👈 қаріп өлшемі 👉

  02.05.2022
  270


АЙ МЕН БҰЛТ

Ерте, ерте, ертеде бұлттар да аспандағы ай-жұлдызбен қатарлас аспан денесі болған деседі. Сондай ескі заманда түнгі аспанды сәулесіне бөлеп, жүзінен нұр шашып тұратын айға бір шөкім бұлт ғашық болыпты. Сансыз жұлдыздың ішінен дараланып тұрған жарық ай алғашында будақ бұлтқа мән бермейтін. Бірақ үлпілдеген аппақ бұлт Ай-аруға ұнау үшін түрлі пішін жасап, оның көңілін табуға тырысып бақты.


Бір аспанды мекендеп, жиі жолыға бергесін бе, әлде бұлттың балауса сезімі айды баурап алды ма белгісіз, көп ұзамай бұлт пен ай ажырамас жұпқа айналды. Желсіз тынық күндері бұлт айды көруге асығып жететін. Ай да өзінің серігін сарылып күтетінді шығарды. Осылайша бұлт пен айдың махаббаты аспан жүзіне мәлім болды. Екеуінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі күн санап арта түсті. Күміс сәулелі ай мен мақтадай ақ бұлт қатар тұрғанда сондай сұлу көрінуші еді.


Бір күні аппақ бұлт өзі жоқта да айдың жарқырап тұра беретінін ойлап қатты қынжылады. «Мен оның жанында ұзақ тұра алмаймын. Ал күндіз ол менің қасымда болмайды. Бірақ, менсіз де ол күллі көк жүзіне, қала берді жер бетіне сәулесін шашып тұрады. Бұлай болмайды. Ол сұлулығын маған ғана арнау керек!» деген ой оған маза бермейді. Ұзақ уақыт ішіне ашу мен ыза сақтаған ақ мақтадай үлбіреген бұлт қара бұлтқа айналып кетеді. Қара бұлттың қызғанышы махаббатынан асып түсіп, айдың бетін жауып тынады. «Бұдан бұлай сені менен өзге ешкім де көрмеуі керек. Сенің аппақ арайың да, сұлу сәулең де енді тек менікі», – дейді бұлт булығып.


Сөйтіп аспанның ажарына айналған айдың бетін қара бұлт бүркеп тұрды. Адамдарға қараңғыда жол көрсетіп, жұлдыздармен еркін сырласып үйренген ай қанша қиналса да сүйіктісіне қарсы ештеңе істей алмады. Содан бері, ай сәулесін қытықтап ойнайтын толқындар да көңілсіз. Жарығынан айырылған аспан да қаңырап қалды. Адамдар да түн болса аспаннан айды іздейтін еді.


Қара бұлттың қуанышы ұзаққа барған жоқ. Көлеңке түскен айдың енді мүлдем жарық шаша алмайтынын ұқты. Мұндай қорлыққа төзбей кеткен ай бір күні ағынан жарылады:


– Құлақ салшы қара бұлт, махаббат деген осындай бола ма? Сен мейіріміңнен, мен жарығымнан айырылдым. Аспанның да берекесін қашырдық. Сүю деген бір-бірін тұншықтыру емес, керісінше қолдау емес пе?


Осы сөзді естіген бұлттың жанары жасқа толады. Ішінде жиналған қызғаныш пен өкініш тамшыға айналып, жер бетіне төгілген екен. Сол сәтте астан-кестең болып күн күркіреп, нағыз нөсер басталыпты. Бұлттың оғаш мінезін көрмеген айдың зәре құты қалмады. Біртіндеп жаңбыр тамшысына айналып, ғайыпқа сіңіп бара жатқан бұлт сол сәтте өз бойынан бір ұшқын шығарып оны айға сыйлайды. Бұл күн күркірегенде ғана көрінетін найзағай болатын.


– Мені кешір, ару Ай. Сенің міндетің – жарқырау. Менің оған бөгет болуға хақым жоқ екен. Осы шырақты алып бойыңа дарытсаң, әлі де талай ғасыр сөнбей тұрасың, – деп бұлт ғайып болды.


Қара бұлттың соңғы аманатын қабыл алған ай содан бері жарқырап тұрады екен. Жерге тамшы болып түсіп, көк жүзіне бу болып қайта барса да, бұлт ешқашан ғарыштағы ғашығына жете алмапты.


Күн күркіреп, найзағай жарқ етіп, аспанды қара бұлт қаптап кетсе – қорықпаңыз. Бұл, айды сағынған бұлттың күрсінгені шығар…


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы