпейтін малы көп,
840 Рахат, дəулет көргені.
Үйсін, Қоңырат елінің,
Екі батыр мергені.
Қырық-қырық кісіден,
Аң ататын мергендер
Жолдас болып ергені.
Ел арасы алыс-ты,
Бұрын жоқ-ты бұлардың
Бірін-бірі көргені.
Аң атуға мергендер
850 Осы көлдің бойына,
Ұшырасып келгені.
Есендесіп, көрісіп,
Көл басында тұрады,
Мəні-жайды сұрады.
Бір-біріне танысып,
Сөзін баян қылады.
Тентектікпен соқтығып,
Кез-келгенге тиесің.
Намысың күшті ер болсаң,
 860 Қатты ашуға күйесің.
Ар-намысың бар болса,
Қалмаққа кеткен жесірің
Гүлбаршынды сүйесің.
Жесіріңді іздеп бармасаң,
Қалмақтан тартып алмасаң,
Оймен ойлап аңдасаң,
Қайғы шығар өзіңе.
Мат боларсың, Алпамыс,
Дос-дұшпанның сөзіне.
870 Бетке соғып дос-дұшпан,
Ертең-ақ айтар көзіңе.
Көңілменен ойласаң
Сынықтық болар өзіңе.
Ер жеделді бола ма,
Жүйрік таңдай мінбеген?
Алмас, болат қылышты,
Балдақтан белге ілмеген?
Гүлбаршынды іздеп бармасаң,
Халық болмас күлмеген.
880 Батыр, батыл ер болсаң,
Жесіріңді іздеп барарсың,
Дұшпаннан тартып аларсың.
Егер іздеп бармасаң,
Абыройсыз, əдепсіз
Алпамыс, атақ табарсың.
Жігітке ерлік қона ма,
Он алтыға келгенше,
Ерлер атқа мінбей ме,
Жасанып қару ілмей ме?
890 Жасанып тұрған көп жауға,
Жападан жалғыз тимей ме?
Жауға кеткен аршын төс
Жесірін алып сүймей ме?
Егер іздеп бармасаң,
 Аруыңды тартып алмасаң,
Сыртыңнан халық күлмей ме?
Он алты жасқа толғаның,
Ата-анаң тілекші,
Алпамыс сенің қорғаның.
900 Гүлбаршынды іздеп бармасаң,
Қолынан қалмақ алмасаң,
Халыққа күлкі болғаның.
Жеделсіз жаман болмасаң,
Менің айтып болғаным.
Сол Алпамыс алыптың
Алып-ұшып жүрегі,
Қызғын тапты сүйегі.
Ашуланып, шамданып,
Үйіне қарай жүреді.
910 Байбөрінің боз орда
Айбаттанып ашумен,
Еңкеш келіп кіреді,
Түрегеліп тұрады.
Оттай жайнап екі көз,
Ашуланған сияғы,
Кемпір-шалдың шырағы.
Түсінен шошып баланың,
Əкесі мен шешесі:
– Не болды? – деп сұрады.
920 – Ата-анам сен едің,
Жалғыз балаң мен едім,
Қайғыға батып келемін.
Жасында кеткен қалмаққа,
Гүлбаршындай досымды
Əлі айтпаған нең едің?
Ашу қысып арланып,
Келіп тұрған себебім
Шын айтатын жеріңіз,
 Қалай кетті Байсары,
930 Бағдарын айтып беріңіз.
Іште жатып қосылған
Гүлбаршын досым теңіміз.
Өтірік айтпа, шыныңды айт,
Не де болса көніңіз.
Түсіндір, қарттар, сөзіме,
Қаһарлансам, кім шыдар,
Сарыжамның кезіне?
Енді тұрман елімде,
Үйсін, Қоңырат жерінде,
940 Қосылу керек кешікпей,
Іште жатып қосылған
Гүлбаршындай теңіме.
Аман болсам шығамын,
Асудың асқар беліне.
Тəуекел етіп жетермін,
Ерлік, бақыт төріне.
– Əкеңнің дəулет малы бар,
Алтын, күміс тағы бар,
Тəрбие мен сəні бар.
950 Үйсін, Қоңырат елінен,
Жиделі Байсын жерінен,
Теңіңді іздеп тауып ал.
Дүйім қалың еліңнен,
Жалғызың қалай табылар.
Жедерленіп шамданбай,
Халықтан сұлу, ару қыз
Таңдап алсаң не қылар.
– Байбөрідей жан ата,
Сындырма менің сағымды,
960 Байлама, əке, бағымды,
Қолдан бермен арымды.
 Мен дұшпанға қор қылман,
Іште жатып қосылған
Гүлбаршындай жарымды.
Гүлбаршынның жолынан
Еш тартпаймын қарымды.
Тұлпар мініп, ту ұстау,
Əке, менің сəнім-ді.
Шешесі ақыл ойлап тұр,
970 Көңілін тоқсан толғап тұр.
Тоқтамасын баланың
Көңілмен сынап болжап тұр:
– Кетемін дедің, балам, амал жоқ,
Сен кеткен соң қолымнан,
Бұрынғы дəуір заман жоқ,
Тілегімде алаң жоқ.
Сен кеткен соң не болар,
Он үш жасар Қалимаш,
Толықсыған толқын жас.
980 Қызғалдақтай қалқамның,
Қайғымен болар көңілі пəс.
Сен кеткесін қиындық,
Көз салар бізге дұшпан қас.
Бұлсыздар бізге бұл болар,
Тілімді алсаң кетпе еш,
Қара орман жиған гүл болар.
Бізге қожа кім болар,
Малай менен құл болар.
Қарындасың Қалимаш,
990 Жібек шашы жүн болар.
Бауырынан айрылып,
Кеңшілікке мұң болар.
Ата-анаңның көргені
Қараңғы түнек түн болар.
Көздің жасы көл болып,
Көкірек қайғы кір болар.
 – Не де болсам, ата-анам,
Маңдайымнан көрермін.
Қазам жетсе егер де,
1000 Үйде отырсам да өлермін.
Қайғы шегіп қамықпа,
Ажалсыз болсам келермін.
Жеделім күшті, қайрат көп,
Бұл жауды құртып жеңермін.
Қарындасы Қалимаш,
Бірге туған бауырлас.
Он үш жасар баладан
Мұндай ақыл табылмас.
Жас та болса со бала,
1010 Айтар сөзден жаңылмас.
Қалимаш сонда жылап тұр,
Жылаумен өзін бұлап тұр.
Кететінін ағаның
Ақылымен сынап тұр:
– Алдымда өскен қорғаным,
Он үш жасқа толғаным.
Қызғалдақ едім жайнаған,
Сен кеткесін, бауырым,
Қызғалдақ қурап солғаным.
1020 Он үш жыл саған ергенім,
Бір күнгідей болмадың.
Қаршадайын күнімнен
Ішімді қайғы торладың.
Сенен бөтен панам жоқ,
Суалып күнім болғаным.
Өтірік емес, шын болар,
Əлі-ақ азып-тозбағым.
Өрен жорға тағалы,
Таланды қыздар ...
 1030 Мен келмесе игі еді.
Қайғылы күннің қараны.
Қыз ардақты болмағы,
Бауырының заманы.
Кеңшілікте бəрі дос,
Сен кеткен соң, бауырым,
Достықтың болар түбі бос.
Арықтың көңілі тарық-ты,
Бізде болмас көңіл хош.
Жылқыдағы жүйрікті
1040 Ұлтан құл шабар жайдақтап.
Ат жаратып өктемсіп,
Бəйгіге қосар байрақтап.
Əкемнің ақбоз ордаға
Құлдар шығар ойнақтап.
Жалтаң көз болып жүрермін,
Екі көзім болып жүрерміз,
Екі көзім жайнақтап.
Қорғап қоршар адам жоқ,
Жанашыр кісі маған жоқ.
1050 Сен кеткесін бауыр деп,
Жан ашитын жаран жоқ.
– Мен қайтпас батыр нөсермін,
Мақсатыма жетермін.
Ұлтан, Құлтай екі ағаң,
Екі бірдей кəрімді,
Қалимаш жан бауырды
Тапсырып айтып кетермін.
Тұлпар мініп ту ұстап,
Тайшық ханның еліне,
1060 Үш айшылық жеріне
Көп кешікпей жетермін.
Жауыздықты жау болса,
Көк найзаны төсермін.
 Қарсыласқан дұшпанды
Алмаспен турап кесермін.
Қынға салған көк қанжар,
Кездессе дұшпан есермін.
Айдаған нəсіп бар шығар,
Ырыздыққа нетермін.
1070 Шыдамас бауыр, қарағым,
Артынан өскен балаға.
Ұлтан саған немере,
Тапсырамын ағама.
Тумаса да тұтынған
Ұлтан бөтен кісі емес,
Тапсырам сені жана да.
Тұлпар мініп ту алған,
Ұлтан да ердің өзі еді
Халыққа ісі сыналған.
1080 Əуелде құл болса да,
Ерлікпен болған кəдірлі,
Басына бақыт құралған.
Жауға кетіп барам деп,
Баршынды іздеп табам деп,
Қыл жалаулы қалмақтан,
Теңімді тартым алам деп.
Ұлтан ерге айтармын
Атам менен анамды,
Қалимаштай қалқамды,
1090 Өз қолыңнан алам деп.
Аттанар жауға кезімде,
Екі ағаңа айтармын
Көңілімдегі сөзімді.
Қайғыланба, қарағым,
Ұлтан менен Құлтайға
Тапсырамын өзіңді.
 – Мұңымды айттым, туысқан,
Алдымда өскен ағама,
Қалай болар замана.
1100 Ұлтан, Құлтай екі ағаң,
Қорған болса игі еді ау,
Атаң менен анаңа,
Жақыныңнан жау тағын
Көңілі қашпаса игі еді,
Ақырында қараға.
Алдымда өскен қорғаным,
Аман барып, есен қайт,
Жаным сенен садаға.
Алпамыстай батыр-ай,
1110 Қалимашты қия алмай
Толықсиды жүрегі.
Алпамыстың үстінде
Бауырының тілегі.
Бауырымен қоштасып,
Маңдайынан сүйеді.
Əке менен шешеге
Жалыныштық қылады.
Əкесінен бір тұлпар
Тауып бер деп сұрады.
1120 Сонда əкесі балаға
Білімін айтып тұрады:
– Менің мінген шұбарым,
Жас күнімнен көп мініп,
Тартқан еді құмарым.
Кəртайып қалды жануар,
Тұлпардың таңда шынарын.
Көп жылқыға барыңыз,
Ұлтан мен Құлтайға
Барып ақыл салыңыз.
1130 Өзің де сынап тұлпардан
Таңдап мініп алыңыз.
Ырзалықпен ақ бата,
Ал, қолыңды жайыңыз.
Атаң менен анаңнан,
Ықылас еттім, шырағым,
Ізгі жолға барыңыз.
Ұлтан менен Құлтайға
Алпамыс ер барады.
Жылқыдағы Ұлтанды
Інісі іздеп табады.
Немере Құлтай ағасын
Ұлтан атты ағасы
Тез шақыртып алады.
– Құлтай ағам сен, – деді,
Ұлтан, жақын кел, – деді.
Сөзімді тыңдап көр, – деді,
1147 Сапарға шықтым мен, – деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу