Өлеңдер ✍️

  29.04.2022
  146


Автор: Гүлманат Әуелхан

Өң мен түс

Өң мен түс арасында аласұрып,
Тіледі жүрегімді қарасуық.
Көңілдің жер тарпиды арғымағы,
Шайнаған ауыздығын таңасырып.
Жанымда кілкіп тұрған сағынышым,
Қиялдың қырларынан ары асырып.

...Өткеннің жел мүжіген елестерін,
Өбеді маңдайымнан көмескі ерін.
Жапанда жалғыз қалған бәйтеректің,
Ең соңғы жапырағы емеспе едім...
Жүрегімді шомылдырып шуаққа

Ақ бұлттарға оранып ап түсімде,
Шексіздіктің әлемнің ішінде.
Жүрегімді шомылдырып шуаққа,
Ғұмыр кешем бұлдыр қиял пішінде.

Жұдырықтай жүрек деген түрменің,
Тұтқыны едім, ішке жұтқан түн демін.
Күрсінтеді желмаядай желісті,
Зулап өткен күндерім...

Жүріп өтті замананың көші мың,
Жаратқаннан сұрайтындай кешірім.
Ғасырлардың көмейінде тұншыққан,
Бір ғаріптің жазбақ па екен есімін.

Мәңгіліктің өшпес жырын жазамын,
Ең ғажайып, менің тәтті азабым.
Сәулелерін шашыратты Ай сұлу,
Сездірмекке ғажабын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу