Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  111


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЛЕҢІМНІҢ АРҚАСЫ АТҚА МІНГЕН


Тыңда мені өрісті, өреңді Елім,
Мені өлтірді,
бірақ та мен өлмедім.
Жауған оқтан қорғады, жанған оттан,
Ар-намыс боп тулаған өлеңдерім.
Шамырқанып, өрт жаным күйінгенде,
Тартсам тартқан шығармын күйімді елде.
 Енді өлмеймін дедім мен
өлеңдерім
Сауыт болып үстіме киілгенде.
Жауым маған,
мен жауға ұмтылғанда,
Сауытымның жағасы жыртылған ба.
Дулығама айналған өлеңдерім,
Екіталай басыма күн туғанда.
Жанға мені балама өмірі өткен,
Көтергенде көгіне көңіл көктем.
Сұр садағым емес пе өлеңдерім,
Адырнасын өгіздей мөңіреткен.
Есем жауға, ел-жұртым, кетті деме,
Азамат ер мұндайда шет жүре ме.
Қалың жаудың көбесін қақыратқан,
Ызалы өлең, жырларым кекті жебе.
Асу барда алда әлі алынбаған,
Өрт жүрегім күн бар ма қабынбаған.
Алдаспаным емес пе өлеңдерім,
Қынабында даланың дамылдаған.
Ұялаған қайғы-мұң қабағына,
Жұрттың бәрі білікті, саналы ма?
Небір қилы шақтарда өжет жырым,
Қаруыма айналған, жарағыма.
Адасқанда жаңылып ер жолынан,
Ұры-қары қаптаған ел торыған.
Өлеңімнің арқасы атқа мінген,
Мен –
Махамбет атансам ел қорыған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу