Өлеңдер ✍️

  29.04.2022
  279


Автор: Гүлманат Әуелхан

Адалдықтың бесігісің ауылым...

Тудыратын бөрі кеуде, тау ұлын,
Тарқатпаған сайраны мен сауығын.
Аңқылдаған,жарқылдаған қауымы,
Адалдықтың бесігісің ауылым.

Қасиеті тұнып тұрған боздалам,
Саулықтары шұрқыраған қоздаған.
Берекенің ұйтқысысың ауылым,
Бозжусан да бозінгені боздаған.

Күнін күймен, әнін таңмен атырған,
Абыз қарты Арыстандай ақырған.
Шығыс жақта ауылым бар ағайын,
Сабасымен сары қымыз сапырған.

Көк аспанға желбіреткен көк туын,
Басымыздан небір қилы өтті күн.
Ырғызбайдай әулие өткен бұл ауыл,
Құнанбайдай ізі қалған тектінің.


Өтті жұртым талай белең белестен,
Айдарынан ұлдарының жел ескен,
Төмпешікке ойлы көзбен көп қарап,
Қариялар ұзақ-ұзақ кеңескен.

Тұқыртқанда тірліктерді тасқала,
Ауыл саған оралады жасқана.
Қырмызы қыз күлімдейді жанары,
Асау тайды құлақтаса жас бала.

Қиялдары жарысатын құспенен,
Қазандары оттан бір сәт түспеген.
Ұлдары көп әке көріп оқ жонған,
Ана көріп менде тонды пішкен ем.

Білгің келсе біздер жайлі бауырым,
Құшақ жайып қарсы алады ауылым.
Бақыт қонған барқытбелің бауыры,
Туған өлке ТАРЛАН ТАУДА ауылым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу