Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  92


Автор: Гүлманат Әуелхан

Сен!

Сыздап тұрған жүрекке жүрген шақта ем іздеп,
Терезеңе қонамын көгершіндей жем іздеп.
Сағыныштың азабы батқан шақта жаныма,
Буырқана толқиды қиял деген теңіз боп.
Сендік көңіл көгіңе шуақ болып себілдім,
Арғымағым қыр аспай қайта-қайта тебіндім.
Күйбеңі көп күндердің, илеуі көп күндердің,
Сүрлеуіне түстім де,
Күрмеуіне көмілдім.
Қапалақтап қар жауды, қыстың әкеп сәлемін,
Түнмен сырлас жүрегің тұңғиықтау жан едің.
Боз жусаны жанымның бұрқыратар жұпарын,
Боз даладай көрінер менің тылсым әлемім.
Селкеу түссе сезімге, шабытқа ерік беремін.
Жырдан іздеп табамын көңілімнің қорегін.
Жапыраққа да тіл қатып, атырапқа да тіл қатып,
Сені ойлаған шағымда жеңе алмайды МЕНІ ӨЛІМ.
21.11.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу