Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  336


Автор: Гүлманат Әуелхан

Қара түнді қақ жарып аласұрдым

Қара түнді қақ жарып аласұрдым,
Арғымағын көңілдің таң асырдым.
Алтын нұрын төбемнен себелетіп,
Құшағын ашты тағы жанашыр күн.

Маңдайымды үмітке өптіремін,
Өрекпіген кеудеммен көк тіредім.
Жайлауына жанымның гүл өсіріп,
Көңілімнің жапырып көк кілемін.

Сағым арман артынан қуаладым,
Мұңайамын біресе қуанамын.
Шөліркеген жүректің гүлзар бағын,
Өлең деген замзаммен суарамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу