Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  90


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДӘУРЕНІМНІҢ ӨТКЕНІ МЕ?

Тағдыр қара құйындай үйіргенде,
Мендей өжет жоқ еді дүйім елде.
Алшысынан асығым түсуші еді,
Әуелетіп тақырға иіргенде.
Хан-төрелер қалшылдап қалтырайтын,
Жауар бұлттай қабағым түйілгенде.
Бастан дәурен өтер деп кім ойлаған,
Қайта айналып келе ме күйінгенде.
 Атып алған көкала үйректейін,
Тағдыр қайда тастайды сүйреп кейін?
Ақ орданың ішіне мен қадалып,
Неге жатып алмадым түйнектейін?!
Қуғын түссе Жайықтан неге өтпейін,
Толқын жарған кеудесін өжеттейін.
Нарын құмын бұл күнде жүрмін кезіп,
Бұталарға бұғынған көжектейін.
Таба алмай жүр мені іздеп жауым көптен,
Қорқыныш жоқ көңілге қауіп еткен.
Дәуренімнің шынымен өткені ме,
Арғымақтай тұсымнан шауып өткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу