Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  106


Автор: Гүлманат Әуелхан

Бір жанып үміт шамым бір өшеді...

Қойнына қара түннің құлап тұрып,
Ағады сылдыр-сылдыр бұлақ күліп.
Мен сені жүрегімнен жұлып алып,
Жібергем әлде қашан лақтырып.
Мен сенің өртегемін елесіңді,
Сол сәтте егескендей жел есірді.
Сонан соң кеттің мүлде ойдан көшіп,
Сезгендей мендік бақыт емесіңді.
Арманым қадамыма гүл өсірді,
Жүрегім қайталайды бір есімді.
Бұлдырап сен түсіме енген кезде,
Бір жағып үміт шамын,бір өшірді.
Сезімім намысымды жеңе алмады.
Көңілім көлгірсуге көне алмады.
Жырақтап мен өзіңнен кеткеніме
Әйтеуір сендік көңіл сене алмады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу