02.05.2022
  1256


Автор: Махаева Айым

ТРЕНИНГ ӨТКІЗЕТІН ТАСБАҚА

Ертеде өзен жағасында жасы 300-ден асқан кәрі тасбақа өмір сүріпті. Тұла бойын әжім басқан қарияға көпті көрген деп барлық жануар құрмет көрсетеді екен. Сый-құрметке бөленудің рахатын сезінген тасекең бір күні мынандай «қулыққа» көшеді: «Онсыз да бұрынғыдай ширақ емеспін, мен неге ақыл сатып күн көрмеймін?». Осылайша тренинг өткізетін тасбақа жайлы хабар жан-жаққа тарап кетеді.


Тасбақа көп жасады деген аты болмаса, өмірден түйгені аздау болатын. Бірақ келген жанның ешбірін кеңессіз қалдырған жоқ. Аз ғана уақытта тасбақадан ақыл сұрауға қасқыр келіпті.


– Уа, ақсақал көмек бер. Мен түнімен ұйықтай алмай жүрмін. Айдың жарығы бетіме түссе болды, аспанға қарап ұлып шығамын. Осы әдетімді қалай қойсам болады? – дейді.


Тасбақа ойланбастан «Түнде көзіңе шүберек байлап ал. Сонда ай жарығын көрмейсің. Көрмесең, ұлымайсың. Ұйқың тыныш болады» – деп кеңес береді. Қасқыр тасбақаның ақылына риза болып қайтады. Осылайша қасқырдың өзін тыңдата алған кемеңгер тасбақаға табынатындар көбейді.


«Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса» демекші тасбақа да келушілерге ойына келгенді айта салатын болды.


Мойнының ұзындығынан ұялып келген керікке «бұдан бұлай еңкейіп жүр» десе, қорқақ қоянға «әр дыбыстан үркіп жүргенше, екі ұзын құлағыңды бір-біріне байлап ал, сонда ештеңе естімей тыныш өмір сүресің» – деп ақыл айтыпты. Айналасына жан жуытпайтын кірпіге инелерін жұлып тастауды ұсынса, ауыр жұмыстан шаршаған есекті «бәрін тастап арғымақтармен бәйгеге қатыс» деп жігердендіріп жіберген екен.


Тасбақаның ақылын тыңдаған жан-жануарлар оған сый-сияпаты мен сүйген асын әкеп беретін. Әбден тойынған тасбақа ойына келгенін айтып, арам тамаққа еті үйреніп алды. Шақырған жерден кешігіп жүретін ұлуға «арқаңдағы сауытыңды алып таста, жеңілдеп қаласың» деп, таңертең жұмысына ұйықтап қалып жүрген әтешті «таң атпай азан шақыруды қой. Әтеш деген атың бар. Ана қарамағыңдағы тауықтарды жұмса да, жата бер» деп «үкім оқыған» да осы тасбақа.


Күндердің күнінде кемеңгерден кеңесін алуға бір балық келіпті.


– Уа, ақсақал. Дүниеде бізден гөрі көрген білгеніңіз көп. Сізден ақыл сұрай келдім. Айтыңызшы, суда жүзіп бара жатсам ылғи да төбемнен салбырап тамақ түсіп тұрады. Кейде шұбалшын, кейде тәтті нан сияқты әр түрлі азық көрем. Айналасына ешкім бармайды. Өздері сондай дәмді көрінеді. Соларды алып жесем бола ма?


– Айналайын балықжан! Сүйген асың аспаннан салбырап алдыңнан шықса, одан неге қашасың?! Төбеден саған арнап түскен ғой. Несібеңнен қағылып жүресің бе? Қорықпай барып жей бер», – депті. Осыны естіп алып балық суға күмп береді. Жағалауда бейқам жатқан тасбақа сол жерде қала беріпті.


Ертесі күні өзен жағасына бір топ адам келіп сейіл құрады. Сәлден соң жайғасып, қармақтарын шығарып, суға салып қояды. Көп ұзамай қармақтың ұшына бір балық ілінеді. Сол сәт кәнігі балықшы қармағын тартып қалып, олжасын шелекке тастап үлгеріпті.


Өзінің емес, өзгенің ақылына сеніп оңай олжаға құныққан балық осылайша біреудің азығына айналған екен. Осының бәрін сырттан бақылап тұрған тасбақа «обалың жоқ!» депті де күншуақтап отыра беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Алпамыс Аружан
Алпамыс Аружан 27.09.2022 09:56
Өте керемет ертегі рахмет

Пікір жазу