Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  97


Автор: Рафаэль Ниязбек

УАҚЫТТЫҢ ЖАСАҒАН ЗҰЛЫМДЫҒЫ ЕДІ


Мен де –
Құдайдың құлы,
Пайғамбардың үмбетімін,
Қақталғаны аз ба еді,
кепкен балық секілді
күнге етімнің.
Сөзін сөйлеп туғанмын,
Қорғаны жоқ
Қазақ деген кіл жетімнің.
Ел қорғаса ер жігіт қайда жүрген?
Қайдан даусы естілсін
сары иттің сайдағы үрген.
Бұл күндері:
Танымайды атасын атқа мінген,
Танымайды тәңірін тайға мінген.
Ханның құрғақ сөзіне халық тойған,
Қылқанына қақалған
талма түсте балық сойған.
Бұл халықты жалғанда кім ойласын,
Заманынан бөлініп қалып қойған.
Ары өтсе де Жайықтан –
жабылған абақтыға,
Бері өтсе де Жайықтан –
жабылған абақтыға.
Сонда, сонда бұл қазақты
Қорлық үшін жаратты ма?!
 Тарыдайын шашылған құм-белеңде,
Неге елімді қорғамайын
қарғыс атқан дүрбелеңде.
Не істеймін қысастықтың
Көк етегін найзамен түрмегенде.
Қайда жүрмек бұл қазақ?
Өз жерінде
Алшысынан тұрып,
Алшайып жүрмегенде.
Қысастық көп әрине шеттен кірген,
Бұл қазақты жұрт көріп текке жүрген.
Уақыттың жасаған зұлымдығы еді,
Мені атыма қондырып,
ызалы кектендірген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу