Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  99


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕРГЕЛДЕҢДЕ ЖҮР ДЕМЕ

Азап, сордың бәріне көнген пенде,
Ғұмыр кештім сегіз жыл сергелдеңде.
 Қайғы есігін айқара тұрды ма ашып,
Дүниеге күркіреп мен келгенде.
Қызғыш құсым көлінен безінсе егер,
Қуғын көріп,
кеткенмін елден мен де.
Кім ойлаған тентіреп жүремін деп,
Хан ұлына қараны теңгергенде.
Жерге қарап қалам деп ойладым ба,
Жетім менен жесірге жер бергенде.
Ерлігімнен не көрдім?
Семсер болып,
Қасқыр мынау заманға сермелгенде.
Басқа түсті,
қайтемін көнбегенде,
Жалғыз жортып келемін бөрте белде.
Хан ордасын кетеді өртегім кеп,
Өзегімді бір өксік өртегенде.
Жатқа айналып үлгерсе өз баласы,
Боздамасын неге елдің боз даласы?
Қайдан түзу ұшады түтіні елдің,
Ақ патшаның түзелмей көз қарасы.
Кісен ерге салса егер, кісен елге,
Көзқарасы патшаның түзеле ме?
Түзу болса патшаның көз қарасы,
Құйрық-жалы жұртымның күзеле ме?!
Ел үшін де мың азап шеккім келіп,
Күннен-күнге барамын екпінге еніп.
Қалың жұртым көзіме елестейді,
Селдіреген қара орман секілденіп.
 Заман мынау қабарып тұнжыраған,
Сардаланы тулатпай шынжырлаған.
Жауыз қолдар жағама жармасқанда,
Алтын жағам қалды ма жыртылмаған.
Жығылмаса егерде шынары ұшып,
Асыл ерді жеңеді кім алысып?
Сергелдеңде жүр деме,
қолым менің
Алқымында заманның тұр қарысып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу