Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  87


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТЕҢДІККЕ ҚОЛЫҢ ЖЕТКЕНДЕ


Жайғасқан биік төбеге,
Жағынам неге төреге.
Бағынбай жүрген тағдырым,
Мені осал әлде көре ме?
Тағдырым жүрсе бағынбай,
Қала ма отым жағылмай.
Қараулық қару тағынса,
Мен қалай жүрем тағынбай, –
Із тастап Нарын құмына
Көшсем де соңғы сағымдай.
Жеткеріп жесір, жетімді,
Болашаққа түзеп бетімді,
Бұрқанып өтем өмірден
Бұрқаған дауыл секілді.
Тілінсе де қанша сауыры,
Сарқылмай келген сауыны, –
Асыл ер әлі көп туар
Болса аман қазақ қауымы.
Махамбет емес шығар-ау,
Нарынның соңғы дауылы.
Қылыштан өткір намысы,
Алаштың мен бір арысы.
 Махамбет емес шығар-ау,
Жайықтың соңғы барысы.
Қолына тимей теңдігі,
Кеппеген тоқым, терлігі, –
Махамбет емес шығар-ау,
Даланың соңғы Ерлігі.
Намыстың сынбай қайрағы,
Құласын неге Байрағы.
Махамбет емес шығар-ау,
Азаттықтың соңғы майданы.
Кең далам азап шеккенде,
Ат үстінде туғам текті елде.
Болашақ!
Мені есіңе ал
Теңдікке қолың жеткенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу