Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  377


Автор: Рафаэль Ниязбек

КҮН СӘУЛЕСІ МЕНІ САҒЫНЫП


Адаспай әділ жолымнан,
Сұстанып суық қарама.
Тегеурінді темір қолымнан
Көк найзам сусып бара ма.
Азаптан қалай құтылам,
Азат күн тумай далама.
Тілекке жету қалайда –
Қағылған шеге санама.
Бағаналы терек жарылып,
Дүние тұрса тарылып,
Ой кешем үйде сарылып;
От кешем түзде сабылып, –
Басына қатер төнгенде,
Қасынан жұрттың табылып.
Исатай – өлген, мен – жалғыз
Жортамын қылыш тағынып.
Қау шөптей қалың көп тобыр
Не істейді маған жабылып?!
Тұс-тұстан жауым ағылып,
Оқ атса заман қағынып.
Сол жолда өліп кетсем де,
Құлшылық қылман бағынып.
Гүрзімен бастан соқса да,
Кірмеймін жерге қағылып.
Жерге егер кетсем қағылып,
Моламды жатар аймалап,
Күн сәулесі мені сағынып…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу