Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  98


Автор: Рафаэль Ниязбек

МӘҢГІЛІКПІН

Өз халқымды өтемін текті көріп,
Көмілсем де тірідей тепкіленіп, –
Тас қоғамның сұп-суық қабағынан
Қараса да қадалып кек түнеріп.
Өлтірсе де ешқашан мен өлмеймін,
Болашаққа көз тігіп елеңдеймін.
Жарқыраймын алтындай толқын шайған,
Үстімдегі сауыттай көнермеймін.
Бір Махамбет туса да менен кейін,
Болашақта мен неге еленбейін, –
Қоғам терең көмсе де,
қараулықтың
Торын тоқып үйренген шебердейін.
Патшаға да,
ханға да илікпеген,
Өтті өмірім қайғылы күйікпенен.
Мені уақыт азапқа салған сайын
Рухым менің со ғұрлым биіктеген.
 Уақыттың алдында аласарып,
Тұрсын қалай тауы алып,
даласы алып?!
Болашақ мені биік көтерді,
Махамбеттің атында қала салып.
Көңілімнің толқыған терең көлі,
Неге ұмытсын туған ел, кең өлкені.
Қаруымды бойыма түгел асып,
Туған жоқпын анамнан мен өлгелі.
Құрыш қанша жоғалған жер бетінде,
Ұлыс қанша жоғалған жер бетінде.
Мәңгі жанған жұлдыздай жарқыраймын,
Ғасырлардың мен өшпей келбетінде.
Дала ауасын тазартып желдетемін,
Көктен кейде нөсер боп селдетемін.
Өмір өлмей ендеше мен де өлмеймін,
Мәңгілікпін,
мәңгіге мен кетемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу