Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  85


Автор: Рафаэль Ниязбек

САРДАЛАДА МАҢАЙЫН ҚАРАУЫЛДАП…


Зұлым күш кеп араға киліккенде,
Халықтан да қайран жоқ, биліктен де.
Хал кешесің түлкідей
Сары орыстың
Самұрығы аспаннан шүйліккенде.
Төнсе егерде түнеріп бұлт далаға,
Зардабынан аман-сау жұрт қала ма?
Ханнан аман кетсең де,
Сары орыстың
Самұрығы бәрібір құтқара ма?!
Жамандығын суырса ақпан етіп,
Тасын неге атпасын сақпан етіп.
Айдап салса қазақты қазаққа егер,
Даланы да үлгерген қақпан етіп.
Далаң алып қақпанға айналғасын,
Темір ноқта кимесін қайдан басың.
Басқан жерің бұғынған қақпан болса,
Қазақ қалай қыр кешіп сайрандасын.
 Жұлдыздайын жарқ етіп жайсаң сөнер,
Зұлымдыққа бұл қоғам қайдан шебер.
Сауыт киген ер қазақ не болады?
Қамыт киген өгізге айналса егер.
Жын қоғамда танаудан қармаққа асқан,
Қайда барып тығылсын зарлап қашқан.
Сардалада маңайын қарауылдап,
Аман жүрген аяғын аңдап басқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу