Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  139


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗАТ КҮНГЕ БІР ТАБАН ЖАҚЫНДАТЫП


Қандай асау болса да жүгендеймін,
Тағдырдың да етегін түргендеймін.
Ана жаққа аттанар күн жақын ба,
Қырға шығып, бой жазып жүргендеймін.
Жүре бермей тып-тыныш белес-белде,
Не бітірдім тағдырмен егескенде.
Теңдік қуып, қонбас ем атқа ақырып,
Азаттықтың алдымнан желі ескенде.
 Жарқын ұстап жүргенде жүзімді елде,
Салып ұрып жетті ме күзім демде.
Қауіптенгем үзіліп кетем бе деп,
Үсік шалып, үмітім үзілгенде.
Ала тайдай ел іші бүлінгенде,
Тапсам тапқан шығармын тілімнен де.
Көкірегім ақ жалын өртке толған,
Өкініштен өзегім тілінгенде.
Жоқ, өкінбен!
Мен әлі арайланам,
Көрем ылғи тұлғамды шар айнадан.
Теңдікке егер елімді жеткізбесем,
Ана жаққа ұялмай қалай барам.
Күннен-күнге кеңейіп кеңістігім,
Неге туын тікпесін жеңіс күнім.
Атқа мені қондырған
алалығы –
Ала-құла жаралған жер үстінің.
Сайлағасын хан етіп аласаны,
Елім қалай асудан дара асады.
Ана жаққа мен қалай аттанамын,
Хан ұлына теңгермей қарашаны.
Жүрегімді жасынға, жалқынға атып,
Дауылдатып өтемін, жаңбырлатып.
Жетпесем де тілекке,
кетем елді –
Азат күнге бір табан жақындатып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу