Өлеңдер ✍️

  29.04.2022
  358


Автор: Гүлманат Әуелхан

Қуаныш-қайғы егіз дүние

Қуаныш-қайғы егіз дүние,
Аспанның неге суық қабағы.
Толқыған мынау теңіз дүние,
Ішінен ғана тынып қарады.
Жалғанға мынау налып жүдедім,
Медет етемін жалбыз жырымды.
Күрсіне берді нәзік жүрегім,
Есіме салып жалғыздығымды.
Шығады екен жаңғырық неден,
Құсамды жүрдім бұқтырып көп күн.
Ғұмырды біздер мәңгілік деген,
Жалған екенін ұқтырып кеттің.
Өмірді құлай сүйсем бе екен?!
Түлкідей қызыл құбылып тұрған.
Шарпылып отқа күйсем бе екен,
Көңілмен мынау суынып тұрған.
Бейтаныс біреу сұқпыты бөтен,
Барады шырқап әнімді менің.
Өмірдің шулы базары мынау,
Жаулап барады жанымды менің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу