Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  208


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТТІҢ ӨТКЕН БҰЛА КҮНДЕРІН АҢСАУЫ


Адырнасын өгіздей мөңіреткен,
Алыс-жұлыс тірлікпен өмір өткен.
Қарай-қарай сағымға көзім талды,
Қара-құра көрінбей төңіректен.
Махамбет боп жаралсам мен егерде,
Не істеймін ел қамын жемегенде?
Қара қазақ баласын ардақ тұтып,
Хан ұлына мен едім теңеген де.
Жетпей желкем қиылсын деген жоқпын,
Жетім, жесір…
барлығын жебегенде.
Талай мәрте туымды желбіреткен,
Бір жақсылық күтемін зеңгір көктен.
Қараойға кеп топ етіп түстім білем,
Атылғанда мойны ұзын зеңбіректен.
Қайда барам бұл жерден ұзағанда,
Қырға шығам тоңазып мұздағанда.
 Ұстап мені бермек пе, кім біледі?
Тағдыр мені Қараойда ұстағанда.
Бұзып-жарып,
талқандап қайдан да өткен,
Махамбет ем жер-көкті майдан еткен.
Ақ Орданың есігін теуіп кірген
Қайран өжет күндерім қайда кеткен?
Қайда кеткен, япыр-ау, қайда кеткен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу